Аталған мәселелер туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
Экономиканың өсу құрылымында сапалы өзгерістер байқалады
Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиевтың айтуынша, 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындылары бойынша ЖІӨ өсу қарқыны өткен жылғы наурыз айынан бері алғаш рет 0,7%-ды құрады. Қазақстан экономикасының өсуі қалпына келуде. Қызмет көрсету саласы және ішкі сұраныс жақсаруда. Өңдеу өнеркәсібі салаларында серпінді және тұрақты өсу байқалады. Сонымен бірге экономиканың өндіруші емес салаларында негізгі капиталға инвестициялар айтарлықтай өсуде. Жалпы алғанда, экономика өсімінің құрылымында сапалы өзгерістер байқалуда. «Экономика дамуының басты драйвері – қазіргі жағдайда нақты сектордың тұрақты өсуі. Осы жылдың есепті кезеңінде тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты сектордағы өсім 7,9%-ды құрады. Құрылыс, ақпарат пен байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен және электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салаларында жоғарғы өсу жалғасуда. Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібі соңғы он жылдағы ең жоғары өсуді көрсеткенін айта кеткен жөн» деді министр.
Сауданың 5,7%-ға өсуі аясында қызмет көрсету секторы оң өсім көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салаларында қарқынды және тұрақты өсу байқалуда. Бұл осы саланың бәсекелестікке қабілеттілігін көрсетеді. Өндіруші емес салаларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Бұл экономиканың тұрақты және сапалы дамуына диверсификация арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 32,3%-ды құрады. Инвестициялардың айтарлықтай өсуін өңдеу өнеркәсібі – 2,1 есе, құрылыс – 72%, ауыл шаруашылығы – 66%, ақпарат және байланыс – 61%, сауда – 28,3%, көлік – 27,6% және жылжымайтын мүлік операциялары – 27,5% деңгейінде көрсетті. Қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 19,7 млрд долларға жетті, оның ішінде экспорт – 11,5 млрд долларды құрады. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 15%-ға өсіп, 4 млрд долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 8,2 млрд долларды құрады. Оң сауда балансы 3,3 млрд доллардан асты.
Ә. Ерғалиевтің айтуынша, жалпы өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім 7,7%-ға дейін жеделдеді. 13 өңір оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында байқалады. Құрылыс саласы жоғары өсу динамикасын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ға ұлғайды. Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы өсуі Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында байқалады. Тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 13,3%-ға өсіп, 3,5 млн шаршы метрді құрады. Павлодар және Алматы облыстарынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті.
Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Өнім шығару 3%-ға ұлғайды. 13 өңірде оң серпін байқалып отыр. Ақмола облысы ең жоғары өсім көрсетті. «Жалпы, тұрақты өсу қарқыны мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Олар ауыл шаруашылығы өңдеу саласын инвестициялауды ынталандыруға, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне, экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған» деді ведомство басшысы.
Орталық және жергілікті атқарушы органдарға мынадай шараларға назар аудару ұсынылып отыр: 2021 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспарды тиімді іске асыру; Экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен инвестициялық келісімдерді іс жүзінде іске асыру; ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымын белсенді өткізу; «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру; жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңірлердің экономикалық байланысын күшейту.
Министрдің айтуынша, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру экономикалық белсенділікті ынталандыруға және осы жылғы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Іскерлік белсенділік индексі өсу үстінде
Ұлттық банк төрағасы Е.Досаевтың айтуынша, Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі екі ай қатарынан өсу үстінде. Биылғы сәуірде ол қызмет көрсету және өнеркәсіп секторында қалпына келудің жалғасуына байланысты 50,5 тармақ болды.
