Аймақтар • 14 Мамыр, 2021

«Бақытты отбасы» орталығы кәсіпке баулиды

1232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ана мен бала саулығы һәм олардың алаңсыз өмірі мемлекет беделін биіктетіп, бірлігін бекемдейді. Сондықтан да аналарды қолдау әрі оларға рухани-материалдық тұрғыдан дем беру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Тұтас ел көлемінде жүзеге асып келе жатқан «Бақытты отбасы» бағдарламасы талай жанға демеу, сан көңілге медеу сыйлағаны қуанышты жайт.

«Бақытты отбасы» орталығы кәсіпке баулиды

Қанат қаққан бірер жылдың ішінде ауқымды жобаның аймақтардағы аяқ алысы жаман емес. Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отба­сы­ларға арналған тоғыз бірдей «Ба­қыт­ты отбасы» әлеуметтік орта­лы­ғы бар. Мәселен, алып шаһардың бір ғана Медеу ауданында аталған бағдарламаның көмегімен қаншама мұқтаж жанның бағыт-бағдар алғанын ауыз толтырып айтуға болады. 2019 жылдың ақпанынан бастап жұмыс істеп келе жатқан Медеу аудандық «Ба­қытты отбасы» әлеуметтік орта­лы­ғы көпбалалы, аз қамтылған, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қызмет көрсетіп келеді.

«Біздің орталық әлеуметтік әл-ау­қа­ты төмен отбасылардың балала­рын балабақша кезегіне тұрғызу, атау­лы әлеуметтік көмекке тіркеу, жеке куәліктерін қалпына келтіру, «Оңай» картасына тіркелуге септесу, «Отбасы» банкіне арналған құ­жат­тарды жинау мәселелері мен заң­дық және психологиялық тұрғыдан туындаған сұрақтар бойынша көмек көрсетеді. Тек қана бұл көмектермен шектеліп қалмаймыз. Орталық тегін психолог және заңгер қызметтерінен бөлек, «Бизнес бойынша кеңес», тігін, массаж, ұялы телефон және гаджеттерді жөндеу, бау-бақша және тағы да басқа тегін курстарды үй­ре­те­ді. Кәсіппен айналысқысы келетін аналардың бизнес идеясын жүзеге асырып, қаржылық қолдау көрсетеміз. Егер аналар заңгер кеңесіне мұқтаж болса, бизнесті қалай және неден бастау керегін білмесе және отбасы тақырыптарында өзге де сауалдар мазаласа біздің орталыққа жүгінуіне болады», – дейді Медеу ауданы «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының басшысы Толқын Саметова.

Орталық жетекшісі тілге тиек еткендей, атаулы әлеуметтік көмекке тәуелді болмай, көпбалалы аналардың кәсіптік тұрғыдан дамуына арналған тегін курстар мен бизнес бастау үшін грант ұтып алу мүмкіндігі талай жанға үміт сыйлаған. Орталықта тегін білім алып, алғашқы қолдаудың нәти­­жесінде өз кәсібін өрге дөңге­ле­т­­кендер аз емес. Солардың бірі – Жанат Серікбаева мен Айгүл Ду­сен­баева. Тігін ісі бойынша тәлім алып, әрқайсысы 2 млн теңгелік грант еншілеген қос алматылық тізе бі­рік­­тіріп тігін цехын ашқан. Сүйік­ті ісінен нәсібін тапқан ісмерлер алда­ғы уақытта кәсіптерінің ауқымын кеңей­ту­ді көздейді.

«Іс тігуге бала күнімнен әуес­тен­дім. Әжелеріміздің қолынан ұршық түспейтін. Мұның бәрі көз алдымызда қатталып қалған біз, бұл істің негізгі қыр-сырын жасымыздан бойымызға сіңірдік десек болады. «Бақытты отбасы» жобасы арқылы қол жеткізген грантымыз өз арманымызды іске асы­руға демеу болды. Бүгінгі таңда атал­ған мамандық үлкен сұранысқа ие. Бізді қолдап, қаржылай көмек көрсеткен жобаға алғысымыз шексіз. Бұл шын мәнінде, еңбеккер аналар үшін таптырмас мүмкіндік», дейді Ж.Серікбаева.

Отбасы құндылықтары тұрмыстық жайт­тардың тасасында қалмас үшін аналарды рухани қолдау маңызды. Әлем елдерінің ішінде ажырасу көр­сет­кіші жағынан Қазақстан алдың­ғы орындардың бі­рін­де тұрғанын ауыр да болса мо­йын­дауға тура келеді. Осыны ескерген орталық мамандары өміріне ша­ғым айтып келген жандардың кө­ңілін аулап, санасын серпілтуге зор мән береді. Кәсіби психологтар, тіпті тіршіліктен баз кешкенін айтып алдарына жүгінген аналарға моральдық демеу беріп, орталық арқылы жан-жақты қолдау көрсеткен. Олардың ішінде орталық көмегімен жеке биз­­несін бастап, қаржылық тәуел­сіз­дікке қол жеткізгендер де бар» дейді мамандар. Мұндағы ком­пью­­терлік орталықта түрлі курстар жүр­гізілсе, балаларымен келген ана­лар үшін арнайы бөлмелер де қарас­тырылған. Онда курс уақыты біт­кен­­ше тәрбиешілер балаларды сурет салып, желіммен түрлі пішімдер жа­сау­ға баулиды.

2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі «Отбасы» банкімен бірлесе отырып, көпбалалы жандар үшін «Бақытты отбасы» бюджеттік несие беру бағдарламасын іске қосқаны мә­лім. Бағдарламаның нәтижесінде жүз­деген үйелмен жеңілдетілген не­сиемен үй алып, қоныс тойын той­ла­ған болатын.

Қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан жоба талай жанның жүзіне шуақ сый­ла­ғаны қуантады. Алдағы уақытта мұн­дай нағыз қажетті бағдарламаның ауқы­мы кеңейтіліп, шалғай аймақ­тар­да­ғы кәсіби мамандардың кеңесіне зәру болып отырған жандарға да қамқорлық көрсетілсе құба-құп.

 

АЛМАТЫ