Тарих • 08 Мамыр, 2021

505-ші түрменің тұтқындары

1173 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес елінің басшысы Сталин Моңғолияға экономикалық қолдау көрсету мақсатында 1947 жылы «Наушки-Ұланбатыр бағытында теміржол құрлысын салу туралы» бұйрыққа қол қойды. Жұмысты ұйымдастыру үшін Ішкі істер министрлігі «отанын сатқандардан»  құралған «505-ші» түрмені жасақтады. Бұған жазасын өтеп жатқан 80 мың адам тартылып, теміржол құрлысын басқаруға тәжірибелі инженер генерал-майор Ф.А.Гвоздевский тағайындалды. 80 мың тұтқынның көбі соғыста немістің қолына түскен кеңестік солдат-офицерлер болса, соның 3000-ы таза власовшылар.

505-ші түрменің тұтқындары

Осы тұтқындар арасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған адамдар да болды. Бұлардың көрген қиындығы өз алдына бөлек әңгіме. Түрмеден қашып шыққандар да болыпты. Олар Ресей-Моңғол шекарасын бөліп жатқан Қанғай-Саян тауларының ну орманын паналап өмір сүрген. Соңғы жылдары осы қашқын-батырлар туралы шетелдік басылымдарда жазылып жүр...

Бұғауды бұзған – Утомцев

Петр Утомцевтің туған жері Рязань облысы. 1941 жылы 19 жасында майданға шақырылып маршал Рокоссовский басқарған 16-шы армия сапында Мәскеуді қорғауға қатысқан. Генерал В.Родимцев басқарған 13-ші армияның 112-ші дивизиясында барлаушы болған. Кейін полковник Солочуб басқарған дивизияның автоматшылар ротасын басқарып, Сталинградты азат ету майданында 48 күн қоршауда болып, содан тірі шыққан 13 адамның бірі. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Соғыс кезінде Утомцевтің ерлігі туралы майдан газеттерінде өте көп жазылған.

Утомцев 1944 жылдың басында Белоруссияның Гомель қаласы маңында жаралы күйінде немістердің қолына түседі. Бабельсберг лагерінде тұтқында болған оны біреулер танып бұл «Сталинградтың атақты батыры» екенін жеткізеді. Немістер батырды жеке күтімге алады. Онымен қоймай Германияның беделді басылымдары «Атақты батыр Петр Утомцев өз еркімен фюрер үшін қызмет етуге келісті» деген мақаланы батырдың фотосымен қоса жариялайды. 1945 жылы Кеңес әскери трибуналы немістерден босап шыққан Утомцевті өлім жазасына кеседі. Артынан жоғарғы сот үкімді 25 жылға алмастырады. Ол 1948 жылы 505-шілер сапында Моңғолияға келеді. Оны фашистердің «Зондер командасында» қызмет еткен нағыз сатқындар тобына қосады. Оларға көрсетілген азапты ауызбен айтып жеткізу қиын. Адам өлімі жетім лақтың құнындай...

Бір күні қасында екі адаммен бірге Утомцевті күзетші солдаттар орманнан саңырауқұлақ теруге алып шығады. Осы сәтті пайдаланып үшеуі қашады. Қасындағы екі адамның бірі патшалық Ресей офицері екен. Оған қуғыншылар оғы тиіп өледі. Екінші власовшыны аю жеп қояды. Орманда жалғыз қалған Утомцевті қолға түсіру үшін бірнеше дүркін арнайы жасақ жіберілген. Олар ешқандай нәтиже шығара алмаған. Бұл өз алдына үлкен әңгіме.

Утомцевтің кейінгі өмірі Моңғол елінің Селенге аймағында өткен. 1959 жылы жалғызбасты моңғол әйелге үйленген. 1960 жылы туған Аюуш атты баласы қазір Ұланбатыр қаласында тұрады. Осы ұлының айтуы бойынша әкесі Петр 1970 жылдың соңында дүниеден өтіпті.

Сұрмерген Сусаев

Сусаев 1942 жылы Смоленск маңында болған шайқаста ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыр атағын алған. Өз полкінің маңдайалды мергені атанған ол 1943 жылы абайсызда немістер қолына түскен. Кейбір деректерде атақты мерген Зайцев мен Сусаевты қолға түсіру үшін немістер арнайы жасақ жұмсағаны жөнінде айтылады. Сусаев 1945 жылдың қаңтар айына дейін Биркнау лагерінде тұтқында болып, кеңес әскері босатқан соң 248-ші атқыштар дивизиясында мергендер қатарына қайтадан қосылған. Праганы азат етуге қатысқан.

Соғыс аяқталып туған жері Қалмақияға оралады. Кешікпей атақты мерген Сусаев «сатқындар» қатарынан табылып 25 жылға сотталды. 1948 жылы Моңғолияда құпия ашылған уран өндірісіне айдалады. Құпия кеніште 12 мың «сатқын» солдат күндіз-түні жұмыс істеп тірідей азапталады. 1950 жылы осы кеніштен мерген Сусаев қашып кетеді.

