Сұхбат • 07 Мамыр, 2021

Юрий Аравин: Қазақтың күйін тұлпар тұяғы тудырған

315 рет көрсетілді

Қазақ даласын жаяу аралап, ұлттың музыкалық мұрасын жинақтап, қолына түскен жалқы ән, жалғыз күйді де тастамай, зерттеп-зерделеп, ғылыми негізін жасаған Александр Затаевичтің еңбегін білгенімізбен, кейінгі ұрпақ оны көрген жоқ. Біз білетін Затаевич – Юрий Аравин. Қазақтың дәстүрлі музыкасының тарихын зерттеген белгілі ғалым, музыкатанушы профессор, кәсіби қызметі ақындықпен, композиторлықпен, тележүргізушілікпен, дәріс оқумен жан-жақты дамыған көпқырлы әмбебап адам. «Музей звуков», «Малая антология казахской музыки», «Степное созвездие» сияқты авторлық бағдарламалары арқылы ұлттық музыкамызды орыс тілінде талмай насихаттап келе жатқан талантты зерттеуші өнерімізге ғана емес, қазақтың өзіне де жақын.

– Юрий Петрович, Кеңес Одағы музы­касының беделді өкілдерінің бірінен саналған сіздің әкеңіз өз заманында Ки­шинев консерваториясының ректоры болған екен. Сіздер Қазақстанға қайдан, қандай жағдайда қоныс аудардыңыздар және Аравиндер отбасына бұл тағдыр бетбұрысының әсері қандай болды?

– Мен дәл соғыс басталған жылы Ресей­дің Тверь қаласында дүниеге келіппін. Ал әкем Мәскеу консерваториясын жаңадан тәмамдаған жас маман болғанына қарамастан, көп ұзамай Кишинев консерваториясының ректорлығына тағайындалып, Молдавияға жіберіледі. 1947 жылы Мәскеуде өткен одақтық маңызы бар үлкен жиындардың бірінде әкем мен Ахмет Жұбанов кездесіп, аз-кем сұхбаттасып қалады. Ал сол жылдары Қазақстан үкіметінде Алматы консерваториясын ұйымдастыру туралы сөз қозғалып, А.Жұбанов сол бастаманың басы-қасында жүрген жетекшілерінің бірі болған екен. Ахмет Қуанұлы сол жерде әкеме қазақ кон­серваториясын ұйымдастыру ісіне қатысып, музыка тарихы кафедрасын ашуды қолға алып, басқаруға ұсыныс жасайды. Себебі бұл кафедрасыз консерваторияның ашылуы да, өмір сүруі де мүмкін емес еді. Оның үстіне А.Жұбанов әкемді ешқашан көр­меген қазақ елі туралы ертегіге бергісіз әңгімеге еліктіріп, ағыл-тегіл жұмақ өмірді уәде етіп, қызықтыра түседі. Соғыстан кейін Кишиневтегі жағдай ауыр еді, аштық пен суықтан қажып, қиналып әрең жүрген әкем бірден келісім береді. Ол аштық әлі күнге менің де есімде. Биік таудың баурайында созылып жатқан сұлу Алматыға көшіп келгеннен кейін аяқтың астында, көшеде төгіліп жататын алма мен өрікті, басқа да жемістерді көріп аузымыз ашылып, таңырқауымызда шек болмады. Жұбанов сөзінде тұрды, біз көшіп келген күні Фурманов пен Гоголь көшелерінің қиылысындағы консерваторияның жатақханасынан орын бергізді, оңтүстіктің жаймашуақ ауа райы жанымызды жылытып, аузымыз асқа жарып, біздің жағдайымыз шынында да оңала бастады. Сөйтіп алты жасымнан бастап алматылық болдым, 1947 жылдан бастап біздің қазақ жеріндегі өміріміз басталды. Тверьде туғаным болмаса, адам қай жерде тұлға ретінде қалыптасса, сол оның Отаны болып саналады. Мен бұған шүбәсіз сендім.

