Теннис • 12 Мамыр, 2021

Ярослава Шведова Рим WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады

96 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова Римде әлемнің бірінші ракеткасына жол берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ярослава Шведова Рим WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады

Дүниежүзілік рейтингте 665-орында тұрған Я.Шведова Италия ашық чемпионатының екінші айналымында әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен кездесті. Э.Барти бірінші партияны 6:4 есебімен ұтса, екінші сетте оның басымдылығы анық байқалды – 6:1. Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды. Аустралиялық теннисші матч барысында 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Бірде-бір эйс жасамаған Я.Шведова 6 брейк-пойнттың тек екеуін ғана өз пайдасына асыра алды. Э.Барти үшінші айналымда франциялық Каролин Гарсия немесе ресейлік Вероника Кудерметованың біреуімен шеберлік байқасады.

Жүлде қоры 1,8 млн АҚШ долларынан асатын Рим жарысы 16 мамырда мәреге жетеді. Өткен жылы бұл додада румыниялық Симона Халеп чемпион атанған болатын.