Өткен ғасырдың орта шенінен бастап өзекті тақырыпқа айналған соғыс картиналары қазақ бейнелеу өнерінде кеңінен көрініс тапты. Адам өмірін аяқасты еткен зобалаң мезеттегі аяусыз образдар мен аянышты бейнелер жүрегіңді сыздатпай көрсін... Әсіресе қан майданды көзімен көріп, от пен оқтың ортасынан аман оралған майдангер суретшілер бұл тақырыпқа келгенде бауырын жаза көсілді. Өйткені қылқаламның әр жағындысы өз жүрегінен өткізген өмір көрінісі болатын.
Деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан Суретшілер одағының 50-ден астам мүшесі майданға аттанған. Олардың көпшілігі ауыр желдің өтінде арманынан алыстап майдан даласында қаза тапса, кейбірі ауыр жараланып, жүйкелері зақымданған күйде бейбіт өмірге оралған. Сондықтан да болар шығармашылық өрісін әрі қарай жалғаған майдангер суретшілер көп емес. Десе де сол бір үркердей топтың өнері әлі күнге дейін өздерінің туындыларында өмір сүруді жалғастырып келеді.
Өткен күннен сабақ алу үшін соғыс жылдарының тарихи жадын сақтау маңызды. Қиын кезеңдегі оқиғалардың шежіресі жаужүрек ерлердің портреттерін мәңгілік ескерткішке айналдырған суретшілердің туындыларында сақтаулы. Бұл тақырыптағы картиналардың өне бойынан шығарма авторын алаңдатқан сезімдер мен ойларды да дәл оқуға болатындай. Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде мұндай шығармалардың ауқымды бөлігі сақтаулы тұр. Өнер ошағы дәстүр бойынша биыл да осы картиналарды көпшілік назарына ұсынды.
Соғыс жылдарындағы бейнелеу әлемінде графика өнеріне ерекше орын берілгені мәлім. Үгіт-насихат пен патриоттық плакаттар, көмірмен немесе қарындашпен салынған суреттердің өзі халыққа дем берді. Әскерилердің бейнесі бедерленген картиналар майданнан жақынын күткен жанашыр жандарға таяныш болды. Олардың көкірегіндегі сөнуге айналған үміт шамын қайта маздатты. Көрмедегі О.Васильевтің «ҰОС күндері» (1957), А.Алексеевтің «Мәскеу 1941» топтамасының графикалық парақтары, Р.Гореловтың «Кремль шабуылы» (1957), В.Линкор Бибиковтің «Севастополь» (1947) туындылары соғыстың ауыр қасіретін анық айшықтаған. Суреттер соншалықты шынайы болғандықтан, көрермен зеңбі-
ректердің жарылысы мен шайқасып жатқандардың дауысын ести алады. Суретші Д.Дмитриевтің «Азамат соғысына» (1957) автобиографиясы және А.Алексеевтің «Шығарып салу» (1967) картиналары – майданға аттанған сарбаздардың туыстарымен қоштасуының лирикалық көрінісін дәлме-дәл жеткізеді.
«Суретшілердің үлесіне тиген соғыстың сұрапыл күндері мен қиын-қыстау жағдайларды баяндайтын соғыс тақырыбы бейбіт өмірге араласқаннан кейін ұзақ уақыт бойы олардың шығармашылығынан орын алды. Олар көргендері мен басынан кешкендерін қағазға түсіруді болашақ ұрпақ алдындағы борышы деп санады», дейді өнертанушы Еркежан Омарова.
Алапат соғыс майдангер суретшілердің туған өлке табиғаты мен бейбіт өмірдің сұлулығына деген құштарлықтарын арттыра берді. Бұл сөзімізді туындыгерлердің туған жер тақырыбында жазған шығармаларындағы сағыныш суреттері растайды. Сөз соңында бейнелеу өнерінде есімі ерек аталатын Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық суретшілердің тізімін жаза кетуді жөн санадық: Әжиев Ү., Александров Н., Андриюк П., Антоненко П., Баранов К., Бондаренко И., Гаев Н., Гербановский Л., Горовых А., Данилов П., Дмитриев В., Дроздов А., Евдаков А., Елькин Д., Есіркеев Р., Заковряшин А., Иляев Г., Ильин А., Калачев Д., Қанапиянов Ж., Квачко И., Кенжебаев Ш., Колоденко В., Кузнецов К., Мариковский П., Молданиязов Е., Мейірманов Р., Наседкин Н., Нұрмұхаммедов Н., Петько И., Попов П., Пономаренко Г., Плюхин К., Рахимов Х., Реченский П., Сизинцев А., Стадничук И., Степанов А., Столяров С., Ташбаев А., Тимофеев Н., Тканко В., Өскенбаев М., Оразаев Ы., Федоров Л., Хайдаров Ә., Қожықов Қ., Цивчинский Н., Чекалин Б., Шереметьев Г., Школьный А., Шнейдерман Ю., Яковлев Н.
АЛМАТЫ