Парламент • 13 Мамыр, 2021

Сенатор тұқым шаруашылығындағы қиын жағдайға наразы

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің депутаттық сауалында тұқым шаруашылығы мен селекциялық ғылым саласындағы елеулі проблемалар туралы айтып берді. Депутат салада күрделі жағдай туындағанын және оны шешуді кешеуілдетуге болмайтынын атап өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатор тұқым шаруашылығындағы қиын жағдайға наразы

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, тұқымдық материал сапасы төмендеп барады, ал ауыл еңбекккерлері жыл сайынғы жинайтын егін де азая түсуде. Сенатордың айтуынша, өнім сорттары мен будандарының шамамен 70%-ы, ал бірқатар дақылдар және одан да көбірегі бізге шетелден әкелінеді. Демек, біз импорттық өнімдерге толық тәуелдіміз және азық-түлік саласындағы тәуелсіздігімізді де жоғалтудамыз. Сонымен қатар, әкелінетін тұқымдардың басым көпшілігі біздің топырақ пен климаттық жағдайымызға бейімделмеген болып отыр.

Сонымен қатар, депутат бөлінген мемлекеттік субсидиялар шетелдік тұқымдарды арзандатуға жұмсалатынына наразы. Бұл ретте, отандық аграршы ғалымдарға өз жұмыстарын жүргізу үшін биыл әлі күнге дейін қаржы бөлінген жоқ.

Осыған байланысты Ақылбек Күрішбаев ғылымдағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстарын айтты. Оның басты мақсаты - жоғары өнімді және күйзеліске төзімді сорттар мен дақылдардың будандарын әзірлеу болуы керек. Бұл үдеріске міндетті түрде отандық аграрлық ҒЗИ мен жоғары оқу орындары, биотехнология орталықтары, сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдар қосылуы тиіс. Бұл үдерісті заңнамалық қолдау да маңызды.

«Селекция мен тұқым шаруашылығындағы авторлық құқықтарды қорғау, қазіргі замандағы сертификаттау әдістерін қолдана отырып селекциялық жетістіктерді тіркеу, стандарттар мен ғылыми-әдістемелік базаны жаңарту жөніндегі заңнамалық және нормативтік базаны күшейту қажет. Сондай-ақ селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық және зертханалық базасын нығайтуға көмек көрсету, елде ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық ресурстарының Ұлттық банкін ұйымдастыру маңызды», деді Ақылбек Күрішбаев.

Сенатор сондай-ақ тұқым шаруашылығы жүйесіне мемлекеттік қолдауды күшейтіп, отандық сорттарды субсидиялау тетігін қайта қарау керек деп санайды.

«Бұл ұсыныстардың бәрі 2021-2025 жылдарға арналған АӨК дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан ұлттық жобада көрініс тапқаны жөн», деп атап өтті сенатор.