12 Мамыр, 2021

Көпшілік сүйінген көркемөнер

568 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың бейнелеу өнері кеңес­тік идеологияның кісенінен босап шығысымен көп ұзамай, мың түрлі құлпырма бояуға қа­нығып үлгерді. Суретшілердің айтар ойынан тартып, оқырманға жеткізер әдіс-тәсіліне, танымы мен нанымына дейінгі аралық та мейлінше түрленді. Әрине, оның бәрі егемендігіміздің нәти­жесі. Осыған орай еліміздегі «TAMYR» шығармашылық тобы­ның көркемөнер көрмесінің сал­танатты ашылу рәсімі өтті.

Көпшілік сүйінген көркемөнер

Аталған көрме Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналды. Халықаралық арт кеңістікте өнердің әртүрлі жанрларында жұмыс істейтін, өзінің қайталанбас дүниетанымы, жаңашылдығы бар да­рынды суретшілердің мәртебесін көте­руді мақсат тұтқан іс-шара Ұлттық музейде ұйымдастырылды.

Алғашқы беташар сөзді Ұлттық музей директорының орынбасары Наз­гүл Кадримбетова алды.

«TAMYR» – көркемөнер рухын өз заманына сай кәсіби шеберліктері арқылы бейнелейтін суретшілердің бірлестігі. Өнерді мамандық ретін­де емес, өмір салты ретінде қабыл­дағандар. Осы арада ағылшын жазушысы, суретші әрі өнертанушы Джон Рёскиннің жақсы сөзі есіме түсіп тұр. «Суретшінің қолы, қиялы және жүрегі бірге жұмыс істесе ғана тамаша сурет шығады». Бұл көрме де ше­бер қолды, қиялы ұшқыр, жүрегі кең суретшілеріміздің еңбектері мен құн­ды дүниелеріне толы», деді Н.Ка­дрим­баева.

Ізгі тілектен кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Абдуахат Мұратбаев осынау көрменің ұйымдастырылуына қолдау білдірген музей ұжымына алғысын білдіріп, көрмеде экспози­цияланған жас буыннан бастап аға буынға дейінгі қылқалам шеберлерінің жұмыстары музей қонақтарының жүрегінен ерекше орын алатынына сенім білдірді.

1

Айта кетейік, «TAMYR» шығар­машылық тобына елімізге танымал, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Су­­рет­шілер одағының мүшелері кіреді. Олардың қатарында Насыр Рус­­та­мов, Мұрат Мансұров, Сұлтан Иляев, Абдуахат Мұратбаев, Расылбек Есте­месов, Айнұр Асанова, Едіге Тұрлы­беков, Мұхтар Бекенов сын­ды қылқалам шеберлері бар. Шы­ғармашылық топтың барлық өкілі кәсіби көркемдік білімге ие, беделді республикалық және халық­аралық байқаулардың лауреаттары болып саналады. Қазақстан аумағымен қатар, шетелде де белсенді еңбектеніп жүрген авторлардың көркемөнер туындылары көптеген елдің жеке топтамаларында ұсынылған. Демек, бұл олардың көп­жылдық еңбегінің жоғары деңгейде бағалануы.

Көрмеге 100-ден астам көркем­өнер туындылары ұсынылды. Сон­дай-ақ көрме аясында «TAMYR» шығар­машылық то­бын­дағы танымал қазақ­стандық сурет­шілердің шеберлік сыныптары да өткізілді.