Әдебиет • 06 Мамыр, 2021

...ішкі дайындығым піспей жатыр

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шартарапты шарлаған пандемия басталғалы әлемде де, елімізде де көптеген өзгеріс орын алды. Экономиканың түрлі салаларынан бөлек, қо­ғамның мәдени-рухани тір­шілігі де тоқтап қалған кездер болды. Осы бір «оқшаулану уақыты» шығармашылық ие­леріне қалай әсер етті?

Әдеби сауалдамамыздың ке­зек­ті авторы – «Құрмет» орде­нінің иегері, ақын Светқали Нұржан.

 

...ішкі дайындығым піспей жатыр

– Әрине, шағын өлеңдер сәтіне қарай жазыла береді ғой. Соңғы жылдары бірталай көлемді дүниелер әкеліппін. «Кіші Қияметтегі Қазақ­стан» атты әфсана-хикая дастандар шоғыры, «Баба-дастан» деген тарихи дастандар циклі аясындағы шығармалар, драмалық туындылар, тәржімалар, эсселер дүниеге келді. Олардың әлі де жазыла беретін түрі бар. Сондай-ақ, «Мағдауият майданы» атты синкретті сипаттағы екі том еңбек жазылу үстінде. Екінші томының тынғысы қойылуға тақау… Айтпақшы, бұлар некен-нұқан болмаса, әзір тұтастай баспа жүзін көре қойған жоқ. Әзірге – осы.

Ал жазылмай, толғағы жетпей, кілті табылмай жатқан нәрселер шаш-етектен… Бір парасын ғана айтайын. Менің Ұлы би Едіге, Хан Тоқтамыс, Әмір Темір заманы туралы толғанғаныма біраз болды. Кілті қолға түспей жүр. Түссе, қалғаны қиын болмас еді. Әз Тәукенің сардары, қазақ жадында талай ертек-аңыздарға арқау болған Есенғұлұлы Есек-Мерген батыр жайлы тарихи-публицистикалық жанрдағы еңбек жазғым келіп жүр. Материалдары дайын, бірақ ішкі дайындығым піспей жатыр. Одан кейін, көптен ұлы жобасы кеудемде қаланып жатқан «Тас кітапқа» кірісетін шығармын. Қалғанын Құдай ғұмыр берсе, уақыт көрсетер… «Семіздеу сөйлеп» қой­сам, мәртебелі оқырманнан алдын-ала ғафу өтінемін. Барым – осы.

– Шығармашылық сырыңызбен бөліскеніңізге рахмет.