Жасынан Арқаның кербез даласын әуезді әнге бөлеген Біржан сал, Ақан серіні ұстаз тұтқан ол солардың ізін жалғап, өзі де сөзі мен сазы үйлескен әндер шығарды. Балуан Шолақтың бүгінге жеткен «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр» секілді бірталай әні бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әні – «Ғалия». Бұл туынды − мөлдір махаббат пен нәзік сезімді тербеткен сыршыл дүние.
Белгілі өнер зерттеушісі Александр Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әнін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізген.
Осыдан екі жыл бұрын алып атамыздың дүниеден озғанына бір ғасыр толуына байланысты балуанның немересі Шайдолла Шолақов ағамызбен сұхбаттасқан едік. Сонда ол кісі әңгіме арасында атасының домбырасы туралы айтып қалды.
– Бұл домбыраны атамның өзі жасаған. Мен оған шүбәсіз сенемін. Өйткені оның әкесі Баймырза бабамыз темірден түйін түйген шебер адам болған. Ағаштан түрлі бұйым жасап, үй де салған. Атам жасынан әкесінің қасында жүріп, шеберлікпен айналысқан. Ол жайында әкем Құдайберген айтып отыратын. Қазір атам ұстаған домбыра менің шаңырағымда тұр. Оны атам мен әкемнің көзі ретінде кие тұтып, сақтап отырмын, − деп еді сонда балуанның немересі.