
Иә, ғашықтық – ұлы сезім. Сүйгенін тұтас болмысымен қабылдауға жүректің батылдығы қажет. Сезімге селкеу түсіретін нәрсенің бірі – шарттылық. Хакімдерден қалған хикмет бар. Күн жерге жарық беріп тұрғанына қай заман? Содан бері ол жерге келіп бірде-бір рет: «қашанғы саған жарығым мен жылуымды төге беремін? Сен де бір уақ шуағыңды шашсаңшы» деп айта ма? Жоқ. Күннің махаббаты – шартсыз. Топырақ та сондай. Оның үстіне күл төксең, гүл өсіріп шығарады. Қазақ сынықтықты топырақ мінез деп ардақтайды.
Хакім Абай адамзатты, әділетті және Алланы сүйген адам «имани гүл» атты рухани дәрежеге жетіп, толық адам болатынын айтады. Қасиетті жазбаларда «көрініп тұрған бауырыңды сүймей тұрып, көрінбейтін құдайды сүю мүмкін емес» деген ғақлия бар.
Сондықтан адам ең әуелі өзінің отбасын жақсы-жаман қасиетіне қарамай, бар болғаны үшін сүюі керек. Одан соң туған халқын, бар кемшілігімен жақсы көруі керек. «Мазұлымға жаның ашып, ішің күйсін» дейтін Абай осы мағынаны үстейді. Осы екі затты шартсыз, шексіз сүйе білген адам құдайды да жан-тәнімен сүйетін болады.