Індет басталғалы бері облыста коронавирус инфекциясы 19 809 рет тіркелген. Ал 2021 жылы қаңтар айында – 1 837, ақпан айында – 1 950, наурыз айында – 2 138, сәуір айында 3 884 жағдай есепке алынған екен. Көріп отырғанымыздай, вирус жұқтырғандар саны айдан айға көбейіп, сәуір айында тіпті өршіп кеткен.
– Мамыр айының 5-і күнгі мәлімет бойынша облыста барлығы 19 809 адам вирус жұқтырған, оның 11 372-сі – симптомды, ал 8 437 адамда науқас белгілері жоқ, симптомсыз. Бүгінде 15 506 адам жазылып шықты, өкінішке қарай, 289 адам қайтыс болды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.
Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 129 адам тіркелсе, соңғы аптадағы науқастар саны 932 адам болып тұр.
Өкпені жасанды желдету аппаратына 19 адам қосылып, 23 науқас оттегі концентратының көмегіне жүгінген. Өңірдегі 18 инфекциялық стационарда 570 адам ем алып жатыр екен. Бұл – барлық кереует санының 50,8%-ы. Ал жансақтау мекемелеріндегі 65 орында 40 адамға медициналық жәрдем көрсетіліп жатыр. Жалпы, коронавирусқа қарсы емдеу орындарында 1 444 кереует бос орын бар.
– 1-28 сәуір аралығында 2 144 адам тұмау белгілерімен дәрігерге қаралып, олардан коронавирус анықталды. Бұл науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде тағы 1 098 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
26 сәуір күнгі нәтижелер бойынша Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Теректі, Жаңақала, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласы ең қауіпті «қызыл аймақта» қалып отыр.
Вирус жұқтырғандардың ең көбі, яғни 35,2%-ы – жұмыс істейтін адамдар. Бірақ басқа топ та аз емес. Соңғы бір ай ішінде 975 зейнеткер, 908 жұмыссыз азамат, 293 оқушы, 75 медицина қызметкері, 89 мұғалім, балабақшаға бармайтын 69 бала, балабақшаға баратын 28 бала, 18 тәрбиеші, 53 студент ауырған.
Оқу жылы басталғалы оқушылар мен мектепке дейінгі сәбилер арасында 1 014 мәрте COVID-19 оқиғасы анықталған екен. Мәселен, қыркүйек айында 4 оқиға, қазанда 5 оқиға, қараша айында 102 оқиға, желтоқсанда 78 оқиға болса, 2021 жылы вирус жұқтырғандар саны 809-ға жеткен.
Өңірдегі ірі кәсіпорындардағы жағдай да қатаң бақыланып отыр. Мәселен, «Жайық Мұнай» компаниясында жыл басынан бері 38 науқас анықталған, мұның 11-і вахтаға келген жұмысшылардан табылса, 27-сі жұмыстан тыс кезде өз бетімен дәрігерге қаралып, анықталған жағдай екен. Ал тікелей кеніш басында, қызмет кезінде ауырып қалған оқиға тіркелмеген.
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясында жыл басынан бері 116 науқас тіркелген. Оның ішінде 45 адам вахталық кезегі бітіп, үйіне қайтарда тексерілген кезде коронавирус жұқтырғаны анықталған.
Өңірде санитарлық-дезинфекциялық режім талаптарын бұзу фактілерін қадағалайтын мониторингтік топтар 1 сәуірден бері 634 мәрте рейд жүргізіп, 3 422 нысанды тексерген екен. Нәтижесінде, 34 нысанда талап бұзушылықтар анықталған. Оларға 130 хаттама толтырылып, 8 284 280 теңгеге айыппұл салынды.
Облыста коронавирусқа қарсы екпе жүргізу ісі 1 сәуірде басталған. Арман Қалибековтің айтуынша, осы уақытқа дейін облысқа вакцинаның 62 700 дозасы келіп түскен. Қазірдің өзінде 49 287 адам екпенің алғашқы дозасын, 17 891 адам екінші дозасын алып үлгерген.
Өткен сәрсенбіден бастап Орал қаласында мобилді екпе бекеттері тұрғындарды жаппай вакциналау ісіне кіріскен. Яғни жылжымалы медициналық кешендер облыс орталығының ірі-ірі сауда орталықтары жанында тұрып, кез келген адамға өз қалауы бойынша екпе салады. Ол үшін келушінің жеке куәлігі болса жеткілікті. Екпе алған адам 30 минут дәрігер бақылауында болады. Ол отандық немесе ресейлік вакцина алатынын өзі таңдайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, 1 мамырдан бастап Орал қаласы, сондай-ақ Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қазталов, Теректі және Шыңғырлау аудандарына кіреберіске, барлығы 7 орынға блокбекет орнатылды. Бұл бекеттерден халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым-мекеме қызметкерлері, медициналық ұйымдарда ем алушылар, жүк тасымалдаушылар және транзиттік жолаушылар, вахта жұмысшылары және оларды тасымалдайтын көліктер кедергісіз өте алады. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарымен шұғылданушылар да бұл санатқа кіреді. Батыс Қазақстан облыстық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, ауру көрсеткіші төмендеп, жағдай түзелер болса, бір апта ішінде бекеттерді алып тастау мәселесі қайта қаралады екен.
Батыс Қазақстан облысы