Елорда • 12 Мамыр, 2021

«Астана» спорт клубының бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

1317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Байқоңыр ауданының №2 соты «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубы Корпоративтік қор ФК-ның бұрынғы атқарушы директоры Аманбек Күлшіков пен «Astana Pro Team» велокомандасы жекеменшік мекемесінің атқарушы директоры Ләззат Шамшиеваға және басқаларға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Астана» спорт клубының бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

Былтыр мамырдың 3-і «Астана» кәсіби спорт клубының экс-директоры Аманбек Кульчиковтің мекеменің құрамына кіретін Astana Pro Team велокомандасының жетекшісі Ләззат Шәмшиевамен және Astana Motorsports жетекшісі Артур Ардавичуспен қылмыстық келісім әзірлеп, соны іске асырған еді.

Тергеу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік департаментінің бас сарапшысы Сымбат Исрапулова 2016-2018 жылдары Аманбек Кульчиков аталған клубтардың нақты қажеттіліктерін біле тұра, қасақана шығындар көлемін бірнеше есеге артық көрсеткенін мәлімдеді.

Бас сарапшының айтуынша, олар бұл қаражатты мақсатты түрде жұмсап, Шәмшиева және Ардавичустан жалған есептерді қабылдаған да екен.

«Шетелдік компаниялармен жалған келісімдер жасау және оқу-жаттықтыру жиындарын ұйымдастыру, үй-жайларды жалға алу, тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алу бойынша жалған актілерге қол қою арқылы артық бөлінген ақшаны жымқырған. Мысалы, демеушілер жыл сайын кәсіби жарысқа қатысудың барлық әлемдік стандартына сай келетін 200-ден астам бренд велосипедтерін тегін ұсынған», деді бас сарапшы.

Оған қоса, клубтың басшылығы осыдан 3 жыл бұрын Алматы қаласынан автошина сатумен айналысатын отандық компаниялардың бірінен 6 бренд велосипедін және оған қосалқы бөлшектер сатып алуға 219 мың еуро (94 миллион 48 мың 176 теңге) сомасына жалған келісімшарт жасалған.

Аталған мәлімдемелерге сәйкес прокурор барлық сотталушыдан мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Енді оларға 189-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.