Әлем • 12 Мамыр, 2021

Францияда мәдениет майданы қызды

357 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ЛОНДОН. Франция президенті Эммануэль Макрон қайтыс болғанына 200 жыл болған Наполеон Бонопарттың қабіріне гүл шоғын қою арқылы елдегі мәдениет майданын одан әрі күшейте түсті. Франциядағы қоғамға түскен жікті жазуға мүмкіндік бар ма, әлде кейбіреулер болжағандай, мемлекет «қанқұйлы азаматтық соғыстың» алдында тұр ма?

Францияда мәдениет майданы қызды

Наполеонның мұрасы жөніндегі пікір баяғыдан-ақ екіге бөлінген. Оны жақтайтындар қазіргі француз мемлекетін құрудағы рөлін жоғары бағалайды. Сынайтындар миллиондарды құл еткен отарлаушы ретінде айыптайды. Бірақ бұл мәселенің қазіргі таңда өзектілігі артты. Әсіресе, өткен айда отставкадағы 20 генералдың ашық хаты жарияланғаннан кейін тіпті күшейе түсті.

Генералдардың айтуынша, Франция бүгінде ыдырау сәтін бастан кешіп жатыр. Атап айтқанда, «исламизм мен banlieue ордасы» (француз қалаларының маңындағы кедей, иммигранттар мекендеген аймақтар) секілді «қанқұйлы қауіп» бар. Келесі қауіп – «Францияны, елдегі мәдениет пен дәстүрді» мансұқтайтын расизмге қарсы қозғалыс көрінеді.

Францияның көп ұзамай тарайтыны туралы болжам бүгін туындап отырған жоқ. Мишель Хуэлбек 2015 жылы жариялаған «Бағыну» романында Францияда ақ нәсілді ұлтшыл қозғалыс сайлауда жеңіліске ұшырағаннан кейін зайырлы солшылдар ислам үкіметін құруды қолдауы туралы жазған.

Бірақ француз истеблишменті әрқашан мұндай әңгімелерді жоққа шығарады. «Франция – Мишель Хуэлбек емес ... Бұл төзімсіздік, жеккөрушілік және қорқыныш емес», деп мәлімдеді сол кездегі премьер-министр Мануэль Валлс «Бағыну» романы жарияланғаннан кейін. Сол секілді Францияның қазіргі премьер-министрі Жан Кастекс генералдардың хатын «ең қатаң түрде айыптайтынын» жеткізді.

Әйтсе де, елде бұған келіспейтіндер көп. Хатты мыңдаған белсенді мен зейнетке шыққан әскерилер қолдайтынын білдірді. LCI (мемлекеттік жаңалықтар арнасы) жүргізген әлеуметтік сауалнамаға сүйенсек, респонденттердің басым бөлігі (58 пайыз) генералдардың иеремиадасын қолдайтынын айтқан. Хаттың нақты тұжырымдарының ішінде «республиканың заңдары орындалмайтын бірде-бір қала не аймақ болмауы керек» деген тармағы ең көп қолдау тапты (86%).

Бұл халық арасында кең тараған пікірді – полиция бұзақылық жиі болатын banlieue аймақтардан алыс жүреді деген нанымға сенетіндердің көп екенін көрсетеді. 2005 жылғы қарашада полициядан қашқан қара нәсілді екі бозбаланың кездейсоқ өлімінен кейін үш апта бойы түнгі көшеде тәртіпсіздік орнап, сол кездегі президент Жак Ширак елде төтенше жағдай жариялаған. Енді тұрғындардың басым бөлігі banlieue аймақтар тағы бір тәртіпсіздікке дайын екеніне, билік оның алдын алу үшін жеткілікті әрекет жасамай отырғанына сенеді.

Әрине, бұл француздардың полицияға қатысты жалғыз мәселесі емес. Өткен жылы Париждің орталық бөлігінде өткен Black Lives Matter (BLM) шерулері генералдар айыптап отырған «нәсілшілдікке қарсы күштер» иммигранттар мен өзге нәсілдегі адамдардың шектен тыс қатыгездікке ұшырағанына сенімді екенін көрсетті. Бұл елеуге тұрмайтын мәселе емес. Он немесе одан да көп адамның жиналуына тыйым салынғанына қарамастан, шеруге он мыңдаған наразылық білдіруші қатысты.