– Білуімізде, сіздер отбасыңызбен музыка маманысыздар, шамасы...

– Иә, әкем де, анам да дипломды кәсіби музыканттар, анам вокал класын оқып бітірген және өмір бойы фортепиано аспабынан сабақ берген ғажап педагог-ұстаз болды. Қарындасым Нелли де алдымен музыка мектебінде, кейін консерваторияда білім алып, тәмамдаған соң сол оқу орнында қалып, музыка тарихы пәнінен сабақ берді.

– Мектепте оқып жүргенде «актер боламын» деп мақсат қойып, орта жолда ол ойыңыздан айныған екенсіз. Жеме-жемге келгенде, династиядағы дәстүр арманнан да биік болып, аттап кете алмадыңыз ба?

– Тамыры тереңге кеткен дәстүр жолы тез оңатын әсіреқызыл арманға оңай-оспақ жол бере қоймайды. Рас, кішкентай күнімнен әртіс болуға талпындым. Мек­теп­тің көркемөнерпаздар үйірмесі, музыка байқаулары, скетч, интермедия ойнау дегеніңіздің бірде-бірі менің қатысуымсыз өтпейтін. Өзімді сол кезден-ақ үлкен әртіс сезінетінмін. Бірақ музыкамен ғана тыныс­тайтын біздің отбасымыздағы әкемнің ықпалы жөргегімнен бастап бойыма әбден сіңген екен. Бейсаналы түрде музыка әлеміне еріксіз құлаш ұрып, өз-өзімнен бірте-бірте бейімделе бастағанымды байқамағанмын да ғой. Мектеп бітірген соң Алматы консерваториясына түсіп, 2-курста оқып жүргенімде М.Глинка атындағы Новосибирск консерваториясына ауысып, оқуымды сонда жалғастырдым. Себебі Новсибирск консер­ваториясының музыка тарихы кафедрасы күллі Одақтағы ең мықты кафедра болып саналатын. Диплом жұмысымның тақырыбы қазақ домбырасы мен күйіне байланысты қорғалып, консерваторияны аяқтаған соң Қазақстанға оралдым. Ал бала кездегі әртіс боламын деген арманым менің кейінгі дәріс беру, үлкен сахналарда конферансье болу, радио-телевизия бағдарламаларын жүргізу барысында өлшеусіз көмегін тигізді. Сан-салалы музыкатану ғылымының белгілі бір жанрлық материалын игеруде актерлік шеберлігім кәдеге жарады.

– Сіз саналы ғұмырыңызды қазақ­тың ән-күйін зерттеуге арнап келесіз. Тіпті дәстүрлі музыкаға мән бермеген қала­лық азаматтарымызды, өз төлтума мәде­ниетіне мұрын шүйіре менсінбей қа­рай­тын орыстілді қандастарымызды ұлттық музыка өнеріміздің тарихымен таныстырудан жалықпадыңыз. Біздің дәс­түрлі музыкамыз сізді несімен қы­зық­тырды?

– Әкемнің ақылымен жастайымнан, студент кезімнен бастап фольклорлық экспедицияларға қатыса бастадым. Ел ішін аралап қазақтың күйлерін, әндерін жазып алып, нотаға түсіріп жүргенде, шетсіз-шек­сіз сайын даланы мекендеген халықтың музыкалық мұрасының да ауқымды екенін, кең диапазонмен, биік дауыспен орындалатын ән-күйі туралы білмекке құмарлық, ынта-ықыластың оянғанын сездім. Қазақ музыкасының тарихымен түпкілікті айналысатынымды сол кезден-ақ анық түсіндім. Консерваторияның жалпы курсын оқып жүргенде де, кәсіпке баулитын курстарда да қазақ музыкасы сабағын жүргіздім. Қазақтың дәстүрлі музыкасы менің мамандығымның басты бағытына айналды.

