Медицина • 14 Мамыр, 2021

Нина Каюпова: Ұлттық медицинаның дамуы адам репродукциясындағы жетістіктерге жол ашты

479 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында демография, отбасы құндылықтары, жергілікті халықтың денсаулығын сақтау, ана мен баланы қорғау бағытындағы заңнамалық құжаттарды әзірлеу бірінші кезекте тұрды. Ұлттық акушерлік-гинекология саласының баста­уында тұрған кәсіби маман, Тұңғыш Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нина КАЮПОВА заң шығару ісі мен отандық репродукция саласындағы ғылыми жетістіктердің ұлттық сипаты жайында әңгімеледі.

Нина Каюпова: Ұлттық медицинаның дамуы  адам репродукциясындағы жетістіктерге жол ашты

– Нина Әмірқызы, ел іргесін тік­те­ген жылдарда денсаулық сақтау жү­йе­сін жаңадан құрылымдауға тура келді. Кәсіби мамандар отандық репродукция саласының дамуына атсалысып, ана мен бала денсаулығын қорғау ісінің бастауында тұрды. Оның дәлелін өзіңіз 60 жылдан астам еңбек еткен акушерлік-гинекология саласының тарихынан көреміз. Осы жылдарда еліміздің бас акушер-гинекологі ретінде әрі Ана мен баланы қорғау республикалық ғылыми-зерттеу ор­талығының басшылығында қандай маңызды мәселелерге ден қойылды?

– Ана мен бала денсаулығын қорғау, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекет саясатының ажырамас бөлігі. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында ана мен бала мәселесіне, отбасының рөлі мен өскелең ұрпақ тәрбиесіне аса мән берілген болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында баласы жоқ отбасыларға, әке мен ана болуға қолдау көрсету мәселесін үнемі көтеріп келеді. Бұл – бір-бірінен бөле-жарып қарауға болмайтын отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі келелі мәселе. Медициналық индустрияның негізгі саласы – акушерлік, гинеко­логия және перинатологияның қиын­ды­ғы ана мен бала өмірін қатар сақтап қалумен тығыз байланысты. Осы мамандықты жан қалауыммен таң­дап, акушерлік салаға кіріскеннен кейін оның өзекті мәселелерін шешуге бар күш-жігерімді салуға тура келді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен соң акушерлік-гинекология ғылымының да, тәжірибесінің де маңыздылығына көз жеткізе түстім. Осы жылдарда жаңа технологиялық әдістерді пайдалану, еліміздің аймақтық ерекшеліктерін ескере отырып бағдарламалық іздестіру үлгілерін түзу, сараптау, бала босандыратын мекемелердің сапалы қызмет көрсету көрсеткіштерін зерттеу сияқты кешенді жұмыстар жолға қойылды. ДДҰ деректері бойынша ана мен бала өлімі қай кезеңде болсын ең жоғары көрсеткішке ие болып келді. Сондықтан қазіргі кезде де көкейкесті болып отыр­ған ана бола алмаудың себеп-салдарын зерттеудің клиникалық, ғылыми бағыттарын шешу мәселесі өзекті.

– Осынау жауапкершілігі зор істі атқара жүріп қоғамдық жұмыстардың бел ортасында болдыңыз. Депутат ретінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII, тәуелсіз елдің Парламент Сена­тының II шақырылымында заң шы­ғару ісіне белсене атсалыстыңыз. Сол кезеңде денсаулық сақтау жүйесін да­мытуға ықпал ететін қандай маңыз­ды заңдар қабылданған еді?

– 1990 жылдар еліміз үшін аса ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Жо­ғарғы Кеңестің XII шақырылымына «Респуб­ликалық әйелдер кеңесі» қоғамдық қоры атынан сайландым. Бұл ел үшін шешуші кезең Егемендік туралы декларацияны, «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының мемлекеттік Тәуел­сіздігі туралы» заңды, мемле­кетіміз­дің Туы, Елтаңбасы мен Гимнін қуана қабылдаған кезең болатын. Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Н.Назарбаевты сайладық. Осылайша, мемлекеттілігімізді нығай­та­тын заңдарды қабылдаудың бас­тауында тұрдық. Осы кезеңде халық қалау­лы­ла­ры барлық күш-жігерін сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуына бағыттады. Елбасының Жарлығымен 1999 жылы желтоқсан айында Парламент Сенатының ІІ шақырылымының депутаты болдым. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында еліміз келешегінің беріктігіне, демография­сы мен ұрпақ тәрбиесіне, отбасы құн­ды­лықтарының нығаюына ықпал ететін «Отбасылық үлгідегі балалар ауыл­дары туралы», «Жасөспірімдер үйлері туралы», «Жасөспірімдердің құқық­тары туралы», «Денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Мүмкіндігі шек­теулі балаларды педагогикалық және медициналық коррекциялық қолдау туралы», «Халықтың санитарлық эпи­демиологиялық салауаттылығы туралы», «Бала құқығы туралы» заңдарды әзірлеу бойынша жұмыс тобына же­текшілік еттім. Заң шығару аса жауапты әрі жан-жақтылықты талап ететін қажырлы еңбек болғандықтан, осы шешуші кезеңде білім мен ғылымды, денсаулық сақтау саласын дамыту, ана мен баланы қорғауға арналған заңнамалар бойынша Парламент тың­даулары әр депутаттың кәсіби тұр­ғы­дағы ұсыныс-пікірлерімен өрбіп, қызу пікірталастарға ұласып жататын. Осы жылдарда Парламент деле­га­циясы құрамында халықаралық кон­ференцияларға қатысып, Парламен­та­ралық одақ парламентші әйелдердің Үйлестіру комитетінің мүшесі болып сайландым.

– Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығына 16 жыл басшылық еттіңіз. Осы жылдарда Орталық Азия бойынша алдыңғы қатардағы орталықтардың бірі ре­тін­де танылған ғылыми орталықта ре­продукция саласында қандай жетіс­тік­терге қол жетті?

– Репродуктивті денсаулық жайында айтқанда туу көрсеткіштерін арттыруға бағытталған шаралар жайын сөз етпей кете алмаймыз. Демографиялық сая­сатты жандандыру репродуктивті әлеует, репродуктивті құқық, репро­дук­тивті денсаулық, қабілет, т.б. бірқатар шараны қамтиды. Осыларды қысқаша сипаттай келе осы тұста ерлі-зайыптылардың қанша балалы болатындығын анықтауы, баладан бас таруы, некеде, некесіз болуы, денсаулығы, жас мөлшері, яғни бала сүю үшін қажетті технологиялар мен әдістерді өздері таңдайтынын ескеруіміз керек. Дегенмен бала сүю мәселесі мемлекет тарапынан қашанда қолдауға ие болып келеді. Репродуктивті шығындар, көп жылғы зерттеулер медициналық, әлеуметтік және биологиялық фактор­лар негізінде жүргізілуде. Бүгінде елі­мізде 27 ЭКО орталық, Ана мен бала денсаулығы ұлттық ғылыми орталығы және Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық ғылыми орталығы базасында 2 мемлекеттік орталық бар. Оған қосымша репродуктивті технологияларды пайдалану тұжырымдамасы, «Адамның ұрпақ жаңғырту құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» заңы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына мүмкіндік беріп келеді.

– Ана мен бала өмірін сақтап қалу, бала сүюдің өзекті мәселелері бүгінгі ғылымның дамуына байланысты біршама жеңілдеген тәрізді. Десек те пандемия кезінде де ана мен бала өлімінің алдын алу мүмкін болмайтын жағдайлар кездесті. Осы орайда әлі күнге заманауи медицина игере ал­май отырған қандай көкейкесті мәсе­лелер бар?

– Ана бола алмаудың себептері көп жағдайда ана өлімі, бала сүюдің мүмкін болмауы жасанды түсік сияқты мәселелермен тығыз байланысты келеді (белсіздік, жеткіліксіз жүктілік, баладан саналы түрде бас тарту). Мұның медициналық және әлеуметтік себеп-салдарымен қатар ұлттық демографиямызға да тигізетін теріс әсері зор. Қазақстан туу көрсеткіштері бойынша халқының тығыздығы, аймақтық ерекшеліктеріне байланысты ерекшеленеді. Осы аймақ­тық ерекшеліктер акушерлік-гинеко­логиялық қызметті дамыту, қажет­ті инфра­құрылымы бар ғылыми негізді платформаны әзірлеуді талап етеді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында әлем­дік тәжірибеде бірінші болып елі­міз­де жүктілік пен босандырудың тәуекел топтары үшін ғылыми негізді жүйе енгізілді. Интегралды тәуекелдерді дер кезінде тоқтату үшін акушерлік-гинекологиялық көмек кезең-кезеңімен жүзеге асты. Көп жылғы зерттеулер тәуекел тобындағы акушерлік асқынулар мен бала сүйе алмаудың алдын алу сияқты екі басымдықты анықтап берді. Ана өліміне көп жағдайда жүктілікке қарсы көрсеткіш ретінде ішкі ағзадағы асқынулар әсер ететіні белгілі. Ал коронавирус инфекциясымен байланыс­ты келген пандемия жүктілікке қауіп төндіріп, арты қайғылы жағдайларға соқтыруы бүгінгі заманның қоғамға төндіріп отырған қауіп-қатері. Қазіргі жағдайда науқас әйелдердегі жүктілік пен дұрыс босандыру үшін әлі де ғылыми зерт­теулерді үйлестіру мәселесі тұр. Оның нәтижелі болуы қауіпсіз жүктілікті, әйел өмірін сақтап қалуды қамтамасыз етеді.

