Биыл бесінші рет өткізіліп отырған додаға тележурналистерден 250 өтініш келіп түскен. Олардың арасынан 10 аталым бойынша 40 жұмыс іріктеліп алынды. Байқауға қатысқан жұмыстардың 88-і қазақ тілінде, 162-сі орыс тілінде. Жеңімпаздар қазылардың жабық дауыс беруі арқылы анықталды.
Ең көп өтінім «Үздік деректі фильм» аталымы бойынша келіп түсті. 42 журналист жұмысын ұсынған. «Үздік тележурналист» аталымы бойынша 40, «Үздік тележүргізуші» аталымы бойынша 38 және «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы бойынша 31 жұмыс байқауға қатысты.
«Биыл бесінші рет өтіп отырған бұл жоба – жүзден жүйрік шыққан жаңа есімдерді жыл сайын жариялап, жалынды тұлғалар мен тың бастамалардың жасампаз жолына айналды! Сөз жоқ, бүгінгі телевизия – тек ақпараттың көзі ғана емес. Бұл – ұлттық идеология мен тәлім-тәрбиенің құралы. Ал енді, осынау стратегиялық маңызы зор саланың барын баптап, жоғын жоқтап жүрген – мына өздеріңіз!» деді салтанатты іс-шараның шымылдығын ашқан Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, биылғы бәйге ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтуде. «Осы 30 жыл ішінде ел дамуымен бірге ұлттық БАҚ, соның ішінде телевизия саласы үлкен өзгерістерден өтті. Қарқынды дамып, нәтижелі биіктерді бағындырды. Өткен 2020 жыл еліміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Әлемдік пандемия басталғанда – тілшілер қауымы, соның ішінде тележурналистер қауіп-қатерге қарамай алғы шептен көрінді. Күн-түн демей жұмыс істеп, халыққа шынайы ақпарат жеткізді», деді ол.
Министр өткен жылы телеаудитория өсімі 22 пайызды құрағанын, отандық телевизиялық өнімге сұраныстың артқанын айтты. Әлемдік жетекші медиакомпаниялармен халықаралық ынтымақтастық нығайтылып, қазақстандық өнімдерді шетелдерде ілгерілету жұмысы жандандырылғанын атап өтті. Сонымен қатар Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан телекомпаниялармен бірлескен телевизиялық өнім шығару бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгеніне назар аударды. «Әрине, бұл – осы бір жылда атқарылған көп жұмыстың азғантай бөлігі ғана. Оның бәрін қазір тізіп айту мүмкін емес. Ең бастысы – болашақ бағдарымыз анық, жоспарымыз айқын. Өкінішке қарай, қоғам әлі де әлемдік пандемияның ықпалында. Сондықтан «Тұмар» сыйлығы биыл 2-мәрте онлайн форматта өтіп отыр. Биыл 48 отандық телевизия өкіліне «Тұмар» бәйгесінің сыйлығы табысталады. Оның арасында танымал режиссерлер мен журналистер, кәсіби операторлар мен сценаристер бар. Сөз жоқ, олардың атқарған жұмысы мен жобалары отандық телевизияның бәсекеге қабілетін арттырып, кәсіби деңгейге, жаңа биікке көтереді деп сенеміз», деді ол.
Аида Балаева сөз соңында барша қазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. «Әрине, Отан қорғау ұғымының мағынасы терең. Шүкір, бүгінде тыныш заман, берекелі өмір кешудеміз. Десе де, бейбіт заманның да өз сынақтары мен міндеті бар. Осы ортақ мақсат жолында қиындықтарды бірге еңсеріп, жетістіктерге бірге жетейік», деді министр.
Ал байқау қорытындысы бойынша, Atameken Business телеарнасының журналисі Руслан Ыдырысов «Үздік тележурналист», «КТК» телеарнасының қызметкері Камила Жүсіпова «Үздік тележүргізуші» атанды.
«НТК» телеарнасы дайындаған JOL деректі фильмі «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы бойынша үздік деп танылды. Qazaqstan ұлттық арнасынан көрсетілетін «Теледәрігер» бағдарламасы «Үздік әлеуметтік жоба», Astana TV телеарнасының Aitarym bar бағдарламасы «Үздік ток-шоу» аталымдарын жеңіп алды.
«Үздік деректі фильм» аталымы «Нығмет Нұрмақов. Төртінші Премьер-Министр» фильмі үшін «Сарыарқа» телеарнасына бұйырды.
«Үздік ойын-сауық бағдарламасы» ретінде Qazaqstan ұлттық телеарнасының «Жүзден жүйрік» бағдарламасы танылды. Ал «Хабар» телеарнасы дайындаған «Абай жолы» «Үздік телевизиялық сериал» ретінде таңдалды. «Үздік ақпараттық бағдарлама» аталымы «Еуразия» бірінші арнасының» қанжығасында. Ал «Үздік аймақтық телеарна» ретінде Павлодар қалалық «Ирбис TV» арнасы таңдалды.
Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Хабар 24» арнасына «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің арнайы сыйлығын табыстады. «Бұл сыйлықты мен өте үлкен қуанышпен жариялаймын. Себебі тәулік бойы, карантин кезінде де, қазір де бұл арна елге үздіксіз ақпарат таратып келеді. Ал төтенше жағдай кезеңінде «Хабар 24» ел ішінде 384 сағат, шетелде 19 сағат тікелей қосылым жасапты. Мұның барлығы – үлкен ұжымның тынымсыз еңбегінің арқасы», деді Аида Балаева.
Байқау жеңімпаздары қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақыға және «Тұмар» мүсіншесіне ие болды.