Қай қоғам үшін де отбасы қашанда ең маңызды құндылық ретінде қарастырылады. Кез келген мемлекет тұрақтылықтың тірегі саналатын отбасы институтының қалпы бұзылмай, қадір-қасиеті кемімей, одан сайын беки түсуіне мүдделі. Кейінгі кездері заман ағымына қарай кейбір көзқарастар, өлшемдер өзгеріп, қоғамның негізгі әлеуметтік институтының әлсіреуіне әсер етіп жатқаны жасырын емес. БҰҰ белгілеген бұл халықаралық атаулы күннің мақсаты отбасы құндылығын арттыруға көпшілік назарын аудару екені түсінікті.
Соңғы онжылдықтарда отбасы институты дәстүрлі қалпынан әжептәуір айнығаны байқалады. Бұған әлемнің көптеген еліндегі некелесудің азаюы, ажырасулардың жиілеуі дәлел бола алады. Осынау негізгі құндылықтың маңызы әлсіреуіне басқа да құндылықтардың алға озуы ықпал етуде. Әрине, бұл жерде алдымен ойымызға оралатыны – жан-жақты еркіндікке шектен тыс еркіндік беріліп жатқаны. Мысалы, бүгінде азаматтар үйленуге асықпайтын болды. Біраз елде отбасын құрудың орташа жасы едәуір өскен. Бұл өз кезегінде бала туу көрсеткішінің кемуіне де әсер етеді. Сондай-ақ жауапкершілік жүгін жеңілдететін азаматтық неке және дәстүрге қайшы неке түрлері пайда болып, мұндайларға жұрт қалыпты жағдай сияқты қарай бастады.
Аталған мәселелер қазіргі біздің қоғамда да көрініс тауып отыр. Статистикаға сүйенсек, елімізде жылдан жылға некелесу азайып бара жатыр. Айталық, 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке қиылды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 7,6% аз. Ал 2018 жылы 139 504, 2017 жылы 141 791 неке тіркелген. Яғни шаңырақ көтергендердің қатары көбейер емес. Оның үстіне бара-бара ажырасулар саны артқаны одан сайын қынжылтады. Мұндай керітартпа көрсеткіштерге алдымен дәстүрлі отбасы мен дін институты ықпалының әлсіреуі себеп болуда. Дін институтының үстемдігі аз және дәстүрлі отбасылық көзқарастар күшті емес қоғамда ажырасу деңгейі жоғарылап жатыр.
«Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасына сәйкес, «Отбасылық-демографиялық саясат» сауалдамасының деректері негізінде еліміздегі ажырасудың себептері мен салдарларына талдау жасалды. Сонда жоғарыда айтқандай, салт-дәстүрге неғұрлым баса мән беретін өңірлерде ажырасулар аз болатыны көрсетілген. Сөзімізге дәлел ретінде ұлттық баяндамадан нақты дерек келтіре кеткеніміз жөн болар. Онда «Батыс және Шығыс Қазақстанда ажырасудың жоғары деңгейі бар, бірақ жағдай солтүстік облыстарға қарағанда жақсы. Алматы және Нұр-Сұлтан сияқты өңірлік маңызы бар қалалар ажырасудың жоғары деңгейін көрсетті, некелесу мен ажырасудың арақатынасы – шамамен 2,4/1. Сонымен ажырасудың ең жоғары деңгейі – солтүстік өңірлерде. Бұл өңірлерде орташа есеппен бір ажырасу 1,68 некелесуден келеді. Одан кейін батыс және шығыс өңірлер. Шығыс Қазақстан облысында бір ажырасуға – 1,9 некелесу. Батыс өңірлерінде бір ажырасуға – орта есеппен 2,47 некелесу. Ажырасудың ең төменгі көрсеткіштері – Қазақстанның оңтүстік облыстарында. Оңтүстік өңірлердегі некелесу мен ажырасудың орташа арақатынасы бір ажырасуға – 2,86 некелесуден келеді» делінген.
Осы зерттеу жұмыстары барысында жүргізілген сауалдама нәтижесінде респонденттердің 43,2%-ы ажырасудың негізгі себебі отбасылық зорлық-зомбылық деп көрсеткенін атап өту қажет. Расында, мұндай келеңсіз жағдай – отбасы дейтін аяулы ұғымға селкеу түсіретін, қоғамдық құндылықтарды құлдырататын қауіпті көрініс. Сондықтан аялы алақан, қамқор қорған деп білетін отбасындағы тыныштықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ондағы әлімжеттік мәселесімен қоғам болып күресуіміз керек. Яғни үй ішіндегі үйлесімді, жылылықты бұзатын зорлық-зомбылыққа жол бермеу – отбасы институтын нығайтудың бірден-бір жолы.
Жалпы отбасы институты рухани құндылықпен қатар материалдық құндылыққа сүйенетіні сөзсіз. Әлеуметтік жағдайдың оңалмауы талай шаңырақтың шайқалуына себепші болып жатады. Ырысы да, көңілі де ортаймаған отбасы тұрақтылық тірегі – орта таптың қалыптасуына бастайды. Елбасымыз «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін ұдайы айтып жүр. Бұл – «Отан отбасынан басталады» дейтін қарапайым қағиданың қай заман үшін де өзгермейтін өлшем екенінің айғағы. Ендеше қашанда отбасымыз бүтін болып, берекеміз арта берсін!