Спорт • 06 Мамыр, 2021

«Челси» финалға шықты

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Лондондағы «Стэмфорд Бридж» стадионында өткен футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалдық кездесуінде жергілікті «Челси» Мадридтің «Реал» клубын қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Челси» финалға шықты

Пирней түбегінде өткен ойында қос команда 1:1 есебімен тең тарасқан болатын. Қарымта матчтың бірінші таймында алма-кезек шабуылдар ұйымдастырылып, солардың бірі нәтижелі аяқталды. Кездесудің 28-минутында Нголо Кантенің пасынан кейін Кай Хавертц допты Тибо Куртуадан асырған еді, ол маңдайшаға тиіп кері қайтты. Сол мезетте алғырлық танытқан Тимо Вернер допты торда тулатты – 1:0.

Содан кейін де лондондықтар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Қарсыластарына қарағанда ағылшындардың шабуылдары әлдеқайда өткір болды. Ал корольдік клубтың  ойыншылары жиі қателікке ұрынып, білгендерінен жаңылды.

Екінші таймда алаң иелерінің басымдығымен өтті. 85-минутта қонақтардың қателігін пайдаланған Нголо Конте допты алған бетте алға екі-үш қадам жасады да Кристиан Пулишичке пас берді. Ол өз кезгінде Мэйсон Маунтты тапты. Ол мүлт кеткен жоқ – 2:0.

Сөйтіп, Чемпиондар лигасының финалдық сайысында Англияның қос командасы күш сынасады. Көрермендер 29 мамыр күні «Манчестер Сити» мен «Челси» арасындағы матчты тамашалайды. Бұл кездесу Ыстанбұлдағы Олимпиадалық стадионында өтеді.