Аталған мәселе жөнінде алғашқы болып Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Оның сөзіне сүйенсек, 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамына нақтылау енгізілген.
«Макрокөрсеткіштер болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы үрдістерді ескере отырып, нақтыланды. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5 пайыздан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6 пайызға дейін жетті. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды.
Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі биыл 4,3 пайыз және 6 пайызды құрайды. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8 пайыздан 3,1 пайызға дейін жақсарды. Осылайша, экономикалық өсім қалпына келеді.
Бұл ретте номиналды ішкі жалпы өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің белсенді өсуі есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1 пайыздан 5,2 пайызға дейін көтерілді.
Құрылыста жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үйдің берілуіне байланысты болжам 2,5 пайыздан 5 пайызға дейін жақсарды. Ақпарат пен байланыста IT қызметтерге сұраныстың өсу нәтижесінде болжам 3,8 пайыздан 6,5 пайызға дейін ұлғайды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға, яғни 52,2 млрд долларға дейін көбеймек. Импорт 37,1 млрд долларды көрсетті. Инфляция бұрын бекітілген 4-6 пайыз дәлізде сақталды», деді министр. Осылайша, 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланып, республикалық бюджет кірістері трансферттерді есепке алмағанда, 7 трлн 204 млрд теңге көлемінде бағаланады.
«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 трлн 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 трлн 850 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Республикалық бюджет шығыстары 15 трлн 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге қатысты 3,5 пайыз деңгейінде», деді Әсет Ерғалиев.
Бұдан кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлеріне бірқатар өзгеріс енгізілген.
«Республикалық бюджет түсімдері 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 12,6 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге 3,5 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 1,3 трлн теңгеге артып, 15,3 трлн теңгені құрайды.
Нақтылау жобасында қаражатты мынадай бағыттар бойынша бөлу көзделген. Бірінші, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру. Оған жалпы сомасы 884 млрд теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен жолдарды салу және реконструкциялау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және «Ауыл – ел бесiгi» бағдарламасы шеңберінде ауылдарды жаңғырту бойынша шаралар қабылданады. Екінші, коронавирустық инфекциямен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды қаржыландыруға 265 млрд теңге қарастырылған. Үшінші, Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындау.
Бюджетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік бағыттылығы сақталған. Ал нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұл туралы бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Атап айтқанда, оның 723 млрд теңге сомасындағы едәуір үлкен бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған. Бұл бағытты ынталандыру орта мерзімде елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді. Нәтижесінде, осы саланың шығыстары 2,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстар көлемінің шамамен 16 пайызы көлемінде жоспарланып отыр.
Бюджеттің әлеуметтік саласы жалпы алғанда 374 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені немесе жалпы шығыстардың 48,7 пайызын құрайды. Күш құрылымдарының шығыстары 211 млрд теңгеге өсіп, 1,6 трлн теңге сомасында жоспарланған.
Жалпы, мемлекеттік шығыстар 80 млрд теңгеге қысқартылып, 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл блок шығыстарының азаюы Президенттің бастамаларына арналған резервті қайта бөлумен байланысты.
Қосымша шығыстардың айтарлықтай үлесі нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетінін атап өту қажет. Олардың жалпы сомасы 539 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 335 млрд теңге», деді Ерұлан Жамаубаев.
Сондай-ақ аталған заң жобасы жөнінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев та баяндама жасап, ақша-кредит саласындағы бірқатар мәселеге тоқталды.
«Ұлттық банк инфляцияның 2021 жылдың соңына қарай 4-6 пайыз деңгейге дейін көтерілетінін күтеді. 2020 жылы 7,5 пайызға дейін үдеуі карантиндік шаралар жағдайында шикізат пен өнім жеткізудің іркілістеріне, азық-түлік бағасының өсуіне байланысты», деді Ерболат Досаев.
