Білім • 12 Мамыр, 2021

Заманмен рухтас оқу орны

370 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық және Еуразия университетінің 25 жылдық мерейтойы – жаңаның басы болған жасампаз белесті анық­тайды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Арқа төсіне көшірер алдында алысты болжап, Ақмоладағы аймақтық универ­ситетті толық жаңғыртуға және оның еуразиялық миссиясын айқындауға тапсырма берді. Тарих көзімен қарағанда, бұл – ғасырлық оқиға.

Заманмен рухтас оқу орны

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Елбасының қам­қорлығы арқасында  санаулы жылдарда жетекші оқу орны атанып, аршынды  адыммен  ілгері бас­ты. Оқу орнының әр кездегі басшы­лары – Амангелді Құсайынов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәрсенғали Әбдіманапов, Бақытжан Әбдірайым, Ерлан Сыдықов, сондай-ақ елге танымал ғалымдар мен білікті профессор-доценттер Еуразия ұлттық университетін қалыптастырып, да­мы­туға өз үлесін қосты. Сол қатарда мен­ де жасымның ұлғайғанына қара­май, Нұр­сұлтан Әбішұлының жаңа ас­тананың ғылым-білімін кө­теру бас­тамасына атсалысып, қазақ әдебиеті кафедрасында дәріс оқыдым, «Алаш» институты ғылыми жобаларына қа­тыстым.

Қазақ «Жоққа жүйрік жетпей­ді» деген, сонау астана көшкен жыл­­­дары Есілдің бойында ғылым қала­­шығын тұрғызамыз, академик­тер­­ді шақырып, елордалық ғы­лы­ми мектептерді ашамыз деген ой ай­тыл­ған. Рас, жағдай көтеріп жат­­са, үл­кен ғылымның астанаға әлеует­ті күшпен келетіндей-ақ жөні бар. Ке­зінде Ресей Ленинградтағы ғы­лыми мек­тептерін сақтай отырып, Мәс­кеу­де жетекші ғылыми орындар қалып­тастырғаны тарихтан мәлім. Бірақ дәуір өзгерді, заман жаңарды. Бүгінгі Назарбаев Университеті – заманауи ғылымның қарлығашы. Осы орайда астананың іргелі ғылымын дамыту жауапкершілігі бәрібір Лев Гумилев университетінің мойнына түседі.

Бүгінде Еуразия университеті гума­нитарлық сала ғылымдарымен бірге, биология, химия, физика, ма­тема­тика, т.б ғылыми мектептерімен әлемге белгілі. Кадр даярлау, аты мә­лім ға­лым­­дарды шетелден, отан­дық жо­ға­ры оқу орындарынан жүйелі тартып отыру  университеттің ғылым-бі­лім жетістіктерін жаңа арнаға бұрды. Жыл сайын іргелі және қолданбалы зерт­теу жобаларының саны да артып келеді. Университет ғалымдарының сапаға бағытталған еңбекқорлығы мен тиянақтылығы, бәсекеге қабілеттілігі – оның ғылыми-зерттеу бағытын танымал етті. Қазір ол әлемдік және ұлт­тық рейтингтердің алдында жүр. 2012 жылы Елбасының «Алтын сапа» сыйлығының жеңім­пазы атануы, ұлы Абайдың мерейтой жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтан арнайы алғыс алуы да тегін емес.

Қазір елімізде жетекші зерттеу уни­верситеттерін қалыптастырып, жоғары білім мен ғылымға серпін беру жобасы көтеріліп жатыр. Анық көзім жеткені: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті осыған лайық­ты. Елбасы жаңа елорданы ғылым мен мәдениет орталығына айнал­дыруға кезең-кезеңмен қол жеткізсе, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жолды сәтті жалғастыратынына сенім мол.

Мен Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы жүйесі мен жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар қызмет атқарған ғалым ретінде бүгінгі Еуразия университетінің табыстарына қуанамын, болашағына сенемін. Кезінде Алаш зиялылары қазақтың өз университеті, сан саланы қамтыған жоғары оқу орындары болса деп армандады. Осы арман еңбектің, табандылықтың арқасында жүзеге асты. Қазақстандағы Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов кезіндегі ғылым биігіне талпыныс бір сәт те бә­сеңсіген емес. Тарихы терең Абай атын­дағы ҚазПИ-ден Тәуелсіздік дәуірінің Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне дейінгі жол – ұлт зия­лыларының дәстүрге адал­дығын, өр­кениет бағытынан жаңылмағанын көр­сетеді. 2001 жылы Елбасы идеясы­мен ежелгі Түркі қа­ғанатының ескерт­кіші – Күлтегін кө­шірмесі елорда уни­верситетінің бас ғимаратына қойыл­ғанда, Қазақстанда сабақтастық арқауы үзілмейтініне көзіміз жеткен еді.

Астана болған соң, оның жетекші оқу орнына көп міндет жүктеледі. Мұны Л.Н.Гумилев университеті абы­роймен атқарып жүргенін ел бас­шылығы да, Парламент те, әкімдік те, астаналықтар да жақсы біледі.

Жиырма бес жылдық мерейтой –еуразиялық орта буын әріптестерім мен серпінді жас толқын үшін биік белес. Бұл парасат пен ғылымның белесі ретінде есте қалуы керек.

Елорда көшкен жылдары Нұрсұл­тан Әбішұлы: «Астанасына қарап, елін таниды», деген еді. Осы сөз­дің астарында «бас қаласының уни­верситетіне қарап, зиялыларын таниды» деген ой да тұр. Иә, ел білім-ғы­лымына қатысты әрбір іске жауапты болғанымыз жөн.

Біз Еуразия университетінің жарқын келешегіне үміт арта отырып, баянды дәстүріміз бен жаңашылдықты қатар жалғастыратынына сенімдіміз.

 

Серік ҚИРАБАЕВ,

ҰҒА академигі