Аймақтар • 06 Мамыр, 2021

Әлеуметтік желіде алаяқтар толып жүр

612 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Қызылорда ҚПБ бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Сәкен Сыздықтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлеуметтік желіде алаяқтар толып жүр

Брифингте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қалалық полиция басқармасының 2021 жылдың 4 айында атқарған жұмыстары, алаяқтық дерегімен  тіркелген қылмыстар жайлы баяндалды.

Қала көлемінде қылмыстардың тіркелуі 1112 –ден 974-ке (12,4 пайызға) төмендеген. Дегенмен, алаяқтық қылмыстың тіркелу көрсеткіші 71,4 пайызға жоғарылаған.

Жыл басынан бастап 329 алаяқтық қылмысы тіркелсе, оның ішінде, әлеуметтік желі арқылы жасалған алаяқтық (ақша табу, несие алып беру, ақшаны 2 есе көбейту) 77-ден 220-ға дейін жоғарылаған.

Брифинг барысында  алаяқтық қылмысының өсім алуының басты себептеріне тоқталған Сәкен Абибуллаұлы алаяқтық қылмыстар ішінде әлеуметтік желі арқылы көп пайда табу немесе азаматтардың сыртынан онлайн несие алу болып отырғанын, несие беріп отырған мекемелердің барлығы Алматы қаласында орналасқан «Кредит24», «Онлайн Финанс», «Займер», «Выгодный кредит» тағы сол сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері екендігін айтып өтті.

Басқарма тарапынан аталған серіктестіктер тарапынан несие рәсімдеу барысында біршама кемшіліктерге жол бергені анықталып, оны жоюға және олардың қызметіне уақытша шектеу қоюға Алматы қаласының әділет департаментіне, серіктестіктер басшыларына қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабының талабына сай ұсыныс жолданған.

Алдағы уақытта алаяқтықпен істі болып соттан өткендердің фото суреттерін сауда орындары мен халық көп шоғырланатын жерлерге және қоғамдық көліктерге ілу жоспарланған.