Әдебиет • 13 Мамыр, 2021

Айсберг ақиқаты

583 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«...Бәріміз – жазуын ешкім ұқпайтын бір жапырақ қағазбыз...»

                                                                                       «Жазу»

Ол күнде кешкісін серуенге шыққанда, оқушы дәптерінің жыртылған бір парағы ағараңдап елеусіз ғана жолында жатады. Ол жақындағанда, астынан самал кеулеп, көтеріліп-басылып, көтеріліп-басылып, ұша жөнелгісі келгендей қалбаңдай түсіп, тынши қалады... Тұрсынжан Шапайдың «Жазу» атты қысқа әңгімесінің оқиғасы осылай басталады.

Айсберг ақиқаты

Алғаш байқағанда автор оған мән бермейді: «... кәдімгі қағаз: жатады, сарғаяды, кірлейді... жел ұшырып әкетеді... шіриді...» Бір күні сол қа­ғаз қызық мінез шығарады. «Бір жағы кө­мескі-қошқыл, бір жағы қылаусыз аппақ оқу­шы дәптерінің бір парағы. Менің ізімді қуалай соққан самалмен бірде теп-тегіс қатқақ жердің үстімен сусылдай сырғып, біресе, толқи соққан майда лептің ырқымен аударылып түсіп, аударылып түсіп, жанұшыра емпеңдеп келеді екен». Жазған жапырақ не айтқысы келеді сонда? Кәдімгі бір жаны бар ма дерсіз...

Бұрындары бір жапырақ қағаз тор көз сызықтары көмескіленіп, әр тұсы қоңыр-қошқыл дақтанып, сарғайса да өткен-кеткен адамдарға «бас көтермей» мүлгіп жата бе­ретін. Тіпті кейін дәл бел ортасынан бәтеңке өкшесі аямай басқанда да қыңқ демеген (тағ­дырдан не теперіш көрсе де, ішінде ғой). Алай­да сол күннен бастап, кейіпкер-қағаз әңгімеге самал желмен бірге ентіге енгенде автордың да жүрісі баяулап, күдіктеніп қалды. Сондай-ақ әңгіменің алдағы оқиғаларын өзінің құрғақ сыбдырымен бірге ілестіріп отырды.

Елеусіз ала қағаз тегін болмай шықты. Оны байқаған автордан да маза кетті. «Орта шенінде қараңдап әлдебір жазулар көрінеді. Бейуақтағы алакөлеңкеде анық ажырата алмай, еңкейіп төне бергенімде, қалбаң етіп қайта аударылып түсті. Қолымды созғанша болмай, сытыр-сытыр етіп, сырғи жөнелді... Менің күмәнім қалған жоқ – бір жағы күңгірт, бір жағы аппақ осы ала қағазда бір құпия бар!..» Осылайша, кейіпкер-қағаз авторын біраз әуре-сарсаңға салады. Бірін-бірі қуалап жүрген екеу бір уақытта жарқабақ шетіне келіп тоқтайды. «Жынды парақ бер жағынан жел итеріп, ар жағынан өзен аңғарының салқын лебі сүйеп, жарқабақтың дәл ернеу жиегінде қалтиып тігінен тұр екен. Таяп келіп, осынау, бір сәттік тепе-теңдік ырқында қалтылдап, билеп тұрған жұмбақ қағаздың бергі аппақ бетіндегі тылсым жазуды ап-анық оқыдым... Ап-анық болатын, ап-анық түсінгем – сол мезетте ұмыттым...» Оның оқыған-оқымағаны, ұмытқан-ұмытпағаны белгісіз осы бір мезетте кейіпкер-қағаз жар жиегінен арғы жаққа қалықтай жөнелді. «Арнаны кемерлей сырғанап, төмен сусыған бетте, жөңкіген толқындар қақшып алып, қақпақыл ойнатып кете барды...» Беймәлім жазу да арнасынан жаңылмаған асау ағыстың құшағында кетті.

