Қазақстан • 13 Мамыр, 2021

Шаңырақ – «шағын отаның»

1078 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отан – ортақ үйіміз. Қазақстан – қара шаңырағымыз. Сол қара шаңыраққа қараған сайын көңілде дақ тұрмайды – шапағат тұрады, жүрек түбіне шер тұнбайды – махаббат тұнады. Неге? Себебі сол алып қара шаңырақтың өзі отбасы деп аталатын шағын-шағын шаңырақтардан құралады. Онсыз ортақ үй де, ортақ Отан да болмақ емес. Отанды ұлықтадық екен, Отбасы күнін де ұмытпайық ендеше. Мерейімізді мерекелі күндер асырады, шартарапқа шұғыла болып шашылады.

Шаңырақ – «шағын отаның»

Жеті қат жердің астынан бүлкілдеп шығатын ақ бұлақ, тұма бастау, қайыры мол қайнар болады. Қайда барады, қайда құяды сол мөлт еткен көздің жасындай мөлдір су? Арнасын бойлап адымдай берсеңіз әлгінде ғана жылыстап жатқан ақ бұлақ әп-сәтте қатпар-қатпар тастардан шапқылап өтіп, аядай өзенге барып құйылар еді. Жолай аядай өзеніңізге бір емес, бірнеше бұлақ қосылып, арнасы кеңейеді, арыны арта түседі. Гүрілдеп, дүрілдеп барып ол өзеннің өзі үлкен өзенге қосылады.

Сонымен тәмам ба? Жоқ. Өмір махаббаттан басталып, парасатпен түйінделетіні секілді, әлгі алып өзеннің өзі аға-аға аққу жүзген айдынға, болмаса көлемі көкжиекпен шектескен күміс көлге, түпсіз терең теңізге барып құяды. Енді бір өзен екпіндеп келіп құрлықтарды құрсап тұрған мұхитқа жалғасады. Яғни бастауы жоқ өзен, өзені жоқ мұхит болмайды деген сөз. Отан да осы алып мұхит, шар басымыздағы шаңырақ іспетті. Өзенсіз мұхиттың толмайтыны секілді, уықсыз шаңырақ та болмайды. Уық, өзен деп отырғанымыз – отбасы. «Отан – отбасынан басталады» деген ұлы ұғымның түпкі мәні, алтын қазығы – осы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі. Табандылық, еңбексүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары берік отбасылық дәстүрлер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. «Отбасы күні» осы ұлағатты мұраларымызды нығайтып, жұбайлық өмірдің жауапкершілігі мен балаларға, аға буынға ұдайы қамқор болудың маңыздылығын жастардың жадына сіңіре бермек», деген еді.

Елбасы айтып отырғандай, халқымыздың рухани құндылықтары ең алдымен осы отбасылық дәстүрлер арқылы беріледі. Оған күмән жоқ. Есте жоқ ескі замандардан бері келін түсіріп, қыз ұзатып, үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетіп келген дана халқымыздың өмір салты, отбасылық ұстанымдары өзгере қойған жоқ. Сол ізгі амал, дара дәстүрді балталаса бұзылмайтын берік сабақтастық, ұрпақ жалғастығы сақтап келеді. Сондықтан Ұлы Даланы мекен еткен әрбір отбасын елдің діңі, тарлан тарихтың тамыры десе де болады. Тамыр суалмаса – дің қурамайды.

Тамырды суалтпау – әр отбасының міндеті. Кейінгі кезде салт басты, сабау қамшылы жүру сәнге, заман үрдісіне айналып бара жатқан секілді. Отбасын құрып, шаңырақ көтеруге асығатын жастардың қатары азайып бара жатыр. Есесіне, сүйгенін кезіктірмеген сүр бойдақ, теңін таппаған бұрымды көбейіп кетті. Жаһанданудың жалпыға ортақ қасіреті бұл. Жарайды, «жас өспей ме, жарлы байымай ма?». Ертең-ақ, сыңарын таба жатыр. Ендігі мәселе – бір кездері «күйіп, сүйіп қосылған» ерлі-зайыптылардың жылдар жылжи келе бір-бірінен безінуі болып отыр. «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған»... (М.Шаханов).

