Жамбыл облысында 48 елді-мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы болып есептеледі. Жыл басынан бері өңірде 34 адамды кене шағып, олар медициналық көмекке жүгінген. Оның 15-і балалар екен. Алайда, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда2 есеге аз болғанымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары әрбір тұрғынның жеке бас сақтық шараларын есінен шығармауы тиіс екенін ескертуде.
Кене шағу бойынша биыл Тараз қаласының аумағында11, Байзақ ауданында 10, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында екі жағдайдан, Мойынқұм және Сарысу аудандарында бір жағдайдан анықталып отыр. Денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада улы жәндіктен зардап шеккендердің барлығы 14 күнмедициналық бақылауда болуы тиіс екені, бүгінде 17 адамның аталған мерзімнің өтуіне байланысты бақылаудан алынғаны айтылған. «Аурудың деңгейін төмендету, эпидемиялық ахуалды күрделендірмеу, дертті дер кезінде анықтап, қатерлі жағдайға жібермей ұстап тұру шараларын жүргізу – тек қана медицина, ветеринария қызметкерлерінің немесе жергілікті әкімшіліктердің жұмыстары ғана емес, оған ошақ аймақтарында тұратын елді-мекендердің тұрғындары да атсалысуға тиіс», делінген хабарламада. Сондай-ақ, мамандар кене шаққан уақытта оны адамның өзі алып тастауына болмайтынын, әрбір тұрғын тұрғылықты мекен-жайы бойынша медициналық көмекке жүгінуі керектігін, ол жерде кенеден зардап шеккен адамға геморрагиялық қызбаның алдын алу шаралары жүргізіліп, көмек көрсетумен қатар, не істеу керектігі ескертілетінін айтуда. «Бұл аурудың белгілері кене шаққаннан кейін 2-7 күн ішінде білінеді. Науқас адамның дене ыстығы көтеріледі. Басы, буындары қатты сырқырап ауырады. Көзі мен тамағы қызарады, тамаққа тәбеті болмайды», дейді мамандар. Сондай-ақ, бұдан басқа да қауіптері бар. Сонымен қатар, мұның жұқпалы екенін де естен шығармаған жөн.
Кене шаққан адамдар міндетті түрде екі апта бойы емдеу мекемесінде диспансерлік бақылауда болуы керек екен. Аталған талаптардың барлығы дерттің қауіптілігін төмендетеді.