Өнер • 10 Мамыр, 2021

Көктемнің жеңіс симфониясы

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 мамыр күні «Астана Опера» сахнасы мазмұнды концерттермен қарсы алады. Үлкен залда тыңдарман қауым назарына «Көктемнің жеңіс симфониясы» жарқын бағдарламасы ұсынылып, камералық залда «Естелік әрі даңқты әндер» концерті орындалады.

Көктемнің жеңіс симфониясы

«Астана Опера» әртістері мерекелік репертуарды айрықша жауапкершілікпен әзірледі. Концерттердің бағдарламасы бейбітшілік үшін аянбай күрескен қайсар жандардың батырлық пен батылдыққа толы өмір жолы туралы мәдени естелік­терді сахна төріне шығаруды көздеді.

Тыңдарман назарына ұсынылған «Көктемнің жеңіс симфониясы» концер­тінің авторы – маэстро Абзал Мұхитдин «Астана Опера» симфониялық оркестріне жетекшілік етеді. Танымал дирижер клас­сикалық музыка жауһарын – Д.Шос­таковичтің №7 симфониясын («Ле­нин­­градтық») орындады. Аталған му­зы­калық шығармада соғыстың қасі­рет­ті алғашқы айларында туған, онда ленинградтықтардың өз қаласы мен еліне деген жанкештілігі мен шексіз махаббаты, ең бастысы – жеңіске деген қалтқысыз сенімі баяндалады. Кешті Р.Глиэрдің оркестр мен колоратуралық сопраноға арналған концерті жалғастырды, сопрано партиясын Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова ұсынды. Со­нымен қатар Р.Штраустың гобой мен оркес­трге арналған концерті шырқалып, гобой­дың жеке партиясын халықаралық бай­қаулардың лауреаты Ислам Әлиев орындады.

Ал камералық залда опера өнерсүйер қауымға арналған «Естелік әрі даңқты әндер» концерті бағдарламасына опера солистері, хор әртістері мен оркестрдің орындауындағы қазақ, орыс және батыс еуропалық классиканың озық үлгілері, сонымен қатар соғыс жылдарындағы танымал әндер мен сүйікті әуендер енді. Жәмила Жарқымбаеваның орындауында М.Исаковскийдің сөзіне жазылған көп­­шілік сүйіп тыңдайтын «Огонек» әні шырқалды, Айзада Қапонова М.Иса­ков­скийдің сөзі мен М.Блантердің музыкасына жазылған «Катюша» композициясымен өнер көрсетті. Ал Алмат Ізбамбетов пен Мұқан Төлебаевтың «Тос, мені тос» әнін ұсынса, Булат Окуджаваның сөзі мен музыкасына жазылған атақты «Нам нужна одна Победа» әнін көрермендер көп жылдар бойы орындаушымен бірге шырқап келеді.

– Мәдениет пен өнерімізді дамытуға, сәттіліктерімізге қуануға, жоспар құрып, ертеңгі күнімізге үлкен сеніммен қарауға мүм­кіндік берген барлық батырымыз­ды құрметтейміз, олар біздің мәңгі ж­а­ды­мызда. Осы бір айрықша күні со­ғыс жолын абыроймен өткен барша жан­ға сүйіспеншілік пен ерекше құрме­тіміз­ді білдіреміз, барлығын мерекемен құт­тықтаймыз. Мықты денсаулық, бірлік пен күш-қуат тілейміз, – деп атап өтті «Астана Опера» әртістері.