Әлем • 13 Мамыр, 2021

Владимир Зеленский Ресей мен Беларуссиядан электр энергиясын импорттауды шектеді

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Украина президенті Владимир Зеленский ұлттық энергетикалық реттеушіге Ресей мен Беларуссиядан электр энергиясын импорттауды шектеуге құқық беретін заңға қол қойды. Бұл туралы бейсенбіде Жоғарғы Раданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Владимир Зеленский Ресей мен Беларуссиядан электр энергиясын импорттауды шектеді

Төрт жылдық үзілістен кейін 2019 жылдың күзінде Украина Ресей Федерациясынан электр энергиясын импорттауды қайта бастаған еді. 2020 жылдың сәуірінде Ұлттық энергетикалық-коммуналдық шаруашылықты реттеу комиссиясы пандемия кезінде Ресей Федерациясы мен Беларуссиядан электр энергиясын импорттауды тежеген. 

Ал бүгін мемлекет басшысының кеңсесі Владимир Зеленскийдің 2021 жылы 15 сәуірінде Жоғарғы Рада қабылдаған «Украинаның кейбір заңнамалық актілеріне трансмиссиялық жүйе операторының сертификаттауына қатысты өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойғанын атап өтті. 

Бұл заң басқалармен қатар, Энергетика және коммуналдық шаруашылықты мемлекеттік реттеу жөніндегі комиссияға осы жылдың соңына дейін Ресей мен Беларуссиядан электр энергиясын импорттауды тоқтатуға мүмкіндік береді.