Күүле хан тауында бекінген оны 1951 жылы қолға түсіру үшін 500 әскер аймақты бүтіндей қоршап алып, дауыс зорайтқышпен «өз еркіңмен беріл, тиіспейміз» деп жар салады. Сусаевтан жауап болмаған соң әскерилер оны ұстау үшін шеп құрып аттанады. 10 күннің ішінде 30 шақты солдатынан айырылған ізкесушілер іздеуді тоқтатады. 1952 жылы Кеңес елінен арнайы дайындалған 30 чекист Сусаевты қолға түсіру үшін Күүле тауына келіп бекінеді. Екі апта қашқынның ізіне түскен чекистердің 14-і жер жастанады. 1953 жылы мұздай қаруланып ізіне түскен 300 жасақты тағы жусатады.

Амалы таусылған үкімет айлаға көшеді. 1954 жылы мәскеулік Катерина атты чекист әйелді жергілікті орыс бағбан Климовтың Ресейде тұратын туысының қызы есебінде үйіне әкеліп орналастырады. Катерина ала жаздай жалғыз өзі ән салып жүріп таудан жеміс тереді. Оны алыстан бірнеше ай бақылған Сусаев бір күні таудан түсіп әнші әйелге жолығады. Уақыт өте келе бауыр басады. Кезекті бір кездесуге уәделескен сәтті пайдаланып әбден ысылған 12 мерген тұзақ құрады. Сусаев өте қауіпті адам болғандықтан мергендерге кез келген жерде атуға бұйрық беріліп қояды. Сусаев осылайша қаза табады.

Қарасақал Машуз

Жоғарыдағы атақты «505»-тен қашып шығып аман қалған адамдардың бірі – Машуз. Ол 1903 жылы Мәскеуде туған. 1925 жылы офицерлер мектебін тәмамдап, Белоруссия жерінде әскери міндетін орындап жүріп, фин соғысына қатысқан. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Машуз батальон командирі екен. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Бірақ жеңістен кейін оған «майдан шебінде жүріп власовшылармен құпия байланыс жасады» деген жала жабылып «сатқын» ретінде «505»-тің құрамында Моңғолияға айдалған.

Темір жол құрлысында жүріп ебін тауып қашып шыққан. Шекара асып орыс жеріне өтіп алып, «505»-ке «Моңғолиядан қашып шыққан Машуз Новосібірде жүк тиеген вагон үстіне қашып бара жатып, құлап қаза тапты» деп телеграмма жіберіп үлгереді. Өзін «өлдіге» жатқызғаннан кейін қайта айналып Моңғол жеріне өтіп, жалғыз өзі орман ішінде өмір сүреді. Жергілікті жұртпен аралас-құралас байланыс жасайды. Бағалы аң терілеріне азық-түлік айырбастайды.

 Бір күні Машуз жергілікті «атамандармен» тайталасып жүріп біреуін өлтіріп алады. Сөйтіп Моңғолия заңымен 15 жылға сотталады. Түрмеде жүріп қасындағы моңғол достарынына өзінің кім екенін және бастан өткен өмір тарихын айтап берген көрінеді. 1990 жылы Ұланбатырда «Қарасақал Машуз» атты шағын кітапша жарыққа шықты.

Газель немесе «Майор асуы»

Соғыстан кейінгі АҚШ-КСРО текетіресіне себеп болған дүниенің бірі – атом қаруы. Кеңес одағы атом қаруын жасау үшін қажет уран өнімдерін моңғол даласынан да тасыды. Сондай кеніштің бірі – Кентей аймағы жеріндегі Мандал шахтасы. Осында «сатқын-тұтқындар» еңбек еткен. Олардың жұмыс күні 12-14 сағат.

Бір күні тұтқындар тұрмыстың ауырлығына шағымданып, басшылыққа хат жолдайды. Оны апарып беру қатардағы тұтқын, Кеңес Одағының Батыры майор Газельге жүктеледі. Батыр-тұтқын шағымхатты табыстау үшін штабқа барады. Осы жерде оңбай соққыға жығалады әрі намысқа тиетін ауыр сөздер естиді. Ашуланған батыр күзетшінің мылтығын жұлып алып, бақылаушы солдаттармен атысады.

Газель соғыста мергендер ротасын басқарған әрі «Ворошиловтың жеке мергені» деген атақ алған даңқты жауынгер екен. Күзетшілерді жусатып салған майор Газель орманға сүңгіп жоқ болады. Артынан чекистер қаншама жыл іздесе де табылмайды. Қысқасы өлдіге санап қойған тәрізді.

Бірақ Газель өлмеген. Екі ел шекарасы маңындағы биік асуға бекініп алып жата берген. Кейін жергілікті моңғолдармен араласып өмір сүрген. Халық Газель бекінген асуды әлі күнге дейін «Майор асуы» дейді.