«Егер осы іс толықтай қолға алынса, алдағы бес жылда бұл мамандық иелеріне деген сұраныс азаяды. Алайда ол үшін ең бірінші әкімдіктердің қолдауы қажет әрі жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне де қараймыз», дейді министрлік өкілі.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 3 мыңға жуық учаскелік полиция бекеті жұмыс істейтін болса, оның 700-ге жуығы қалаларда, ал 2 мыңнан астамы ауыл-аймақтарда орналасқан. Министрліктің жоспары бойынша жылына 35 арнайы мобильді бекет ашу да қолға алынған үлкен бастаманың бірі. «Бұл мақсатта ІІМ әрбір өңірлік әкіммен ынтымақтастық туралы тиісті меморандум жасасып, бірқатар аймақта бұл жоспар нақты жүзеге асырылып та келеді. Мәселен биыл Ақтөбе өңірінде – 5, Солтүстік Қазақстан облысында 2 стационарлық полиция бекеті пайдалануға берілді», дейді бұл жөнінде А.Милюк.
Полицияның сервистік моделін енгізудің басты ерекшелігі штат пен полиция құрылымын оңтайландыруға қатысты. Тәртіп сақшыларының әлеуметтік жағдайын жақсарту, полиция қызметін бағалаудың жаңа критерийлерін енгізу және ведомстволық білім беруді жаңғырту – міне, халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтарын талап ететін модельдің басты көздегені осылар. «Ал ұлттық сервистік модельді дамытудағы үш негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады, дейді ведомство қызметкері. – Біріншісі – қарапайым халық пен полицияның байланысын барынша жеңілдету, азаматтардың хабарламаларына жедел әрекет етуге бағытталған қадамдық қолжетімділік. Екіншісі – қауіп-қатерлерді уақтылы жою, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Үшіншісі – халықпен тығыз серіктестік орнату. Себебі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері көбіне-көп өңірлерде өзектілігін жоймай келеді».
Алайда бір жайтты айта кетуіміз керек. Елордада қанатқақты жобаны жүзеге асыру аясында 2 мыңнан астам тұрғын арасында әлеуметтік сауалдама жүргізілген. Сауалдама кезінде сұрақтарға жауап берген нұрсұлтандықтардың жартысына жуығы, яғни 46 пайызы өздерінің учаскелік полиция инспекторларын танымайтын болып шыққан. Респонденттердің тек 2 пайызы учаскелік бекеттің немесе полиция бөлімінің орналасқан жері туралы білсе, қала тұрғындарының жартысынан астамы кез келген құқық бұзушылық кезінде бұрынғыдай 102 нөмірін теретіндіктерін жасырмаған.
«Дәл осы жағдай екінші бір мәселені туындатып отыр», дейді А.Милюк. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда полиция департаменттеріндегі жедел басқару орталықтарының жүктемесі шамадан тыс асып кеткен. Мәселен, астаналық ЖБО операторлары күніне 2,5 мыңға дейін қоңырау қабылдайтын болса, бұл хабарламалардың шамамен 40 пайызы полицияның құзыретіне жатпайтын өтініштер. «Егер әрбір учаскелік полиция қызметкері өзіне тиесілі аумақтағы тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста болса, жедел басқару орталықтарының жүктемесін кем дегенде екі есеге азайтуға болар еді», деген спикер учаскелік полиция қызметкерлеріне ПИК чаттары арқылы тікелей байланысқа шығуға болатынын да ескертіп өтті. Сауалдама қорытындысы бойынша 49 пайыз халық полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайтындықтарын айтса, 51-і кәсібиліктерін жоғары бағалаған.
«Сервистік модель – бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешуде полиция мен қоғамның тізе қосып қызмет жасауы деген сөз. Алайда шетелдік тәжірибе бұл модельдің барлық мемлекеттерге келе бермейтінін көрсетіп отыр. Сол себепті біз полицияның сервистік моделін өз елімізде енгізу барысында ұлттық мәдениет пен менталитетті, заңнаманы, география мен ресурстық мүмкіндіктерді ескеретін боламыз», деп атап өтті А.Милюк.