12 мамырдағы ақпарат бойынша 66 кәсіпкерлік нысан QR код алып, жоба аясында жұмыс жасауда. Олардың 43-і қоғамдық тамақтану қызметі, 11-і компьютерлік клуб, 2-еуі бильярд, 2-уі фитнес орталығы, 2-еуі бассейн, 2-еуі спа-орталығы, 2 кинотеатр, 1 боулинг орталығы, 1 сауна. Жобаға қатысушылардың 61-і Қызылорда қаласының кәсіпкерлері. Ал 3-еуі Шиелі ауданының, 1-еуі Қазалының, 1-еуі Арал ауданының кәсіпкерлері», деді Пірмұхаммед Сыздықов.
Баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева «Ashyq» жобасы енгізілгеннен бері Қызылорда қаласында кәсіпкерлік нысанға кірмек болған «қызыл» және «сары» статустағы 6 адам анықталғандығын жеткізді. Олардың 1-еуі нақты науқас, вирус анықталған «қызыл» статустағы азамат болса, 5-еуі ауырған азаматтармен қарым-қатынаста болған «сары» статустағы адамдар.
Айта кету керек, «Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Сovid-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады.
«Қызыл» түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.
«Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады.
«Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат.
«Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі деген сөз.
QR-код бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру деректерін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді. 1 нысанға кіреберісте және шыға берісте ең кемі 2 QR -код беріледі. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке QR -код беріледі.