Әлем • 13 Мамыр, 2021

Орталық Азия жер сілкінісі қаупіне қаншалықты бейім

1040 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда 2021 жылғы 11-14 мамыр аралығында виртуалды алаңда Орталық Азиядағы тәуекелдерге ұшырауды бағалау бойынша  семинар өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық Азия жер сілкінісі қаупіне қаншалықты бейім

Іс-шара «Орталық Азиядағы қаржылық тұрақтылықты нығайту және апаттардың қаупін азайту қарқынын жеделдету мақсатында жер сілкінісі мен су тасқыны қаупін бірыңғай өңірлік бағалау және жекелеген көшкіндер сценарийлерін талдау» жобасы шеңберінде өткізіледі.

Семинарды Ұлттық океанография және қолданбалы геофизика институты (Италия) ұйымдастырды.

Іс-шараға ғылыми-техникалық сарапшылар мен тәжірибелік мамандар, оның ішінде ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, инженерлер, аумақтық жоспарлау жөніндегі мамандар, бейінді мекемелердің қызметкерлері және Қазақстанның кәсіпорын басшылары қатысуда.

Қазақстанның сейсмикалық аудандары шамамен 475 мың км2 алып жатыр. Қарқындылығы 6 және одан жоғары зілзалаға ұшыраған аудандар ел аумағының 42,9%-ы. Қазіргі уақытта еліміздің сейсмикалық аудандарында шамамен 7 млн-дай адам тұрады. Оның ішінде 9 баллдық аумақта 2 млн адам (Алматы қаласында – 1,8 млн.), 8 баллдық аумақта – 1,1 млн, 7 баллдықта 2,0 млн және 6 баллдық аумақта 1,2 млн адам тұрады.

2017-2018 жылдары ҚазҚСҒЗИ мамандары «Сейсмотұрақтылығын зерттеу мақсатында Алматы қаласының жылжымайтын мүлік объектілерін паспорттау» ғылыми жұмысын орындады. Нәтижесінде 2017 жылы 7027 объектінің, 2018 жылы 3131 нысанның зілзалаға төзімділігі тексерілді. Алынған материалдар бойынша Алматы қаласының жергілікті үйлестіру жүйесіне объектілерді байланыстыра отырып, ГАЖ бағдарламасында тексерілген 10 525 объектілердің электрондық құжаттары жасалды.

«Паспорттау нәтижелері сейсмикалық қауіпті ғимараттарды анықтауға, оларды сейсмикалық күшейту немесе бұзу бойынша бірінші кезектегі объектілерді тағайындауға, сейсмикалық қауіпті ғимараттарды күшейтуге және ескі үйлерді бұзуға жұмсалатын шығындар көлемін анықтауға мүмкіндік берді. Ескі үйлерді бұзу, білім беру мен денсаулық сақтау нысандары ғимараттарының сейсмотұрақтылығын күшейту бойынша қаланың бюджеттік бағдарламаларына кезекшілік бойынша түзетулер енгізілді», деп түсіндірді Шокбаров.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған әдістемелерді өздері қолдана алады және Орталық Азия өңіріндегі апаттардың қаупін азайту жөніндегі қызметке өз үлестерін қоса алады.