Осының бәрі бейнебір түс сияқты деді. Жазуды ап-анық көргенімен, мағынасын есіне түсіре алмай, жарқабақ жиегінде аңтарылып тұрды да қойды. «Мен түсімде талай жазуды оқыдым – көзімді ашқанда елес болып еріді. Ұмытып қалмайын деп түсімде талай өлеңді жаттадым – оянғанда, сағым боп бұлдырап адастырды. Түсімде анық естіген небір сырлы әуендерден өңімде айырылдым – қайда?..»

Ол ештеңе білмеді. Білгені, өткеннің бәрі көрген түстей сезілді. Сонда шығарманың айтпағы не? Мағынасы қандай? Қағаздағы жазу ше? Автордың түйіні әңгіменің ғана емес, өмірдің де шешімі сияқты.

«Менің білетінім, Тағдырым, мейірімсіз өкшелердің таңбасын арқалап, сен де бір күні елеусіз, ескерусіз жол шетінде жатып сар­­ғаясың... Күндердің күні көңілсіз сыбдырлап, ма­засыз елпектеп, еренсіз, немқұрайды соқ­пақ­пен сен де сырғисың бір жаққа... Көр­мес, естімес, ұқпас дүниеден суып, жарқа­бақтың жиегінде қалтылдап, соңғы рет жүре­гіңді ашасың... Сусып жар түбіне сұлқ түсесің де, күңіренген құрдымға еркіңді тап­сырасың...»

Біз «жынды» қағазбен бірге қалбаң қағып жүргенде байқамаппыз: әңгіменің өн бойында Хемингуэй айтқан айсберг тұр екен. Бір қарағанда, әңгіме соңындағы жаттанды әрі қарапайым философиялық тәмсілге орай­ласқан автор сөзі сол алып мұзды ортасынан қақ айырып, опырылып түскендей болды. Екі беттік әңгіменің басы мен аяғы бір қарыс болса да, әлгі мұздың бір ұшы сенің басыңа келіп құлағандай миың шулап, әрең ес жиясың.

Иә, жалғыз ақиқат – өмірдің өткінші екендігі. Жер бетіндегі, әрине, көше жолын­дағы сарғайған, бәлки өмірден түңілген, ешкімге керексіз ала қағазды көрген, соңынан ерген, ермеген барша адамның жан түкпірінде бұл ақиқат сақтаулы. Көп ойламаймыз, себебі қорқамыз. Бірақ сеземіз. Ұмытылған емес: ара-тұра суық түстей еске түсіп тұрады. Ал қағаздағы жазу – автордың көркем шындығы. Сол құпия жазу арқылы шешімді өмірдің өзгермес заңдылығына алып келді.

Осылайша, автор әңгіме басында жайба­рақат серуендеп жүріп, күнделікті қоңыр тіршілігімізде ешбір мән-маңызы жоқ жұлынған қағазды әңгімелеп отырып, соңында өзі де соқпақ соңына тіреліп, айтар ойы да әлгі кейіпкер-қағазбен бірге «серуендеп» ілесіп келген оқырман санасына өмірдің соңын елестетеді. Сөйтіп отырып, «сен де сол жапырақ қағаз сынды бір күні бір жаққа сырғисың» деп қаламын сүйкей салады.

Оқиға барысы мен суреттеулердің бәрі жапырақ қағаздың жел тербеген қозғалысындай оп-оңай, нәзік. Түрлі кейіпкердің жақсылы-жаманды әрекетін жарыстырып, оқиғаларды қым-қуыт шиеленістіріп, шығарманың түп мағынасын құрғақ моральмен аяқтау мұнда жоқ. Жол бойынан бір-бірімен аңдысып келген екеудің айырылысуында кішігірім трагедия бар (әрине, салмағы ауыр). Жан-дүниесіндегі сол күйдің толқып-шарпуынан адам баласының қысқа ғұмыры зу етіп көз алдынан өте шығады. Өмірдің шындығы – осы. Тағдырдың жазуы – сол. Өмірдің соңында бәрі көрген түстей болады дейді.

Бізді де бір күні бір жапырақ сыбдырлап бір жаққа жетелері анық. Жазуды артынан қуып жүріп оқу міндет емес, жазудың мәні – ақиқат.