Экономика • 05 Мамыр, 2021

Тоқтар Есіркепов: Экономика сегментіне елшілдік қажет

603 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жекешелендіру тарихын тәуелсіздік тарихынан бөле-жара қарай алмаймыз. Өткенге көз жүгіртсек, 1994 жылы 7 қараша күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысында жекешелендіру науқанының алғашқы нәтижелері талданды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар ЕСІРКЕПОВ осы жиында жекешелендіру науқанының барысы, алғашқы нәтижелері мен кемшіліктері жөніндегі тұжырымдамасын Үкімет пен Парламенттің назарына ұсынған еді. Экономист-ғалыммен әңгімеміз де осы төңіректе және қазіргі экономикалық ахуал жөнінде өрбіді.

Тоқтар Есіркепов: Экономика сегментіне елшілдік қажет

– Тоқтар Әбенұлы, жекешелендіру науқаны жөніндегі алғашқы жиын қалай өтіп еді? Бұл жөнінде басылымдар көп ештеңе жаза қоймапты. Бірақ сол кездің куәгерлері жекешелендірудің алғашқы науқанына толыққанды ашық баға берілген жиын деп еске алады...

– Бұл – еліміздегі жекешелендіру тақырыбына арналған алғашқы парламенттік тыңдау еді. Сол кездегі Экономикалық реформалар комитетінің атынан маған сөз берілді. Әкімшілік-әміршілік жүйеге негізделген жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшеміз деген әңгімелер азды-көпті айтыла бастаған кез еді, яғни мемлекеттік меншікті жекешелендірмей, нарықтық экономикаға өте алмайтынымыз жөнінде қоғам да хабардар бола бастаған. Алдымызда үлкен фундаменталдық және стратегиялық маңызы бар жұмыстар тұрды. Мұндай ауқымды жұмысты әлем тарихында бірде-бір ел жүргізбеген екен. Ондай қажеттілік те болмапты. Мысалы, Батыс елдерінде алғышарттары дайын болған, уақыты келгенде эволюциялық жолмен феодализмнен капитализге өткен болатын. Ал посткеңестік елдердің біразы феодализмнен социализмге, одан соң социализмнен капитализмге өтуге бағыт алды. Дүние жүзі бойынша бірде-бір ел мұндай жолмен капитализге келмепті. Тәжірибе жоқ жерде теория да болмайтыны белгілі.

– Осындай жағдайда Бүкіләлемдік банк, Халықаралық валюта қоры және тағы басқа қаржы институттары көмекке келіп, нарықтық жолға өткізудің бағдарламасын жасауға көмектесті деген ақпарат бар. Бұл бағдарлама кейін «Вашингтон пакты» деп аталған екен...

–  Бұл бағдарлама 10 бағыттан тұрды. Оның бірінші жолы – либерализация, екінші жолы – мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып, жекешелендіру жүргізу еді. Бұл бағдарлама нарықтық экономикаға өтетін елдерге басты құжат болды. Осыны негізге алып, әрбір ел өз бағдарламасын жасады. Біз бұл бағдарламаны 1990 жылы қабылдадық. Жекешелендіру туралы заң, бағдарлама, мемлекеттік мүлік туралы мемлекеттік комитет және басқа да құжаттар 1991 жылы қабылданды. Сол жылы елімізде жекешелендіру жұмыстары басталып та кетті. Ал 1992 жылдың алғашқы күндерінен бастап, Ресей шаруашылық байланыстарды, бағаны либерализациялап, жаңа жүйеге көшетінін жариялады.

Жекешелендіру туралы алғашқы парламенттік тыңдауда мен саланың қателіктері мен кемшіліктері жөнінде, қандай мәселеге айрықша назар аудару туралы баяндадым. Сол кезде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру туралы елімізде бар болғаны екі ғана заң қабылданған болатын. Алғашқысы – «Қазақ КСР-нің Мемлекет меншігінен алу және жекешелендіру туралы» заңы, екіншісі – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік ауылшаруашылық кәсіпорындарының мүлкін жекешелендіру ерекшеліктері туралы» заң.