Қазақ ұлтының музыкасына сүйіспенші­лігімді ең алдымен әкем оятса, бұл құш­тар­лық сырлы әуеннің сиқырын сүзген Болат Сарыбаев секілді дәстүрлі музыканың ірі өкілімен таныстықтан кейін тіпті арта түсті. Орыс музыкасының ғана емес, әлемдік музыканың тереңінен маржан терген кәсіби музыкант ретінде әкем Петр Аравин қазақ әні мен күйінің табиғатына тұнған бірегейлік әуездің сырын бірден түсінді. Оның ғылыми жұмысы, ағартушылық қызметі соның жар­қын мысалы. Мысалы, бізде қазақ күйі­нің гегемоны Құрманғазы саналады, ал әкем болса, бірден Дәулеткерейге назар аударды. Дәулеткерей – жеті бабасынан бері жілігінен майы үзілмеген ақсүйек әулеттің баласы, сондықтан жалпы аты аталғанымен кедейдің туын көтерген кеңестің музыкатану ғылымында, ол өзіне лайықты орнын ала алмады. Бірақ ел оны домбыраның атасы деп таныды. Әкемнің зерттеуінше, Дәулеткерей Петерборға барған сапарында Үлкен ­театрда, Александров бағында болған. Тіпті бұл сапардың оның шығармашылығына тигізген әсері де зор болған.

– Сіз естеліктеріңізде әкеңіздің Евге­ний Брусиловский, Борис Ерзакович, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Қапан Мусин, Сыдық Мұхаметжанов, Еркеғали Рахмадиевтермен өте жақын дос болғанын айтасыз. Қазақ музыкасының осы алыптарын бала күніңізден үйіңізде көріп өскеннен кейін болар, сіз «Музей звуков», «Малая антология казахской музыки» деген телебағдарламаларыңызда олардың толыққанды тұтас портретін жасадыңыз. Расында да, ол тұлғаларымыз қандай адам­дар еді?

– Жиырма жылдан астам телевизия саласымен тығыз байланыста жұмыс істегенімде қазақ музыкасы туралы мыңнан аса хабар әзірлеген екенмін. Тек облыс орталықтарын ғана емес, бүкіл Қазақстанды оңынан да, көлденеңінен де сан мәрте көктей өттім. Қай жерде күйші, термеші, жыршы бар десе, құстай ұшып сол жерге жеттім. Ал жоғарыда аталған музыка алыптарының бәрінің көзін көрдім, әрқайсысының әңгімесін тыңдау бақыты бұйырды. Әкем мен анам өте меймандос адамдар болды. Үйімізден қонақ арылмайтын. Бір жексенбіде төрі­мізді музыканттар жайласа, келесі демалыс күндерінде яки суретшілер, не театр әртістері отыратын. Төлебаев көшесінде тұрғанымызда, Сыдық Мұхаметжановпен көрші тұрдық. Менің жасырақ күнімде Қазақстан Композиторлар одағы Опера және балет театры ғимаратының екінші қабатында орналасқан болатын. Бұл кісілердің бәрі көбіне сол Одақта бас қосатын. Әдептен аспай, бірін-бірі зілсіз қағытқан қалжыңдары қандай жарасымды еді.

– Ықылас атындағы халық аспап­тары музейінде дәстүрлі музыка мен ұлт композиторларының шығар­машы­лығына байланысты өтетін үлкен-кіші шаралардан сіз де жиі төбе көрсетесіз. Кү­міс көмей әншілер кең тынысты халық әндерін дауысының жеткен жеріне дейін әуеде қалықтатқанда, ән мен бәйге десе, делебесі қозбай тұрмайтын нағыз қазақ сияқты сіздің де иығыңызды қомдап «ай, жаса», «ой, жарайсың», «шап» деп айғай­лап, арқаланғаныңызды сан рет есті­дік. Тамыр арқылы атадан балаға жал­ғасатын, бізге, қазаққа ғана тән «қан ойнау» сезімі сіздің бойыңызда қайдан жүр?