Биылғы сәуірде Қазақстанда инфляция азық-түлік инфляциясының баяулауы және азық-түлікке жатпайтын және сервистік компоненттердің жеделдеуі кезінде өткен айдағы 7,0% деңгейінде сақталды. Іскерлік белсенділіктің жандануы, халық кірістерінің қалпына келуі және импорттың өсуі аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,6%-дан 6,4%-ға дейін жеделдеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ай сайынғы өсуі 2017 жылғы қазан айынан бастап ең жоғары мәнді көрсетеді. Киім-кешек пен аяқ киімге бағаның өсу қарқыны жылдық мәнде 5,5%-ға дейін жеделдеді. Сонымен бірге мұнай өнімдерін тасымалдау тарифтерінің артуы нәтижесінде ішкі ұсыныстың төмендеуі аясында биылғы жылдың басынан бастап бензин бағасының 11,6%-ға өсуі байқалады. Ақылы қызметтер инфляциясы 3,7%-дан 4,1%-ға дейін жеделдеді.
«Тауарлар импорты азық-түлікке жатпайтын тұтынушылық және инвестициялық тауарларды әкелудің ұлғаюы есебінен іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және кейінге қалдырылған ішкі сұраныс аясында өсті. Автомобильдер, киім-кешек және компьютерлер сияқты тауарларды әкелуде барынша көп өсу байқалады. Тауарлардың осы топтары бойынша өсу 2020 жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда 458 млн долларды құрады» деді Е.Досаев.
Ұлттық қордың активтері биыл сәуірдің аяғында бір айда 530 млн долларға ұлғайып, 57,6 млрд долларды құрады. Алтын валюта резервтері биылғы сәуірдің аяғында бір айда 689 млн долларға ұлғайып, 34,2 млрд долларды құрады. Жалпы халықаралық резервтер биылғы сәуірде 1,2 млрд долларға артып, 91,8 млрд долларды құрады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері халықтың қаражатты мерзімінен бұрын алуына байланысты жыл басынан бастап 0,3 трлн теңгеге немесе 12,6 трлн теңгеге дейін 2,3%-ға төмендеді. Е.Досаевтың айтуынша, биылғы жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 488,5 млрд теңге болды. Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша инфляция 2,7% болған кезде 3,8% мөлшеріндегі кірістілік қамтамасыз етілді.
Банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері 23,4 трлн теңгеге дейін 5,8%-ға, оның ішінде ұлттық валютада – 6,5%-ға немесе 14,8 трлн теңгеге дейін 896,1 млрд теңгеге, шетел валютасында – 4,8%-ға немесе 8,6 трлн теңгеге дейін 392,5 млрд теңгеге ұлғайды.
Қаржы министрі Е.Жамаубаев өз сөзінде төрт айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 3 трлн 217 млрд теңге сомасында кіріс түскенін немесе жоспар 117,1% орындалғанын хабарлады. Республикалық бюджетке 1 трлн 909 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 106,7%-ға атқарылды.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 136,7%-ға атқарылып, 1 трлн 308 млрд теңгені құрады. Жоспар 351 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 319 млрд теңгеге асыра орындалды.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейінде атқарылу көрсеткіші жоғары.
Нақты сектор алға басты
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов биылғы 4 ай қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторында жиынтық көрсеткіші 107,7% болатын дамудың оң үрдісі байқалатынын атап өтті. Машина жасау саласында 120,6% өсім болды. Автокөлік құралдары, трейлерлер және ашық тіркемелер, машиналар мен жабдықтар өндірісі, өзге де көлік құралдары, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар, электр жабдықтарын жасау, жөндеу және орнату көлемі артты.
Түсті металлургияда оң динамика сақталып, өсім 3% болды. Оған тазартылған алтын, тазартылған күміс, құйма алтын, катодты мыс және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді. Қара металлургияда нақты көлем индексі 102,7% құрады. Шойын, көміртекті болат, ферро-силико-марганец өндірісі өсті.
Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров қаңтар-сәуір айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3%-ға ұлғайып, 831,2 млрд теңгені құрағанын айтты. «Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,3%-ға, сүт 3,4%-ға өсті» деді С.Омаров.
Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 673,6 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, қызылша қантын өндіру көлемінің 28,9%-ға, өңделген күріштің 23,7%-ға, сары майдың 23,3%-ға, жарманың 21,7%-ға, өсімдік майының 15%-ға, ұнның 11,4%-ға, ірімшік пен сүзбенің 9,6%-ға, өңделген сүттің 3,7%-ға артқаны байқалды.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 66,1%-ға ұлғайып, 163,2 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 37,3%-ға артып, 28,4 млрд теңгені құрады.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ағымдағы жылдың басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 4,8%-ға өсті. Аталған өсім алдыңғы жылы қаңтар-сәуір айларында тіркелген 5,5% құраған көрсеткіштен төмен. «Баға өсімінің факторларын айтатын болсақ, бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдер – қант, қарақұмық жармасы, жоғары экспорттық сұранысқа ие тауарлар – күнбағыс майы, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде бағаның өсуі байқалатын көкөністер қымбаттады» деді Б. Сұлтанов.
Энергетика министрі Н.Ноғаев көрсетілген кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 28,1 млн тоннаға жетіп, қаңтар-сәуір айларының жоспары 99,4% орындалғанын айтты «Мұнай және конденсат өндіру көлемінің есепті айдың жоспарынан төмен болуының себебі – сәуір айындағы Қарашығанақ кен орнындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына байланысты болды» деді Н.Ноғаев.
Есепті кезең ішінде 22,1 млн тонна мұнай экспортталды, биылғы қаңтар-сәуір айларының жоспары 100% орындалды.
Ел экономикасы өсу траекториясына шықты
Мәселені Үкімет басшысы А.Мамин түйіндеді. Оның айтуынша, 4 ай қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу траекториясына шығуы қамтамасыз етілді. Биылғы қаңтар-сәуір айларында ІЖӨ өсу қарқыны 0,7%-ды құрады. Қалпына келу серпіні экономиканың барлық саласында байқалады. ІЖӨ өсуіне шикізаттық емес сектор үлкен үлес қосты. Өңдеу өнеркәсібінде соңғы 10 жылда тұрақты және рекордтық жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өсім 7,7%-ды құрады.
Машина жасау (20,6%), оның ішінде автомобиль жасау (25,4%), локомотивтер мен вагондар (49,7%), электр жабдықтары (10,2%), компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар (52,3%) өндірісінде жоғары өсу қарқыны байқалады. Сонымен қатар химия өнеркәсібі (11,2%); киім өндірісін қоса алғанда (23,6%), жеңіл өнеркәсіп (4,9%); металлургия (3%), оның ішінде түсті (3%) және қара (2,7%) металлургия; азық-түлік өнімдері (3,9%) және сусындар өндірісі (5,1%); фармацевтика (26,2%), мұнай өңдеу (2,6%) салалары серпінді даму көрсетті.
Құрылыс материалдары өндірісін (26,5%), құрылысты (12,5%), тұрғын үйді пайдалануға беруді (13,3%) қоса алғанда, құрылыс секторында орнықты әрі жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді.
Ауыл шаруашылығында өсу қарқыны 3%-ды құрады. Саланың тартымдылығын арттыру аясында ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 50%-дан астамға ұлғайды.
Тау-кен өндірісін есепке алмағанда, бүкіл экономика бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 32,3%-ды құрады. Экономика өсімінің ең маңызды факторларының бірі қызмет көрсету секторындағы оң динамика болды. Мәселен, өсім сауда (5,7%), байланыс (11,1%), жылжымайтын мүлік операциялары (1,3%), қаржы және сақтандыру қызметі (1,6%) секілді салаларда байқалады.
Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстары 6 көрсеткіш бойынша, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Батыс Қазақстан облысында ең төменгі көрсеткіштер байқалды. «Экономиканың оң өсімі – пандемияны тежеу, сондай-ақ елдің жеке секторы мен өндірістік әлеуетін қолдау жөніндегі шараларды іске асыру тиімділігінің маңызды индикаторы. Экономиканың осы қарқынын алдағы айларда сақтап, оны ұлғайту маңызды» деді А.Мамин.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуды, жергілікті бюджет есебінен форвардтық азық-түлік сатып алуды қаржыландыруды 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды және «айналым схемасы» бойынша қаржыландыруды 50 млрд теңгеге дейін жеткізуді тапсырды.
Премьер-Министр ішкі және сыртқы инвестицияларды, әсіресе, шикізаттық емес салаларға тарту, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуды қолдау, жұмыспен қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру қажеттігін атап өтті.