– Сонда елімізде мемлекет мүлкін жекешелендіру мәселесін бір заң ғана реттеді ме? Мысалы, Чехияда жекешелендіру туралы 17 заң қабылданыпты...

– Өйткені бұл заң жекешелендіру туралы барлық дерлік құзырды Үкіметке берген. Екіншіден, жекешелендіру процесін жіктесек, оны үшке бөлуге болады: жекешелендіру саясатын анықтау, оны жүзеге асыру және бақылау. Осы үш қызмет те біздің заң бойынша атқарушы билікке берілген. Оның үстіне аталған қызметтер бір ғана комитеттің құзырында. Ол – Мемлекеттік мүлік туралы мемлекеттік комитет. Бұл комитетті «қазаншы» деп те атауға болады. Ал халқымыз «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса да» демеп пе еді?...

– «Көш жүре түзеледі». Қазір елде жекешелендірудің кезекті толқыны жүріп жатыр. Бұл науқан ұлттық инвесторларды қалыптастырады деп үміттенуге, қазаншының уысынан шықты деп сенуге бола ма?

– Қазір жағдай басқа. Елде тірнектеп жинаған тиын-тебені бар азаматтар жетеді. Қазір халыққа өз үлесін берудің мүмкіндіктері жетілдірілді. «Самұрық-Қазынаның» құрамындағы ұлттық компаниялар акциясының бір бөлігін неге халыққа тегін бермеске немесе ақшасын бөліп төлеуге мүмкіндік беретіндей тетіктерді қалыптастырмасқа?! Осыдан бірнеше жыл бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «жекешелендірілетін мемлекеттік мүлікті бизнесмендерге бөліп төлеуге немесе коммуналдық меншікті тегін берелік» деген ұсыныспен шыққаны есімізде. Палата сондай-ақ жекешелендіретін мүлікті сенімді басқаруға беріп, одан түскен пайда есебінен оны 5-10 жылдан соң сатып алатындай жағдайды қалыптастырудың тетіктерін алға тартты. Демек ниет танытсақ, мүмкіндік бар. Осы жолы халыққа бет бұрып, ұлттық инвесторлардың қалыптасуына жағдай жасамасақ, халық тағы да түксіз қалады. Біздің елде өте бай және өте кедей адамдар бар. Осы жолы халықтың үлесін беріп, орта таптың қалыптасуына жағдай жасамасақ, жағдай қиындап барады. Пандемиялық дағдарыс халықты да, Үкіметті де өкпеден қыса бастағанын көріп отырмыз.

– Қазір ғаламдық нарық күн сайын өзгеріп жатыр. Үкімет бағдарламасы өткен 1,5 жыл ішіндегі жағдайлар негізінде дайындалған. Ал күн сайын құбылған нарық Үкімет қабылдаған бағдарламаның ырқына бағына ма?

– Қазір банк басшыларының өзі барлық қиыншылық әлі алда екенін мойындайды. АҚШ, Еуропа, Ресей және басқа да елдерде дағдарыс уақыт өткен сайын тереңдеп бара жатыр. АҚШ, Қытай, Еуропа елдерінің экономикасы жақсармайынша, біздің еңсеміз де көтеріле қоймайды. Күні кешеге дейін шикізатқа иек артып келдік. Одақ тараған кезде шетелдік сарапшылар «жас, тәуелсіз елдер өз арбасын өздері сүйреп алып кете ала ма?» деген мақсатпен рейтинг жүргізген болатын. Соның қорытындысы бойынша Ресей өзін-өзі 67 пайыз, Қазақстан 27 пайыз отандық өнімдерімен қамтамасыз ете алады екен. Сол кезде Украинаның үлесі 17 пайыз ғана болатын. Бұл осыдан 30 жылдай бұрынғы жағдай. Ал содан бері не өзгерді? Төмендемесе, жоғарылаған жоқ. Оған шикізаттық, қаржылық, импорттық тәуелділік дегендерді «жамап» алдық. Байқап қарасаңыз, тәуелділіктің түрі көбейіп бара жатыр. Біздің экономикада ұлтжандылық жағы жетпей жатыр.