– Иә, құдіретті қазақ күйі домбыра шанағынан саулағанда, аспан төңкеріліп, әуеден от шашырағандай дүние астан-кес­тен болып, жүрек-қан тамырының жиі­рек соғып, түсініксіз эйфориялық сезім тасқыны аласұрып, алмасып, алқымға келіп тығылатыны рас. Оның үстіне залдағы ән мен күйдің күшін сезінген концерттік-мерекелік ахуал да көңіл қошын көтеруде аз рөл ойнамайды. Қазақ музыкасында оңды-солды төгілген осыншама шексіз мет­роритм қайдан жүр? Тіпті кейбір күйлердің метроритмі отыз төртке дейін ауысып отырады. Күйдегі бұл заңды айнымалылық қалай пайда болған? Бірақ мұның несіне таңғаламыз – бәрі де тұлпар тұяғы тудырған туындылар емес пе. Аңдап қарасаңыз, Қамбар ата тұяғының ырғағы мен домбыра ырғағы бір-біріне дәл келеді. Ендеше, қазақтың күйін, әніндегі әуез бен сазды тұлпар тұяғы тудырған деген тұжырым жасауға толық негіз бар. Ертедегі қазақтар арғымақпен жортып келе жатып даланы әнмен, әуенмен өрнектеген, көшпелі далада атүстінде күй шығару, ән тудыру дағдысы кең таралған. Кең жазира далада ер үстінде келе жатқан еркін адамның кеудесін әуен кернемей тұрмайды, келген әуезді ыңылдап ән етіп үндестіріп келе жатқанда кенет тұлпарының тұяғы әлденеге ілініп кетеді, тұяқ тасқа тиді ме, талдың бұтағын басты ма, сол дыбыс жұптала бастаған әнмен қосарланып бірге өріліп кетеді. Қазақтың ән-күйінің сазы табиғаттың дыбысымен үндес. Сыбызғыны алыңыз. Уілдей соққан желдің дыбысы емес пе? Қобызды алыңыз. Ішегін тартып күңіренген, солығын баса алмай боздаған даланың даусы ғой бұл. Халық музыкасымен шұғылданбай, оның таңғажайып сырын сезінбеу мүмкін емес. Бұл – классика. Музыканы халық тудырады, ал туындыгер оны бар болғаны әрлейді. Кез келген халық музыканты менен жүз есе артық білуі мүмкін, бірақ сөзге шорқақтығынан ол туралы әңгімелей алмайды. Мәлімет пен ақпаратты мен солардан аламын, түбіне түсіп, зерттеп, зерделеп, халықтың өзіне қайта ұсынамын.

– Дәстүрлі өнер өкілдерінің ішінен кімдердің кәсіби шеберлігін жоғары бағалайсыз?

– Саусағынан саз сорғалаған мықты күйші, дәулескер домбырашы Қаршыға Ахмедияровтың күйшілік өнеріне тәнті бол­ғандардың бірімін. Ол туралы бірнеше хабар жасадым. Сондай-ақ Дина Нұрпейісованың ізін басқан Бақыт Кәрібаеваның өнері туралы да арнайы айтып жүремін. Күй құлақпен емес, жүрекпен қабылданатын өнер. Тыңдап отырып толқисың, қобалжисың, шаттанып, ширығасың. Домбыраның қос іше­гінде оркестрдің үні бар. Қазақтың ұлттық аспабының үнін сурет өнеріндегі бояуы қанық акварельмен, жұмбағы жіптің түсіне жасырылған гобеленмен салыстыруға болады. Терең. Ал тереңіне үңілсең, иіріміне тартады. Бұрын күйшілер күйді отырып алып жайдан-жай тарта салмаған. Ол алдымен тыңдаушысына күйдің оқиғасын, тарихын тарқата әңгімелеп, өзінің ол күйді кімнен, қайдан, қандай жағдайда үйренгенін тәптіштеп тұрып баяндап беретін болған. Сонда ғана ән-күй тыңдаушыны тебірентіп, көкірек көзіне қонақтайтын болған. Ал қазір «күйді түсінбеймін» дейтіндер көп, тарихын білмесе, қайдан түсінеді?

