23 сәуірде, түнгі сағат 00.50 шамасында Семей қаласынан шыға берісте патрульдік полиция қызметкерлері «Мерседес-Бенц» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Белгілі болғандай, елордалық жүргізуші мас күйде болған. Сонымен қатар ол 3 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған екен.
«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі, яғни көлік құралын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі тұлғаның көлік құралын басқаруы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта бір қатар сот сараптамалары тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады», деді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Сонымен қатар заңда бұл факті бойынша өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылу көзделген.
Биыл Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерінде сотқа дейінгі іс жүргізу аясында көлік құралын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі тұлғаның көлік құралын басқаруының 33 фактісі тіркелген. 24 факті бойынша айыптау үкімі шығарылған.