– Технологияға тәуелділік деген де бар...

– Ең оптимистік көзқарас бойынша біздің ішкі нарықта өндірген өнімдеріміздің 1,5 пайызы ғана инновациялық өнімдерге жатады. Есіңізде болсын, бұл ішкі нарықта ғана. Инновациялық өнімдердің болашағын өз қолымызбен жауып, ғылымның тынысын тығырыққа тіреп қойдық. Бұл кешегі мұнайдан түскен доллар буының екпіні ғой деп ойлаймын. Соңғы жылдары іргелі ғылыми-зерттеу институттарын акционерлік қоғамдарға және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге айналдыру үдерістері, ғылымды коммерцияландыру – ғылыми-технологияны өркендетудің тамырына балта шабу деп ойлаймын.

– ЕАЭО валюта батпырауығы деген жобаға да ниет таныта бастады. Мысалы, біздің жағдайымызда оның экономикалық-қаржылық базасы қандай болмақ?

– Бірыңғай валюта болу үшін, бірыңғай Үкімет және бірыңғай экономикалық жүйе керек. Долларды ұстап тұрған АҚШ экономикасы. Оған бүгін-ертең ешкім ықылас таныта қоймайды деп ойлаймын. Оған Қытай бара ма, АҚШ бара ма? Сондықтан бірыңғай валюта мәселесін көтеруге әлі ерте.

– Қазір дағдарыс жайлы екі түрлі пікір бар. Екінші тарап: «Біз дағдарыстың құшағынан пайданы да суырып аламыз» дегенге басымдық беретін тәрізді.

– Меніңше, бұл өз-өзіңді жұбату ғана. Егер отандық бизнес екі аяғынан тік тұрса, солай деуге де болар еді. Дәрінің 90 пайызы шетелден келіп жатыр, қытай мен түрік киіндіріп жатыр. Жұмыс істеп жатқан өндіріс орындары керек-жарағының 80 пайызын шетелден алады. Әзірге біз елдің айбынын асыратын бренд өнімдерімізбен таныла қойған жоқпыз. Қолдағы бар шикізат секторының иесінің кімдер екені және астық монополиясының құлағында отырған алпауыт компаниялар туралы ел-жұрт құлағдар болып қалды. Дағдарыстың құшағынан пайданы суырып алатындар да алдымен солар. Ал дағдарыстың салқыны қарапайым халыққа тиіп отыр. Сондықтан да жаңа қаралатын бюджетте халықты әлеуметтік қорғауға қосымша қаражат қарастырылғаны дұрыс болар еді.

– Екінші деңгейлі банктердің жұмысы қаншалықты ашық екенін дағдарыс көрсеткені белгілі. Еліміздің заңдарында банк секторы және басқа да қаржылық институттардың жұмысы ашық болу керек деп жазылған. Біздің қаржылық сектордағы ең осал, әлеуеті әлі ашылмаған сала – қор нарығы сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Елімізде 4 мыңнан астам акционерлік қоғамның аз ғана бөлігі қор нарығында жұмыс істейді. Оның өзінде де акцияларын емес, облигация немесе басқа да құралдарын ғана шығарады. Сондай-ақ банктердің дивидендтік саясаты да жұмбақ. Қор нарығында банктердің қанша табысын дивидендке жіберетіні туралы нақты мәлімет мүлдем жоқ. Банк басшылары алып жатқан әртүрлі бонус, сыйақылар жұртшылыққа жария болмаса, банкке деген сенім қайдан болмақ?! Біздің елімізде жұмыс істейтін акционерлік компаниялардың 35 пайызының ғана меншік иесі белгілі, ал қалған 65 пайызының иесі кім екенін ешкім білмейді. Не олар офшорда тұр, не бұл жерде белгілі бір топтардың мүддесі жатыр деген сөз.

– Сіздіңше, дәл қазір қай салаға жариялылық көбірек қажет?

– Дәл қазір жариялықты қажет етіп отырған мәселенің бірі – жерді пайдалану мәселесі. 2003 жылы «Жер Кодексі» шыққанда жерді пайдалану құқығын сатып алып жүргендер түгелдей меншіктеп алды. Бүгінде осының нақты есебі жоқ. Жердің иесі кім екенін жергілікті халық біле алмай отыр.

