Бүгінгі форумға мектептегі 20 жылдық жұмысымның іс тәжірибесін алып келдім.
Ұлжан ЕСНАЗАРОВА, Алматы қаласындағы №138 мектептің мұғалімі:
– Оқушыларым пән олимпиадасында ылғи да жақсы көрсеткіштермен көзге түсіп, білім саласында әжептәуір нәтижелерге қол жете бастаған тұста Білім және ғылым министрлігінің пәрменімен 1991 жылы географиядан республикалық деңгейдегі Есназарованың атаулы мектебі ашылған болатын. Бүгінде осы білім ұясы тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінгі форумға мектептегі 20 жылдық жұмысымның іс тәжірибесін алып келдім. Атаулы мектепте Қазақстан географиясын алғаш рет жеке пән ретінде оқытуға арналған бағдарлама жасалды. Одан кейін 1995 жылы оқулық Білім және ғылым министрлігі мен “Сорос-Қазақстан” қорымен бірлесіп өткізген гуманитарлық білімді жаңғырту байқауында жеңімпаз атанып, қордың гранты бізге бұйырған болатын. Қазіргі таңда Қазақстанның физикалық географиясы төрт тілге аударылды. Ол біртіндеп орыс, тәжік, өзбек мектептерінде де оқытыла бастады. Оқу-әдістемелік кешен жасалынды. Оның аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның бәрінің түйіні ретінде айтатыным – 2005 жылы өзімнің жасаған оқу-әдістемелік кешенімнің негізінде Қазақстанның географиясы бойынша оқу-әдістемелік кешен жасаудың ғылыми негіздері деген тақырыпта докторлық диссертациямды қорғап шықтым.
Атаулы мектебімнің жеті мүшесі қазір ғылыми ізденуші. Біреуі жақында кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. Білім мен ғылымды ұштастырып жүрген мұғалім ретінде айтарым, бұл кәсіп бір-екі жылда үйіп-төгіп жеміс бере салмайды, талай белесті артқа тастататын мехнатты жол.
Александр МАГДОДАРОВ, Беларусь Республикасы:
Бүгінгі шараны көрмелерді тамашалаудан бастадық. Кімнің не іс тындырғанын баспалардан жарық көрген осы құндылықтар-ақ тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Кітаптың сапасы мен саны әрқалай болса да, бәріміздің көкейімізде бір ғана мәселенің тұрғаны анық еді. Ол – ежелгі көршілік қарым-қатынасымыздың, жақын байланысымыздың қажеттігі. Өйткені, қай өткелден де бір-бірімізге сүйеу бола білсек, тез өте шығарымыз анық. Сондықтан съезді жоғары деңгейде өтіп жатыр деймін. Шараны ұйымдастыруға қаншама күш жұмсалғаны көрініп тұр. Қазақстанның білім саласынан үйренетін нәрсе көп екен. Мұндағы инновациялық жобалар қызықтырады. Интерактивті тақтамен жұмыс істеу тәсілдері бойынша білмейтін жақтарымызды толтырып кетіп барамыз. Беларусьтен келген 27 адамның әрқайсысы бір-бір кемел ойға кенеліп, жаңашыл бір үлгіні іліп барады деуге толық негіз бар.
Мажиддин САЛИХИДДИНҰЛЫ, Тәжікстанның “Маориф ва Фарханг” баспасының қызметкері:
Астанада біздің баспа бірінші рет өз өнімдерін таныстырып отыр. Негізінен жоғары оқу орындары мен мектептерге оқулықтар шығарумен айналысамыз. Табысымыз айтарлықтай. Тәжікстаннан 20 адам келдік. Бәрі білім саласында талай жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті ұстаздар. Ал, съезге қатысу себебіміз туралы айтатын болсақ, Қазақстан мектептерінен үйренетін үрдістер өте көп деп естиміз. Әлемдік стандартқа өткен мектептердің тәжірибелерінен үйренгіміз келеді. Рухани қарым-қатынастың осындай тамаша жолын енді ешбір қиындық бұзбасын деп тілеймін.
Андрей РОГОЗОВ, Ресей, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі:
– Барлық адамзат баласына ортақ бір құндылық бар. Ол – білім. Сондықтан осы ізгілік шырағын іздеген адамдар міндетті түрде бір нүктеде жолығысып, бір кемеге тағдырлары байланады. Бүгін сондай ой-мүдделері бір жандар бас қосуда. Және бұл сала адам баласының игілігі үшін ғана қызмет ететін болғандықтан, мұнда тек оны шын көңілмен қалаған зиялы жандар тоғысты деп есептеймін.
