Аймақтар • 08 Мамыр, 2021

Жетпіс жеті жылдан кейін келген марапат

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кешегі ел басына күн туған күрделі кезеңде еліміздің әр аймағындағы азаматтармен бірге Әулиеата өңірінен де мыңдаған ерлер майдан даласына аттанды.

Жетпіс жеті жылдан кейін келген марапат

Оқ пен оттың ортасында жүріп Отанды қорғаған жауынгерлер ерліктің теңдессіз үлгісін көрсете білді. Ерен ерлігі үшін сол кезде 20 жамбылдық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген екен. Бірқатар азаматтар жоғары дәрежелі «Александр Невский» орденімен де марапатталған. Невский орденін алғандардың ішінде жерлесіміз Рахымберді Досмұхамбетов те бар еді.

Рахымберді Досмұхамбетов 1920 жылы Жамбыл облысы, сол кездегі Ақжар, қазіргі Жасөркен ауылында дүниеге келген. Ол 19 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, 1940-1944 жылдары ұрыс даласында болған. Жас жауынгер сол кезеңде ерекше ерлігімен көзге түсіп, бүтін бір батальонды басқарып, аға лейтенант әскери шенін иеленген екен. Кейіннен 28-Невель атқыштар дивизиясы 88-полкінің атқыштар ротасының командирі болып қызмет атқарған. Рахымберді Досмұхамбетов Пахомово деревнясы үшін неміс басқыншыларымен болған шайқаста 7 жауынгерімен бірге шабуылға бірінші болып кіріп, 9 жауды жайратқан. Майдан даласында жараланғанына қарамастан, ұрысты жалғастырған. Өзінің жағдайы ауыр болса да жараланған капитан Моисеевті шайқас алаңынан арқалап алып шығып, жауынгерлік міндетіне адалдық танытқанын әулиеаталық ардагерлер айтып келеді. Аталған ерлігі үшін Рахымберді Досмұхамбетовке 1944 жылы 6 ақпан күні «Александр Невский» ордені беріліпті. Алайда, ауыр жараланған командир алты ай бойы госпитальде жатып, марапаттары мен құжаттарын жоғалтып алған екен.

Одан бері жетпіс жылдан астам уақыт өтті. Бұл күнде сол бір сұрапыл күндердің тірі куәгерлерінің, шынайы шежірешілерінің қатары азайып барады. Десе де, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Жан алысып, жан беріскен қанды жорықтарда әрбір жауынгердің көрсеткен ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ерліктің мәңгі өлмейтіні, естен шықпайтыны ақиқат. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Жамбыл жұртшылығына жылы хабар жетті. Осыдан 77 жыл бұрын жауынгер Рахымберді Досмұхамбетовтің госпитальде жатқан кезінде жоғалтып алған марапаттары елге оралды. Тағдырлы марапат араға жылдар салып өз иесін тапты. Бұл марапат жарты ғасыр бойы Румыния мемлекетінің астанасы Бухарест мұражайында сақталған екен. Мұрағаттық құжаттардың ішінен «Александр Невский» орденінің қосымшасы мен орден кітапшасы шықты. Құнды құжатта «Дәрежесі жоғары орденмен Қазақ КСР-інде туған Рахымберді Досмұхамбетовтің марапатталғаны» туралы жазылған. Сонымен қатар, жазбада жауынгердің жанкештілігі мен өмір жолы туралы да тың деректер келтірілген.

Кезінде жамбылдық жауынгерге берілген бұл марапат Ұлы Жеңістің жетпіс алтыншы көктемінде туған топыраққа оралып отыр. Бұл көрініс ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Осы бір айтулы мереке қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымберді Досмұхамбетовтің немересі Бауыржан Досмұхамбетовпен кездесіп, оған «Александр Невский» орденін табыстады. Сондай-ақ, әкім өте сирек табысталатын марапатқа жерлесіміз Рахымберді Досмұхамбетовтің де ие болғаны баршаға үлгі-өнеге екенін, кезінде жоғалған орденді арада жылдар өткенде батырдың немересіне табыстау өзі үшін үлкен құрмет екенін атап өтті. Сонымен қатар, көпшілік қан майданда шейіт болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, оларды еске алды. Ал, батырдың немересі Бауыржан Досмұхамбетов атасының ерлігі бүгінгі ұрпаққа да үлгі болатынын жеткізді. «Атамыздың орденіне қатысты материалдарды іздестіріп, оның табылуына атсалысқан барша азаматтарға әулетіміздің атынан рахмет айтамын. Кезінде бабаларымыз қанын төгіп, Отанды қорғаған. Енді бізге аманат етіп қалдырған ел мен жерді көздің қарашығындай сақтау біздің міндетіміз», дейді ол.

 

Жамбыл облысы