Алайда, баррикаданың арғы жағындағылар үшін бұл иммигранттар мен басқа нәсілдегі адамдар өздерін құрбан етіп көрсетуге талпынып жатқан сияқты көрінуі мүмкін. Неге десеңіз, француз полициясының ақ нәсілді наразылық білдірушілерге қарсы қатыгездігі ұзақ жылдан бері ұмытылған жоқ. Атап айтқанда, 1968 жылғы мамырдағы тәртіпсіздіктер кезіндегі әрекет әлі есте. Ашық хатта нақты айтылған gilets jaunes (Сары жейде кигендер) наразылығы кезінде ондаған адам өлді.

Шын мәнінде, BLM-ді сынайтын француздар gilets jaunes оқиғасын ерекше дәлел ретінде келтіреді. Наразылық білдірушілердің көбі – Францияның шағын қалалары мен ауылдарынан шыққан кедей, ақ нәсілді жұмысшылар еді. Үнемі өсіп отыратын салықтар мен сапасы құлдырап бара жатқан қоғамдық қызметке наразылар 2018 жылы өзгеріс талап етіп, көшеге шықты. Бірақ қуғын-сүргінге ұшырады.

Ортақ наразылықтар – өмір сүру деңгейінің төмендігі, жұмыссыздардың көптігі, полиция қатыгездігі күндердің бір күні бір арнаға тоғысуы мүмкін. Өйткені оның бәрі – Франция билігі сәтсіздігінің белгісі. Бірақ «өзгелер» деп айыптайтын қоғамдағы ұстаным елдегі реніш пен бөлінуді одан әрі күшейтуі ықтимал.

Мысалы, gilets jaunes шеруіне қатысқандардың көбі иммигрант жастарды заңды бұзып, жазасыз қалатындар ретінде қарастырады. Сонымен қатар жалпылама тұрғыдан алғанда да, қоғамнан шеткері қалған, тағдыр тәлкегіне түскен, одан құтылуға мүмкіндігі жоқ адамдардың қоғамға және еліне реніші барған сайын арта беруі мүмкін. Мұндай орта фанатизмнің инкубаторына айналуы мүмкін. Ниццадағы католик шіркеуіндегі діндарларға және Париждің оңтүстік-батысында полиция әйелге қарсы жасалған шабуылдар секілді жиі болатын қанқұйлы әрекеттер мәдениет майданына май құя түседі.

Францияда елдің саяси жетекшілеріне риза адамдар аз. Сондықтан осыған дейін президент сайлауда қайта жеңіске жете алған емес. Келесі жылы бұл заңдылықты бұзу үшін Макрон оңшыл ұстанымдағы Ұлттық жиналыс партиясының жетекшісі Марин Ле Пенге қарсы тұруы тиіс. Ол генералдардың хатын қолдайтынын білдірді. Дегенмен, халықтың көңіл күйін өзгертуге тағы да бір оқиға әсер етуі ықтимал.

Саяси додада өз мүмкіндігін жақсарту үшін Макрон аталған мәселеде ерекше көзге түсуге тиіс. Мәселен, нағыз Франция азаматының нәсілі мен діни наным-сеніміне негізделген мультикультурализмнен бөлек екенін қайта дәлелдеуі қажет.

Практикалық тұрғыдан Макрон елдегі мемлекеттік шығындардың көп бөлігін бюрократиядан босатып, елдің ең негізгі функцияларына – қылмыстық-сот жүйесі секілді салаларға бағыттағаны дұрыс болар еді. Франция полициясының да міні жетерлік. Бірақ бүгінгі таңда қосымша қаражатсыз оны жақсарту мүмкін емес.

Макрон мәдени майданның екі жағындағыларды нақты бітімгершілікке шақыруға тиіс. Мысалы, banlieue аймақтарда полицейлердің «нөлдік төзімділігі» туралы міндеттемені орындап, бір тарапты тыныштандыруы мүмкін. Ал есірткі қолданғандарды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға қадам басу полицейден келетін қауіпті азайтып, екінші тарапты тыныштандыруы ықтимал.

Макрон Наполеонды еске алуға орай өткен іс-шарада сөйлеген сөзінде императордың екіге бөлінген мұрасын жинақтауға тырысқаны аңғарылады. Францияда енді қайнап келе жатқан мәдениет майданының алдын алу оның қабілетіне байланысты.

 

Брижит ГРАНВИЛЛ,

Queen Mary университетінің Халықаралық экономика және экономикалық саясат профессоры. «Францияны не мазалайды?» кітабының авторы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org