Егемендік алған алғашқы жылдарда ұлтымыз тарих толқынында талай қиындықты бастан кешірді. Алайда сын сағаттарда болашақ ұрпақ қамы үшін жүзеге асырылуы тиіс күрделі мәселелер орындалды. Мемлекетіміздің егемен ел ретінде қалыптасуы мен дамуында, қорғаныс қабілетінің нығаюында, заманға сай қазақстандық армияны құру арқылы ұлттық қауіпсіздікті айқындауда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындаған бірінші Қорғаныс министріміз армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің кәсібилігінің арқасында тәуелсіздігіміздің басты тірегі Қарулы Күштері мен әскери оқу орындарының қуатты жүйесі құрылды, әскери кадрларды даярлау міндеті шешілді.
1995 жылы әскери кадрлар мәселесін шешу бағытында Азаматтық авиация академиясының жанынан әскери факультет ашуға шешім қабылданды. 2001 жылы 15 қазанда Қазақстан Үкіметінің № 1330 қаулысымен Азаматтық авиация академиясы жанындағы әскери факультет Орта Азия мемлекеттері арасындағы радиоэлектроника және байланыс инженерлерін даярлайтын бірден-бір оқу орны – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты болып құрылды. Биыл институтымыз айтулы кезең 20 жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отыр.
Осы жылдар аралығында оқу орны заман талабына сай даму жолында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Институттың алғаш құрылған жылдары 4 мамандық бойынша әскери мамандар даярланса, қазіргі таңда еліміздің әскери саласын қазіргі заманға сай мамандықтармен жабдықтау мақсатында 9 мамандық бойынша жас офицерлер ел Қарулы Күштерінің қатарын толықтырып келеді. Оқу орнын бүгінге дейін 2148 түлек бітірсе, оның жетеуі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының қолдауымен көршілес Қырғыз Республикасынан қабылданған білім алушылар еді.
Болашақ офицерлердің сапалы білім алуы мен кәсіби саладағы шеберліктерін шыңдау жолында қызмет етіп келе жатқан үздік профессорлық-оқытушылар құрамының еңбегі зор. Оқу орнында 4 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, 140 магистр мамандар білім беруде.
Институтымызда курсанттардың инновациялық жаңашалану бағытында, заманауи деңгейде білім алуы үшін барлық жағдай жасалынуда және мемлекет тарапынан білім сапасын арттыруға басты назар аударылуда. Парламент депутаттары Дариға Назарбаева, Абай Тасболатов, Бақытбек Смағұл сияқты тұлғалардың оқу орнымыздағы профессорлық-оқытушылар құрамы және курсанттармен кездесу өткізуі соның айғағы. Кездесу барысында институттың оқу материалдық базасы, оқу орталығындағы тәжірибелік сабақтар жүргізуге арналған әскери техникалар, қару-жарақтар жағдайы қаралды.
Қазақстан Республикасы білім беру саласында 2010 жылы 11 наурызда Болондық оқу үдерісін қабылдады, ал әскери салаға бұл үдеріс 2016 жылдан бастап енгізілді, яғни қазіргі уақытта институтта білім беру осы жүйеде жүргізілуде. Білім берудің аталған жүйесінің өзіндік артықшылықтары сол бүгінде әскери кадрлардың жан жақты терең білім алуы және білім саласындағы озық тәжірибелерді игеру мақсатында 2018 жылы 21 тамыздағы №150-1/18 келісім бойынша Алматы қаласындағы Ақпараттық технологиялар халықаралық университеті мен РЭжБӘИИ арасында арнайы меморандумға қол қойылып, бүгінде ол сәтті жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда әлемдік деңгейде сұранысқа ие болып отырған киберқауіпсіздік мамандығы бойынша институт курсанттары біздің институттағы әскери біліммен қатар, әскери істегі киберқауіпсіздік мамандығында аталған оқу орнында білімдерін ұштастыруда.
Институт курсанттары ТМД елдеріндегі әскери жоғары оқу орындары арасында өткізілген математика пәні бойынша ІІІ және ІV Халықаралық олимпиадаларға қатысып екі жыл қатарынан олимпиада көшбасшыларының қатарында жүлделі орынды иеленді. РЭжБӘИИ командасы информатика, шет тілдері және әскери тарих пәндері бойынша өткізілген білім сайыстарында Қазақстан Республикасының намысын қорғап жоғары марапаттарға ие болды, сонымен бірге институт жеке құрамы Халықаралық «Кадекс» қару жарақ пен әскери техника көрмелерінің жұмыстарына қатысты.
