Аймақтар • 08 Мамыр, 2021

Қызылорда аяқ су тапшылығын тартпауы тиіс

805 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев облыс орталығын аяқ сумен қамтамасыз етілуі мен су тартуға арналған насостық құрылғылар жұмысымен танысты. Қала әкімі алдымен Тәуелсіздік даңғылының бойында орналасқан насостық құрылғының жай-күйін көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда аяқ су тапшылығын тартпауы тиіс

Дария деңгейінің төмендеуіне байланысты бұл жерден аяқ су тарту мүмкін болмай тұр. Соның салдарынан тұрғындар аяқ судан тапшылық көруде. Жауаптылар жағдайды оңалту мақсатында насосты қайта орналастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Әбілқайыр хан көшесіндегі су тарту құрылығысының да жұмысын бастауына су деңгейінің төмендеуі кедергі болып тұр. Қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаевтың айтуынша қосалқы құбыр жалғап, су шығаруға болады. Шаһар басшысы мамыр айының 10-на дейін тиісті жұмыстарды жүргізіп, насосты іске қосуды жүктеді.

Сыр Ана монументінің жанынан су тартып, Арай каналына жіберетін насостың да орнын алмастырып, қайта құру жұмыстары жүргізілуде.                    Сырдағы судың төмендігі насосты бірнеше метр төмен түсіруді қажет еткен. Орын алмастыру жұмыстары 10-мамырда толығымен аяқталатын болады. «Сырдың жағасында тұрып, аяқ судан тапшылық көрмеуіміз керек», - деген шаһар басшысы насосты межелеген уақыттан кешіктірмей қосу керек екендігін баса айтты.

Ал Жібек жолы каналына су айдайтын станция 20-сәуірден бастап жүйелі жұмыс істеп тұр. Н.Назарбаев даңғылының бойында орналасқан қаладағы негізгі арық жүйелерін аяқ сумен  қамтитын станцияда 4 насостық құрылғы орнатылған. Оның екеуі үзіліссіз жұмыс істесе, қалған екеуі қосалқы құрылғылар. Қала әкімі бұл аумақтағы насостардың да жұмысымен танысты.

Жалпы қала бойынша ұзындығы 54,6 шақырым арық жүйелері мен                   31,3 шақырым болатын 20 канал бар. Каналдар бойына қаланы аяқ сумен қамтуға арналған 13 насос қондырғылары орнатылса,қосымша жасыл желектерді суаруға арналған арнайы 11 дана жер асты ұңғымалары жұмыс істейді.

Аралау барысында шаһар басшысы қаланы аяқ сумен қамту күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екендігін айтып, мәселенің толыққанды шешімін  тауып, түйткілдің түйінін тарқату жолдары әлі де қарастырылатындығын жеткізді.