– Нарықтық экономика заңдылығына сай еліміздегі әр жер телімінің экономикалық бағасын белгілесек, онда үлкен көлемді жердің иелеріне дифференциальды рента төлетер едік деген пікірлер айтылып қалады.

– Мұндайда әлгі бос жер қожайындары оны өз еркімен мемлекет меншігіне өткізіп берер еді. Өйткені игерілмеген жер салығы қымбаттайды. Бұл ұсыныс талай рет көтеріліп, құзырлы мекеме де құлағдар болған. Бірақ оны қабылдамады, нақтырақ айтқанда, қабылдағысы жоқ. Жерге қатысты көп ақпарат жасырын. Оны жасырып отырған да жоғарыдағылар. Өйткені бұл цифрдың барлығы шенеуніктердің өздеріне қатысты.

– Басты қиындық шаруашылықтың біржақты дамуында еді дегенге көбірек басымдық беретін сияқтысыз. Экономикалық байланыстардың үзілуі, біртұтас экономикалық кеңістікте болған республикалардың көк теңіздегі «аралдар» сияқты оқшаулануы аз салмақ болған жоқ қой?

– Экономиканың басқа салаларын қалпына келтіру үшін қаржы көздерін іздеуге кірістік. Бұл үшін екінші деңгейдегі банктерді құруға және оларды дамытуға қолдау жасалды. Бұл экономикамыздың күре тамырына «қан жүгіртті», яғни банктер аяқтарынан тұрып алған соң, шетелдерден арзан қаржы әкеле бастады. Экономикамыз біртіндеп қалпына түсіп, оның өсу қарқыны артты. Мысалы, банк пен құрылыс секторларының еліміздің ішкі жалпы өнімінің соңғы жылдардағы өсіміне айтарлықтай үлес қосып келгенін білеміз. Белгілі қаржыгер Дәулет Сембаевтың айтуынша, банктердің кредиттік қоржыны қаржы дағдарысының қарсаңында 63 млрд долларды құраған. Қандай инвестор осындай қаржы әкеліп, оны экономикаға сала алар еді? Біздің банктер, өкінішке қарай, қызды-қыздымен сырттан қаржыландыруға әбден дәнігіп алды, соған сәйкес жылдан жылға олардың қарызы да өсе берді. Мұның қауіпті екенін Дүниежүзілік банк те, Халықаралық валюта қоры да ескерте бастады. Осы қарқынмен қарыз алудың түбі жақсылыққа әкелмейтінін олардың қайта-қайта айта бастағанына талай уақыт болды.

– Сіз сонда коммерциялық банктер оңтайлы шешім қабылдай алмады дегіңіз келе ме?

– Қазір әлемдік қаржы нарығындағы күрделі ахуалға байланысты еліміздің банктері үшін сыртқы капитал нарқына шығу мүмкіндігі шектелді. Сырттан қаржы тарту қымбаттап кетті, яғни бүкіл экономикамыз, оның ішінде ең алдымен, банк секторы тек ішкі қаржы көздеріне тәуелді болып қалды. Банктердің ел экономикасын несиелендіру мүмкіндігі күрт төмендеді. Мәселен, соңғы бірнеше жылда несиелендіру қарқынының өсімі 56 пайызға дейін болып келсе, енді оның қайталанбауы мүмкін. Банк жүйесінің ағымдық өтімділік дағдарысының кез келген дағдарыс сияқты пайдалы жағы да жоқ емес. Ең алдымен, ағылған қаржы көлемін шектеп, экономиканың «қызуын» бәсеңсітіп, оның объективті тепе-теңдігін қалпына келтіріп, ақшаның құнын көтереді. Сонымен қатар экономиканың қаржы «сіңіру» қабілетін жақсартып, оның тұрақты дамуына қажетті шарттарды – банк жүйесі мен қор нарығы, нақты сектор мен қаржы секторы және макроэкономикалық тұрақтылықты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