Бар емес, өте көп. Өткен жылдың өзінде 22 514 азамат неке бұзыпты. Яғни елімізде бір жылдың өзінде 11257 шаңырақ шайқалды деген сөз!!! Шаңырағы көптеп шайқалған елдің келешегі де кемел болмайды. Демография құлдырайды, берік сабақтастық әлсірейді. Отбасын сақтап қалуға барын салған адам – Отанын сақтап қалуға ұмтылған тұлға деген сөз. Халқымыз осыны ұғынуға, ой сүзгісінен өткізіп, түйсінуге тиіс.

Ендеше қуатты, шуақты ел болам деген мемлекеттің ең басты мақсаты – отбасының әл-ауқатын арттыру болуға тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, биылғы 1 наурызда Қазақстандағы халық саны 18 917 184 адамға жетіп отыр екен. Қала тұрғындарының саны – 11 187 156. Ауыл халқы – 7 730 028. Жер көлемі бойынша әлемдегі тоғызыншы территорияны мекен етіп отырған ел үшін бұл тым аз. «Көп қорқытады, терең батырады». Көпті көргенде қорқып, тереңге кез келгенде батып кетпеуіміз үшін де санымыз артса дейміз ғой баяғы. Өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағыдай 10-13 баланы өмірге әкеліп жатқан отбасылар жоқтың қасы. Жалғыз баланың бетіне қарап отырғандар қаншама. Мұндайда әйгілі Досай бидің «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың болар болмас хәлі бар, үш баласы бардың үш рулы елде малы бар» деген аталы сөзі ойға оралады. Олқылықтың орнын толтыру қажет-ақ. Әйтпегенде, бағзы бабаларымыз «бір бала – бала емес, екі бала – жарты бала, үш бала – бүтін бала» деп аталы сөз айтар ма еді? Жоқ. Сонда қайтпек керек?

Қабырғалы қаламгер Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бір ауыз сөзін бүгінде ұлттық ұстанымға айналдырып алдық. Бесік емес-ау, бесіктен белі шыққан баланы сара жолға сала алсақ, дұрыс ілім-білім беріп, өз алдына отау, үй ете алсақ ел іргесі бекемделді деген сөз емес пе? Ең алдымен, еліміздегі отбасы, демография институттарының жұмысын жүйелі жолға қоя алсақ жөн болар еді. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы Отбасы және бала институтын қолдау мәселесіне баса мән берді.

Әсіресе, отбасылардың әлеуметтік әлеуетін арттыруға көп көңіл бөлінуі тиіс. Ел Президенті осы мәселе туралы Жолдауда «Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек», деген болатын. Осы бағыттағы жұмысты әлі де жандандыру, жалғастыруымыз керек. Неге? Себебі нарық заманына еті үйреніп, ой-санасы бейімделе қоймаған отандастарымыз үшін бала туу, оны асырап бағу мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Жойғаны былай тұрсын, жыл санап осы мәселені алға тартатындар да артып барады.

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі». Ата-әжеміз күні бүгінге дейін осыны айтып келеді. Соңынан ерген ұрпағы, немере-шөбересі көп болса дейді. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» екенін айтып, бала-шағаның көп болғаны – олардың өсіп-жетіле келе бір-біріне қамқор, қорған болатынын санамызға сіңіреді. Ашаршылықта да, саяси қуғын-сүргінде де, сұрапыл соғыстарда да қазақ халқын құрдымға құлдыратпай алып қалған осы құндылық. Отбасы құндылығы.

P.S. Өзен тартылса – теңіз сарқылады. Арал да сарқылды. Ағылып келген арнасы кең өзен, құйылып жатқан су азайды. Отбасы да осы өзен секілді емес пе? Отбасының тамыры тартылған сайын Отан сарқылады. Онсыз да өткен жылы 11257 отбасының орнын сипап қалдық. Қара шаңырағымыз қалжырап қалмаса жарар еді. Аралдың тағдырын Алаш қайталамауы тиіс. Қазақстанды қалай қорғасақ, отбасы деп аталар шағын Отанымызды да солай қорғаштай білейік!

 

Соңғы жаңалықтар