 Маған «қазақтың қай өңірінің музыкалық өнімі көп? Батыстың ба, шығыстың ба? Төкпе күй жақсы ма, шертпе күй жақсы ма?» деген қитұрқы сұрақтарды жиі қояды. Жо-о-қ, сауалды ешқашан бұлай қоюға болмайды. Бұл деген «ащы дұрыс па, тәтті дұрыс па», «әкең жақсы ма, шешең жақсы ма» деген сияқты мағынасыз қарабайыр сұрақ. Қазақтың қай өңірінің де музыкасы өзінше жақсы. Кең-байтақ қазақ даласының әр аймағында өзіндік тіл ерекшелігі, диалект сақталған, ендеше оның музыкасының да тап осындай ерекшелігі болуы заңды. Бірақ бұдан тілдің де, әуеннің де тұтастығы бұзылмайды. Шығыста жезтаңдай әнші көп, оңтүстік – жыршы мен жыраулар мекені, ал батыс аймақта күй мектебі жақсы қалыптасқан. Барлық дәуір мен кезеңдермен салыстырғанда, қазақ музыкасының өркен­деп, өрісі кеңіген алтын дәуірі деп біз ХІХ ғасырды айтамыз. Музыкалық мәдениет пен музыкалық-поэтикалық шығармашылықтың дәл осындай биік дәрежеде өркендеуін қазақ даласы бұрын-соңды басынан кешірген жоқ. Дәстүрлі өнердегі тегеурінді толқын осы кезеңде өмірге келді. Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Сейтек, Ықы­лас, қай композитордың шығармасын алсаңыз да, дәуірдің толғанысынан туған терең мағыналы дүниелер. Осы кезеңде даланы ән өнерімен дүркіреткен Ақан, Біржандардың буыны өз алдына бір төбе.

Қазақтың дәстүрлі музыкасын тыңда­ған, ол туралы азды-көпті мәліметі бол­ған Про­кофьев, Лесковский, Щедрин сияқты орыстың ұлы композиторлары қа­зақтың күй өнеріне таңырқауын жасыра алмаған. Лесковский күй туралы: «Қазақтың күйі – миниатюралық симфония» деген. Күйде симфониялық дыбыстың аса қуатты әле­у­е­ті бар. Күй өнер ғана емес, ойлау масштабы. Мысалы, Нұрғиса Тілен­диевтің күйшілігі – халықтық ойлау мен заманауи композиторлық мектептің тамаша үйлесімі. Ол кез келген күйдің біте қайнасқан музыкалық-поэтикалық мәніне терең бойлайтыны сонша, дирижерлік жасап тұрғанда ерекше рухтанып, бүкіл әлемді ұмытып, басқа өлшемге енетін.

– Музыканы академиялық тұрғыдан зерттеп қана қоймай, музыка сынымен де айналысатын аз маманның бірісіз. Біздің музыкалық мәдениетіміз, музыкамыздың өрісі туралы не айтасыз, біз осы қайда бағыт алып барамыз?

– Бұл мәселе туралы біржақты пікір айту мүмкін емес. Бүгінде адамдардың пікірінде ғана емес, музыканың өзінде де кереғарлық көп. Симфониялық шығармалар, филармониялық әндер, концерттік әндер, оның ішінде этностық, джаз, рок, айта берсең, жанр жетеді. Қазір музыканттың талантын бағалау критерийі өзгеріп кетті. Қазір жанды дауысы жайына қалып, дыбыс күшейткіш аппаратуралармен музыкалық материалды мутацияға ұшыратты. Ал бұл материалға ешқандай да терең ойдың немесе жүректің түбіне бойлататын терең сезімнің керегі жоқ. Осыны ойласаң кейде ұйқың бұзылады. Мүмкін ұйқының бұзылғаны дұрыс та шығар. Өйткені ұйқымыз бұзылмай, тырп етпей тыныш жата беретін болсақ, бұл біздің дамымай, ілгері қадам баса алмай, қайырлап отырғанымыздың көрінісі. Өйткені өмір деген – қозғалыс, үздіксіз алға жылжу. Біз ұзақ ұйықтап, енді оянған адамға ұқсаймыз. Сахнадағы жанталасқан өмір көркемөнерпаздық деңгейде сияқты әсер беретіні рас. Әрине, кәсіби жағынан өспеді деп те айта алмаймыз. Қысқасы, өнерде бәрі мидай араласқан «микс» жүріп жатыр.

