Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елімізге алғашқы партиясы жеткізілген қытайлық вакцинаға қатысты жан-жақты ақпарат жариялады. Тарқатып айтсақ, бұл Hayat-Vax (SARS-CoV-2, Vero Cell) вакцинасы – белсенділігі жойылған коронавирус инфекциясына қарсы вакцина. Аталған препарат Біріккен Араб Әмірліктерінің Рас-Аль-Хайма қаласындағы «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылған. Hayat-Vax вакцинасын БАӘ Денсаулық сақтау және алдын алу министрлігі 2020 жылдың 9 желтоқсанында тіркеді, содан кейін Қытайда 2020 жылы 30 желтоқсанда тіркелді. Вакцина Қытайдан басқа елде, БАӘ-де өндіруге мақұлданды. Бүгінгі таңда бұл вакцинаның 50 млн-нан аса дозасы әлемнің 34 мемлекетіне қолдануға жіберілгені белгілі.
Hayat-Vax вакцинасын әзірлеуде бұрыннан дәлелденген, белсенділігі жойылған вакцина жасау технологиясы қолданылады. Осы технологияның көмегімен вирус ағзада қорғаныс антиденелерін түзу қабілетін сақтай отырып, жойылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша инактивтелген вакциналардағы адъюванттардың зиянсыз екені дәлелденді. Адъюванттар инактивті вакцинаның құрамындағы қосалқы заттар ретінде иммундық жүйені ынталандырады және организмдегі иммунитеттің ұзақтығына ықпал етеді.
Hayat-Vax Sinopharm вакцинасының негізінде әзірленген. Ал бұл вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Аргентина, Бахрейн, Мысыр, Марокко, Пәкістан, Перу және БАӘ елдерінде өткізілді, оған 68 мыңнан аса адам қатысты.
Қазіргі кезде бұл вакцинаның бүкіл әлемде 10 млн-нан аса дозасы қолданылған және ешқандай жағымсыз жағдайлар тіркелмеген. Қолжетімді және аралық нәтижелерге сүйенсек, вакцинаның COVID-19 инфекциясына қарсы тиімділігі 79,3%, аурудың орташа және ауыр жағдайларының алдын алуда тиімділігі 100% көрсеткіші дәлелденген.
Hayat-Vax вакцинасын тек 18 жастан асқан азаматтар ғана салдыра алады. Ал вакцинаның кез келген компонентіне ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға және осы вакцинаның алдыңғы дозасын енгізгенде бойынан аллергиялық реакция байқалғандарға екпе салдыруға болмайды. Сондай-ақ ғылыми-зерттеулерде жүкті және бала емізетін әйелдер үшін вакцинаның қауіпсіз екені дәлелденгенге дейін оны қолдануға кеңес берілмейді.
Елімізде қолжетімді болып тұрған үш вакцинаның қай-қайсысы болсын қауіпсіздігі мен тиімділігі әбден зерттеліп, тексерілген. Дегенмен бұлардың бір-бірінен артықшылығы мен кемшілігі халықтың қызығушылығын тудырып отырғаны анық. Бұл ретте біз сөз етіп отырған Hayat-Vax вакцинасының қазақстандық QazVac-пен ұқсас екені жиі айтылады. Осындай пікірді медицина ғылымдарының докторы Ләззат Ералиева да білдірді.
«Жалпы, вакциналарды бірдей деуге болады. Екеуі де – инактивтелген вакцина. Олардың құрамында SARS-CoV-2 вирусының өлтірілген штамы бар. Құрамы да, адъюванттарының, белсенді заттарының болуы да бірдей. Жалғыз айырмашылығы – қазақстандық вакцинаның сақтау мерзімі 6 ай болса, қытай вакцинасын 12 ай сақтауға болады. Екі вакцинаның техникалық детальдарында да болмашы айырмашылық бар. Ал көрсетілімі, қарсы көрсетілімі бірдей деуге болады. Тиімділігіне қатысты айтар болсақ, отандық ғалымдардың мәлімдемелеріне сәйкес, қазақстандық вакцинаның тиімділігі 90 пайызды құрайды. Дегенмен қытайлық вакцинаның тиімділігі де осы шамада», деді Л.Ералиева.
Hayat-Vax вакцинасы басқа инактивтелген вакциналар сияқты +20С-ден +80С-ге дейінгі температурада сақталады және тасымалданады. Бұл облыстар мен қалаларға тасымалдауды және таратуды, сондай-ақ медициналық ұйымдарда сақтауды жеңілдетеді.
«СҚ-Фармация» «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ ұжымын вакциналау үшін 1 млн доза мөлшерінде Hayat-Vax вакцинасының партиясын сатып алды. «Sinopharm» компаниясы вакцинасының бұл партиясы бірыңғай дистрибьютордың хабтарына жөнелтілгеннен кейін бірінші кезекте холдинг контингентінің қажеттіліктері үшін пайдаланылады. Содан қалғаны халықты вакциналауға қолданылады. Компания мәліметі бойынша қызметкерлер түгел вакцина салдырғанның өзінде 400 мың вакцина артылады екен.
Бүгінде Hayat-Vax өңірлерге жөнелтіліп жатыр. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елордаға аталған препараттың 7400 дозасы жеткізілгенін, оның 6 мамырдан бастап тұрғындарға салына бастағанын хабарлады.