Білім ордасында ғылыми зерттеу жұмыстарына да басты назар аударылған, мемлекетіміздегі жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми техникалық бағытта ғылыми мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Профессорлық-оқытушылар құрамы мен курсанттар әскери техникалар, қару-жарақтарды жетілдіру бойынша бірнеше грант және мақсатты бағдарламалы қаржыландыру шеңберіндегі ғылыми жобаларға қатысуда. Институт курсанттарының шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамыту бағытында Әскери радиоэлектроника және техника кафедрасының профессорлық оқытушылары жетекшілігімен робототехника үйірмесі ұйымдастырылған. Үйірме жұмысының нәтижесінде 2019 жылы Республикалық деңгейде өткізілген робототехника байқауында курсанттар жүлделі орынға ие болды.
Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі ұшқышсыз ұшу құралдарымен күрес жүргізу болса, институттың курсанттары мен оқытушыларының нақты жағдайға байланысты қарсыластың дрондық құралдарын жоюға бағытталған бірлескен ұжымдық жұмысы үлкен жетістік.
Институтта «РЭжБӘИИ ғылыми еңбектері» әскери техникалық журналы жүйелі шығарылып келеді және онда әскери саладағы алыс жақын шет ел ғалымдарының да еңбектері жарияланып отырады. «РЭжБӘИИ ғылыми еңбектері» журналы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2019 жылдың 2 қазанындағы № 689 бұйрығымен ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін комитет ұсынатын баспалар тізбесіне қосылды.
Тәжірибелі профессорлық оқытушылар құрамының жетекшілігімен курсанттар әскери қоғам жұмыстарына, ғылыми зерттеулер, ғылыми мақалалар жазу, ғылыми теориялық конференциялар жұмыстарына белсенді түрде қатысып отырады.
Әскери білім алумен қатар курсанттар институттағы түрлі спорт секциялары мен шараларға қатысып салауатты өмір салтымен белсенді шұғылданады. Халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда институт курсанттары жүлделі орындарды иеленді. Институт құрылған уақыттан бері 200-ден астам курсант спорт шебері, 4000 курсант дәрежелі спортшылар атақтарын иеленді. Институттың волейбол командасы үш рет қатарынан Қарулы Күштерінің жеңімпаздары болса, ТМД чемпионатында екі рет (Санкт-Петербург қ. 2011 ж., Астана қ.
2012 ж.) қола жүлдегер атанды және 2014 жылы Эквадорда өткізілген әлем чемпионатына қатысты. Республикалық, қалалық және ҚР Қарулы Күштері арасында өткізілетін «Спорттық бағдарлау» жарыстарына қатысып алдыңғы қатардағы орындарды иеленді.
Оқу орны басшылығы мен жеке құрамы болашақ офицерлердің бойында патриотизм, Отанға, елге деген құрмет, ұлттық рух пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Бұл бағытта курсанттарға қажетті жағдайлар жасалған және олардың мәдени рухани даму саласындағы клуб жұмыстарына қолдау көрсетіліп отырады. Әскери жоғары оқу орындары арасында алғаш құрылған «РЭжБӘИИ-ның көңілді тапқырлар клубы» соның көрінісі. Аталған клуб Қазақстан Республикасының КТК жоғарғы лигасына енгізілді. Батыр бабаларымыздың мұраларын зерделеп, әскери патриоттық рухты арттыруға серпін беретін әскери тарихи «Бес қару» клубы, зияткерлік бағыттағы «Легион» және ғылыми дебат клубтарының алатын орны зор. Институттың ғылыми дебат клубы республикадағы жоғары оқу орындары арасындағы дебат клубтарының ішінде сегіз жыл қатарынан жеңімпаз атанды.
Қорыта айтқанда, еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігінің кепілі – Қарулы Күштердің болашақ офицерлерін даярлауда айрықша орны бар оқу орнымыз биыл атаулы жиырма жылдығын қомақты жетістіктерімен атап өткелі отыр және болашақта оқу орнының әлемдік деңгейдегі озық әскери оқу орындары қатарына қосыларына сеніміміз мол.
Асқар МҰСТАБЕКОВ,
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, генерал-майор