– Сіз музыкадан басқа спортпен, дәлі­рек айтқанда, альпинизммен ұзақ жылдар бойы кәсіби түрде шұғылданған екенсіз. Іле Алатауының барлық шың­дарын бағындырдыңыз. Қауіп-қате­рін біле тұрып биікке қаймықпай талпы­на­тындардың тірлігі былайғы жұртқа түсініксіз болғанымен, тау спортының табынушыларын ешқандай тосқауыл тоқтата алмайды. Тау басында төтенше оқиғалар болмады ма?

– Спортсыз өмірімді елестете алмаймын, мендегі қуаттың, белсенділіктің бір ұшы сонда жатыр. Алматының биік шың­дарын аңсаған тау спортын сүйетіндер Одақтың түкпір-түкпірінен келетін. Шатыр тігіп, лагерь құрып, тау қойнауында айлап өмір сүреміз. Күз бен қыс маусымы консерваториядағы жұмысымнан, кітапханада ізденуден қолым босамаса, көктем аяқталып, жаз шыға бере, құрал-жабдығымды арқалап лагерьге кетемін. Мұның сыртында, тау шаңғысымен де шұғылданғаным бар. Тауға өрмелеуден Одақ чемпионы атандым. Альпинистерді жаттықтырдым. Алматыға қандай жаңалық келсе, соның алғашқы қолданушысы да, тұтынушысы да мен болдым. Содан кейін дельтапланға қызықтым. Суреттерге қарап отырып, ұшатын дельтапланымның жобасын өзім сызып, өз қолыммен құрастырып шықтым. Бұл өз алдына бір шығармашылық жұмыс болды. Құрастырып болғаннан кейін көзімді жұмып самғадым да кеттім. Алғашқы кезде ойдағыдай болғанымен, бірнеше рет қалықтап келе жатып жерге оңбай құлап, жарақат алғаным бар. Сонда да дельтапланмен ұшудан бас тартпадым. Тастамай, талай жылдар серік еттім. Жас келіп қалған соң «спорт деген денсаулық емес, спорт деген – өз ағзаңды өзің зорықтыру екен» деген шешімге келдім. Сөйтіп 1970 жылдары сәнге айналған ырғақты гимнастика – аэробикамен айналыса бастадым. «Саламатты өмір сүрудің жаттығуы, міне, осы» деген қорытындыға келдім. Жаттықтырудан тәжірибем жеткілікті, бұл спорт түрінен де қызыққан адамдарды жаттықтыра бастадым. Содан жиырма жыл бойы аэробика жаттықтырушысы болып, жүздеген шәкірт тәрбиеледім. Тіпті сол жылдары Мәскеу, Ленинград, Ригаға шеберлік сабақтарын беруге шақырып жататын. Сондай да заман өтті біздің бастан.

– Аравиндердің музыкалық динас­тиясының төртінші әлде бесінші буы­ны өсіп шықты. Қызыңыз Ирэна – Қазақ­стан­ның белгілі джаз әншісі, ұлы­ңыз Все­волод та өнерден алыс емес, бүгін­гі Ре­сей киносындағы ең танымал режис­сер­лердің бірі. Ол түсірген мелодрама, се­риал­дар Қазақстан телеарналарынан да үзбей көрсетіліп жүр. Саналы бала тәр­бие­леп, қоғамға қосу да үлкен өнер-ау осы...