Өзім орыс тілі мен әдебиеттен сабақ беремін. Оқыған-тоқығаным бір басыма жететіндей де. Бірақ өзін болдым, толдым деген адам ештеңе білмейді деген сөз бар емес пе? Сондықтан мұндай қорытындыдан қорқамын. Үнемі бір жаңалық тапсам деп іздене беремін. Съезден көп жаңалық күтемін.
Астана қатты ұнады. Бұл сөзді жәй көңілге қарап айтып отырған жоқпын. Әуежайда автобустан кешігіп жалғыз өзім қалып қойдым. Ешкімнің телефон нөмірін білмеймін, тағы бірде-бір адамның аты-жөні есте жоқ. Бірақ осы аралықта қаншама жанның жылы сезіміне бөленіп үлгердім. Жолда қалдырмады. Әйтеуір әркімнен сұрастыра келе съездің өтетін орнын тауып алдым. Шараның дәл үстінен түстім.
Ольга МЫРЗАКЕЛДИЕВА, Көкшетау, қазақ тілінің мұғалімі:
Қырық төрт жылдан бері мұғаліммін. Орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ беремін. Біраз оқулықтың авторымын. Соның ішінде 6-сыныптың оқулығын жаздым. Тағы да басқа еңбектерім жетерлік. Оның бәрін тізбелеп айтпай-ақ қояйын. Еңбегіңнің бағасын өзгелер беруі керек қой. Ал мен мына съезге мол үміт артып келдім. Әлемнің әр елінен саңлақ мұғалімдер жиналатынын естіп, тағатсыздана күттім. Игі жақсының басы қосылып, білім саласының түйткілдерін бірге шешуге, бірлесіп іс жүргізуге бекінуі қанаттандырды. Осыдан мен де өзіме керегімді тауып қалармын-ау деген үміт оты жылтырайды. Өңірлердегі мұғалімдер үшін бұл шара бір жылға рухани азық болды деп ойлаймын.
Қабиба БӨЛЕКБАЕВА, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр орта мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
Бұған дейін де бірнеше мәрте республикалық семинарларға, жаңашыл мұғалімдердің форумына қатысып, өзара тәжірибе алмасу жағынан кенделік кешкен жайымыз жоқ. Жеке кітабым жарық көрген. Ал енді мына съезден не күтесің десе, одан үлкен әсермен оралып бара жатқанымды айтар едім. Заман талабына сай болуы үшін қазақ мектептеріне қазіргі таңда не керек, жастарды әлемдік деңгейдегі біліммен сусындату үшін ауыл мектептеріне не керек, жұмысты қалай ұйымдастыру керек деген сияқты көкейдегі көп сауалдың біразына нақты жауап тапқандаймын. Мұнда үйренгендерімді мектептегі жұмысыма үйлестіріп, одан әрмен қарай да оқыған-түйгенімді шәкірттерімнің бойына дарытуға тырысамын. Отыз жылдан бері ағылшын тілінен сабақ беріп келемін. 2007 жылы АҚШ-та өткен дүниежүзілік байқауға қатысып, Американың грантын жеңіп алдым. Америкада, Жапонияда жұмыс істеп жүрген шәкірттерім бар. Ұстазға осы мерейден асқан не бар?
Лилия БАПАСЯН, Армения, баспагер:
Меймандос қазақ халқы бізді ұзақ уақыт көрмеген ең жақын досындай ыстық құшағын жайып қарсы алып жатыр. Мұндай сезімдер ешбір сөздің қауызына сыймас еді. Бізді Білім вице-министрінің өзі бастап келді. Съезде көп әріптес достарды таптық. Осындай бауырмал қарым-қатынастар жалғаса берсін, Армениядан келген жеті адамның тілегі осы. Ендігі кезекте қазақтар біздің елге келіп, бір-бірімізбен араласып-құраласып жатсақ, жаман ба? Осындай байланысқа жететін түк жоқ.
Болат ӘБДІКӘРІМҰЛЫ, агроуниверситеттің оқытушысы:
Мұндай халықаралық басқосулардан өзіңе пайдалы көп нәрсе алуға болады. Ең бастысы, басқалардан қай жағымыз осал екенін, немізбен озық екенімізді айыра білу үшін де мұның пайдасы ұшан-теңіз бе деп қалдым. Өйткені, бұл жағынан Ресейден үйренетін нәрсеміз көп. Олардың озық тәжірибелерін қолданудан тартынбауымыз керек. Абай данышпан: “Оқу-білім – орыста” дегенде, қазақты менсінбегендіктен айтқан жоқ қой, қайта туған халқына шын жаны ашығандықтан өзгенің озығынан жиренбесін, жақсысымен жанын байытсын деген оймен жұртты орыстан үйренуге үндеген жоқ па? Сол сөз әлі ескірген жоқ.