Отырыс барысында депутаттар бюджетке қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, сапасы сын көтермейтін жол құрылысына, оның уақтылы аяқталуына қатысты кемшіліктерге ерекше мән берді. Осы жөнінде Нұрлан Нығматулин пікір білдірді.
«Жасыратыны жоқ, бәріміз қар түсіп кетсе де, жол жөндеп жатқанын жиі көріп жүрміз. Кейде бір жыл өтпей жатып, қайтадан жөндеу жасап жатқанын да көреміз. Бұл нені көрсетеді? Біріншіден, сапалы конкурс өткізу үшін сапалы компания табу үшін уақыт жетіспейді. Екіншіден, барлық жұмыс асығыс жасалады. Әрине, одан кейін ешқандай сапа болмайды. Ал бюджеттен қанша ақша кетіп жатыр?! Өткен айда бұл туралы Президент те айтты. Қазір 140 млрд теңгені тағы берейін деп отырмыз», деді Мәжіліс Төрағасы. Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне осынша қаражат бөлгеннен кейін, нәтиже, яғни сапалы жолдар болуы керектігін айтты.
Республикалық бюджет туралы заңнамалық түзетулер бойынша қорытынды жасаған Нұрлан Нығматулин: «Бүгінгі бюджетте әдеттегідей әлеуметтік қолдауға, денсаулық сақтауға, білім, еңбекпен қамту салаларына, және жол құрылысы, тағы басқа да маңызды бағытты жүзеге асыруға қосымша қаражат қаралды. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сессияның ашылуында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Ендігі міндет – бөлінген қаражатты алға қойған мақсаттарға тиімді пайдалану. Әрине, бұл мәселелер Мәжіліс депутаттарының да бақылауында болады», деді.
Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар «Сайлау туралы» Конституциялық заң жобасы мен ілеспе заң жобасы мақұлдады. Құжатқа сәйкес әкімдікке кандидаттарды саяси партиялардың ұсынуы да, азаматтардың өзін өзі ұсынуы да көзделеді. Кандидаттарды тіркеу, кандидатураны алып тастау тәртібі, әкімді сайлау кезінде дауыстарды санау, осы сайлаудың қорытындысын анықтау және жариялау тәртібі белгіленеді.
Құжатта барлық деңгейдегі сайлауда берілетін бюллетеньдерге «барлығына қарсы» бағаны енгізіледі. Саяси партиялар үшін Парламент Мәжілісіне өту шегі төмендетіледі. Сондай-ақ заң жобасында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға қатысты нормалар қамтылған.
Заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір елімізде 2345 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады.
«Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес біліктілік талаптарына сай келген және 25 жасқа толған еліміздің кез келген азаматы сайлана алады. Сондай-ақ саяси партия мүшелері және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайызына қол жинаған кандидаттар сайлауға түсе алады. Бұл ретте аудан әкімінің, егер кандидаттар болмаған не біреуі ғана ұсынылған жағдайда, екі не бір кандидаты ұсынуға құқығы бар.
Заң жобасында барлық кандидат үшін ең төменгі жалақы мөлшерінде сайлау жарнасын енгізу көзделген. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады. Өз кезегінде сайланған әкім жүргізіп жатқан жұмысы үшін тұрғындарға есеп береді», деді Әсет Ерғалиев.
Осы ретте Мәжіліс Төрағасы бірқатар мәселеге назар аударды. «Заң жобасы тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленді. Онда Президентіміздің саяси партияларға және сайлауда берілетін бюллетеньге қатысты ұсыныстары енгізілді. Сонымен бірге ауылдың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды қамтамасыз ететін жаңа нормалар қабылданды. Осының барлығы – Мемлекет басшысының саяси жаңғырту бастамаларын заңнамалық қолдауға арналған тағы бір нақты қадам», деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, ол – ең алдымен, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуге және әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін нығайтуға жаңа серпін береді.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.
Сондай-ақ отырыста заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы жұмысқа алынды.