Қоғам • 07 Мамыр, 2021

Самал Еслямова «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында болып «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасын тамашалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Самал Еслямова «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды

Кеш шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың директоры Асхат Маемиров ашып, көрермендерге театрдың қонақтарын таныстырып өтті.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух – балалық шақтан бастау алатын, жас ұрпақтың дүние танымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін Абай ғұмырының бозбала кезеңін арқау етеді. Аталған қойылымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова жас Абайдың анасы Ұлжанның рөлін сомдады.
Спектакльден кейін алғашқы болып сөз тізгінін алған министр Ақтоты Рахметоллақызы қазақ сахнасына жаңа жас театр келгенін, жас болса да, талантты актер, актрисалардың өнеріне тәнті болғанын жеткізді. Сонымен қатар, театр бір адамның еңбегі емес, барлық ұжымның еңбегі екенін, енді осы Музыкалық жас көрермен театрының тұрақты көрермені болатынын, аталған театрдың болашағы жарқын болатынына сенімді екенін айтты.

Министр Музыкалық жас көрермен театрының актрисасы Самал Еслямованың қоржыны кезекті марапатпен толыққанын атап өтіп, Ресей кинематография өнері академиясының «Ника» жүлдесін табыстап, былай деп құттықтады:

«Құрметті Самал Ілиясқызы!

Сізді бүгінгі марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

2018 жылы көрерменге жол тартқан «Айка» фильмі көпшілік пен киногерлер тарапынан жоғары бағаланып келе жатқанына қуаныштымын. Расында бұл туынды кейіпкері өмірдегі күрделі сәттер арқылы бізге ой салып, жігерлендіреді. Талайлы тағдыр иесінің жағдайы көрген жанды толғандырады. Жан дүниесін бір ысытып, бір суытып, әлеуметтік мәселелердің өзектілігін жүрекке жеткізеді.

Кино әлемінде кеңінен танылған Канн кинофестивалінен кейін осы «Ника» жүлдесіндегі «Үздік әйел рөлі» номинациясындағы жеңіс Сіздің бұдан да биік белестерге бастай беруіне тілектеспін. Лайым талғампаз көрерменді немқұрайды, жайбарақат қалдырмайтын фильмдеріңіз бен образдарыңыздың қатары арта берсін! Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс пен шығармашылық шабыт тілеймін!», деп министр «Ника» жүлдесін табыстады.

Сонымен қатар, министр Ақтоты Рахметоллақызы театрдың жетекші актрисасы Самал Еслямова мен бірге «Айка» және «Тюлпан» фильмін ғана емес, барша қазақ өнерін Самалдың жеңісі де әлемге танылуына себепкер болған режиссердің де үлкен жұмысы екенін атап өтіп, оның режиссерлік еңбегіне одан да жоғары шығармашылық табыстар тілеп, ресейлік режиссер Сергей Дворцевойды «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.