– Барлық өнердің ішіндегі ұлысы – балаға жақсы тәрбие беру. Әкем және әкемнің араласатын ортасы менің тағдырыма қалай әсерін тигізген болса, менің музыкамен өрілген өмірім балаларымның таңдауына тап солай ықпалын жасады. Мен әкемді қалай мақтаныш тұтқан болсам, балаларыммен де дәл солай мақтанамын. Ұлым екеуміздің қарым-қатынасымыз оның кішкентай күнінен бастап спорттық-шығармашылық бағытта түзілді. Экстримжорықтарда қасым­нан қалмай тауға да шықты, тасқа да өрмеледі. Кейін өзі де тау шыңына топ бас­тап шықты. Всеволод та мен оқыған Ново­сибирск консерваториясына түсіп, екі курс оқыған соң Петербор мемлекеттік Театр және кино институтының режиссерлік факультетіне түсті. Бірнеше тіл біледі. Біз анасы екеуміз оның жарыққа шыққан әр жаңа фильмін қалт жібермей, қадағалап қарап отырамыз. Көрермендер де, кино сыншылары да оның туындыларына өте жақсы баға береді. Өз ісінің хас шебері. Ұлыма да, қызыма да ризамын.

– Сіздің өнеріңізді құрметтейтіндер «Юрий Аравинге YouTube-тен өз арнасын ашатын уақыт жетті» деп жатыр. Расында да, үйіңізде отырып-ақ бая­ғы телевизияда жүргізген авторлық хабар­ларыңызды қайта қолға алып, жаң­ғырту идеясын іске асыруға қалай қарайсыз?

– Әлемге ауыртпалығын салып отырған пандемия, коронавирус деген тажалдан құтылсақ, арна ашу жоспарын өзім де ойлас­тырып жүрмін. Ауырмасам, хал-ахуалым қалыпты болса, жаз өтіп, күзге қарай өз бағдарламамды онлайн жүргізуді бастаймын. Бірақ бұл мәселенің бір кілтипаны бар. Жалғыздықты жаным қаламайды. Жасынан көпшіліктің арасында, аудиториямен тығыз байланыста жұмыс істеп үйренген адамға оңашаланып қалу өте ауыр. Маған жанды, тірі аудитория керек. Ал қашықта отырып алып, техниканың алдында жынды адамша өзіңмен-өзің сөйлескеннің әсері қандай болатынын тіпті де көзіме елестете алмаймын. Мейлі телеарна эфирі, мейлі зал толы адамдардың алдында болсын, ешқашан дәрістерімді алдын-ала қағазға жазып алып, күнібұрын дайындалып оқыған адам емеспін. Керісінше, залдағы адамдардың бар зейінімен тыңдап отырғандарын байқасам, жансарайым ашылғандай, қанаттанып, шабыттанып, сөз кеудеме өзінен өзі құйыла береді. Дәріс оқитын адам – сахна әртісі секілді, ал әртістің шеберлігі аудитория тынысын сезінгенде ғана арта түседі. Екеуі бірін-бірі жүрекпен сезінгенде ғана арада байланыс орнап, әңгіме мазмұны жанданады. Дәріс оқушы да композитор сияқты, әнді тудырған ол болғанымен, орындайтын әншінің таланты мен шеберлігі болмаса, әннің бағы ашылмайды. Музыка үштіктің ортасында – композитор – орындаушы – тыңдаушы арасында өмір сүреді. Егер тыңдаушы зерделі, тәжірибелі, білімді болса, мен әңгімелеп тұрған шығарма авторының тұлғасы асқақтап яки музыкалық мұра тарихы заманауи жәдігерге айналып шыға келеді. Сондықтан дәріс оқу – үлкен өнер. Мен өз кәсібімді ағартушылыққа жатқызамын, ал ағартушылық – музыка мәдениетінің ажырамас бір бөлігі және солай болып қала береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

«Егеменге» жазылыңыз – сыйлық ұтып алыңыз!

Егемен Қазақстан • Бүгін, 19:08

Курчатовта АЭС салынуы мүмкін

Қазақстан • Бүгін, 18:02

Вакцина салдырғандар саны артты

Коронавирус • Бүгін, 09:35

905 адамнан коронавирус анықталды

Коронавирус • Бүгін, 09:08

Ұқсас жаңалықтар