Әкем Қайролла 1916 жылы Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Қарағай ауылында дүниеге келіпті. Өзінің айтуынша, 1926 жылы Масалы елді мекеніне қоныс аударған. Әке-шешесінің арқасында орта мектепті бітіріп, 1937 жылы Көкшетау педучилищесіне оқуға түсіп, 1940 жылы бітірген. Ашаршылық кезеңі, жарық жоқ, тамақ жеткіліксіз, бір үзім нан мен қара шайды қанағат тұтып, айдың жарығымен оқуға мәжбүр болған. Інісі Байзолла қыста ат-шанамен азық жеткізіп тұрған. Үнемдеп жеуші едік, деп жиі есіне алушы еді әкем.
1941 жылы наурыз айында әкем анамыз Марқаба Қасенқызына үйленеді. Алайда отбасылық өмірлері ұзаққа бармай, сұрапыл соғыс басталып, 1941 жылдың шілде айында майданға аттаныпты. Майданда жүріп партия қатарына өткен. Сержант атағын алған. Ата-енесінің жұбанышы болған – анам Марқаба мен әпкеміз Гүлшат. Әпкеміздің әкесі, атамның бауыры Мұхамедрахым Домаұлы 47 жасында майданға аттанарда әжеме: «Аман-сау келсем, қолыңыздан, сол жақта қалсам, о дүниеден аламын», деп аманат айтып кеткен екен. Сөйтіп Гүлшат әпкеміз 4 жасынан ата-әжемнің бауырында ешкімнен кем болмай еркелеп өскен. Әкесінен «қара қағаз» келіпті. Атамыздың есімі хабарсыз кеткен майдангерлердің тізімінде жазулы.
Әкеме соғыс біткен соң, Мәскеуде әскери қызметте қалуға ұсыныс жасалғанымен, ата-анасы рұқсат бермегеннен кейін елге оралыпты. Ол Ақсу орта мектебінде 45 жыл ұстаз болды, жоғары сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінен сабақ берді.
1995 жылы Жеңістің 50 жылдығының құрметіне әкем Елбасымыздың қолы қойылған «ҰОС-ға қатысушыға Президенттен» деген жазуы бар қолсағатты көзіне жас алып қабылдап, қолынан тастамай тағып жүрді. Сол тұста ата-анасын, бауырларын, майдандас жолдастарын есіне алып, арнайы ас берді. Біз Жеңіс солдаттарының қыздары болып өмірге келгенімізге ризамыз, бақыттымыз. Әкемнің артында үш қызы, жиендері қалды. Жиендері аталарының майдангер, мемлекеттік марапат иегері, ұлағатты ұстаз болғанын жақсы біледі, әрдайым мақтан тұтады. Өзім – әкемнің тұңғыш қызымын, 1947 жылы Ақсу жерінде өмірге келдім. Ата-анамыз үш қызын бетінен қақпай еркелетіп өсірді.
Әкемнің ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталғанын да айта кетейін. Құжаттары Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде (ЦАМО) сақтаулы. 23-шкаф, 8-жәшік. Мен осы хабарламаны 2020 жылы алдым.
Әкемнің өзінен кейінгі інісі Байзолла Қазезұлы 1917 жылы туған. 1938 жылы әскер қатарына алынып, фин соғысына, кейін Жапонияның Халхингол жеріндегі шайқастарға қатысқан. Әскери міндетін өтеп, елге оралайын деп тұрғанында Ұлы Отан соғысы басталып, Курск иінінде майданға кіреді. Соғыстың соңына дейін кеудесін оққа тосып, 7 жыл дегенде, яғни 1945 жылы ата-анасымен қауышыпты. Атамыз Қазез қуаныштан жалғыз биесін сойып, елге ас беріпті. Байзолла атамыз орыс тіліне өте жетік болғандықтан, карточка жүйесі бюросына жұмысқа орналасып, ұзақ жылдар халыққа қызмет көрсеткен. Ол 1945 жылдың күзінде Мәриям Фазылқызы анамызға үйленіп, шаңырақ көтерген. Мәриям Ақсу орта мектебінде ұстаз болды. Байзолла атамыз бен Мәриям анамыз 4 қыз, 2 ұл өсіріп, олардан 10 немере сүйіп, атамыз – 71, анамыз 68 жасында өмірден өтті.
Әкемнің кіші бауыры Махмет Қазезұлы 1924 жылы туған. 17 жасында өзі сұранып, әскер қатарына алынып, соғысқа Ярославль майданында кірген. Ол да 1945 жылы шілдеде елге аман-сау оралған. Еңбек жолын өрт сөндіру қызметінде бастаған. 1950 жылы Айша Қалиқызына үйленіп, шаңырақ көтеріпті. Тәтеміз де Ақсу мектебінде ұстаз болған. Қазез атамыз бен Қабиба әжеміздің балалары мен келіндері ел мақтан тұтатын үлгілі отбасыларына айналған. Махмет пен Айша өмірге 4 ұл, 1 қыз әкелді. Өкінішке қарай, аңсаған армандарына жете алмай ағам – 45, тәтем 43 жасында өмірден өтті. Балалары аман-есен ержетіп, оқып, шаңырақ көтерді. Сөйтіп әке-шешесінің өмірлерін жалғастырып жатыр. Біз, ұрпақтары әр жыл сайын 9 мамырда бейіт басына барып, тағзым етеміз.
Бикеш ҚАЙРОЛЛАҚЫЗЫ
НҰР-СҰЛТАН