– Қоғамдағы әйелдің рөлін арттыру, қолдау көрсету мәселесі өзіңіз тіке­лей атсалысқан Президент жа­нын­­дағы Әйелдер істері және отба­сы­лық-демографиялық саясат жө­нін­дегі кеңестің, «Республикалық әйел­дер кеңесі» қоғамдық қорының жұмы­сынан айқын көрініс береді. Әсіресе ел тәуелсіздігінің алғашқы жыл­­дарында мұндай ұйымдардың жұ­мысы қоғамға ерекше қолдау болғаны рас.

– Елбасының Жарлығымен 1995 жылы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңес құрылғаны белгілі. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Кеңесті құру отбасы құндылықтарын арттыру, отбасы саясатын құру, неке және отбасы институтын нығайтуға ықпал ететін отбасы мүдделері мен құндылықтарын арттырудағы маңызды қадам болды. Кеңес қоғамның барлық құрылымдарында азаматтық көзқарас пен әйелдің рөлін нақтылаумен қатар саяси, әлеуметтік, мәдени өмірде әйелдердің атсалысуына, адам да­муының әлеуметтік бағдарындағы бағ­дарламаларды әзірлеу үшін қолайлы жағдайлар туғызудың негізін қалады. Кеңестің негізгі басымдықтары дені сау ұрпақ өсіру, бала тәрбиесі мен білім беру сияқты жалпықоғамдық құ­­қықты жүзеге асыруға ықпал етті. Оның жұмысы отбасы, әйел мен бала, еліміздің демографиялық ахуалы, отбасы жағдайын жақсарту бағытындағы ақпараттық базаны қалыптастырудан басталды. Жыл сайын Ұлттық баян­дама жасалып отырды. 1997 жылы «Қа­зақстандағы әйелдердің жағдайын жақ­сарту тұжырымдамасы» жасалды. Тоқсан сайын отырыстар өтіп, Кеңес хатшылығы сараптамалық, ақпараттық жұмыстар жүргізді. Материалдар Астана, Алматы және облыс әкімдіктеріне жолданып отырды. Елбасы бастамасымен Жамбыл қаласында 1995 жылы өткен «Әйел – қоғамның негізі, денсаулығының кепілі» І форумы, 1998 жылы Астанада өткен «Әйелдер Қазақстанның келешегі үшін» II форумы қоғам үшін маңызды мәселелерді көтеру алаңына айналды. Кеңес мүшелері халықаралық, республикалық конференциялар, кәсіби дөңгелек үстелдер, студенттермен кездесулер өткізді. 1995 жылы алғаш рет Үкімет делегациясының құрамында Кеңес мүшелері Бейжіңде өткен IV Дүниежүзілік әйелдер конференциясына қатысты. Республикалық «Қазақстан-1», «TV-Рахат» «Әйел, отбасы және қоғам», «TV-ТАҢ» телеарналарында «Әйел уақыты» бағдарламалары ашылып, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Сырғалым», «Казахстанская правда» газетінде «Жұма-пятница» айдарлары ашылуымен ел келешегі үшін мазмұнды әрі нәтижелі істерге ұласып жатты. Ал «Әйелдердің республикалық кеңесі» қоғамдық қоры – тәуелсіздіктің құрдасы. Оның бастауында қазіргі Қазақ­станның ғылыми элитасы, мә­дениеті мен өнерінің, шығармашылық интеллигенциясының, жоғары мектептің өкілдері тұрды. Бүгінде осы кәсіби топ­тың еңбегі зая кеткен жоқ. Қоғамдық қор әйелдерді біріктірудің сындарлы бағыт­тарына, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттаудағы өз қыз­меті­нің идеологиялық бағдарына, өз еліне бе­рілген жоғары білімді патриот­тарды тәр­биелеу ісіне беріктігін көр­сете отырып, біздің ортақ шаңыра­ғы­мыз­дағы бей­біт­шілікті сақтау мен мемле­кеттілігімізді нығайтуға айтар­лықтай үлес қосты.

– Әлемнің көптеген елінде ха­лық­аралық мінберлерде қоғамдағы әйелдің рөліне қатысты мәселелер кө­тердіңіз. Отбасын құру, бала сүю – жал­­пы әйел затына ортақ қуаныш деге­­німізбен, дүние жүзінде аштық пен соғыстан көз ашпай жатқан елдер бар. БҰҰ мінберінде әйелдерге ортақ қан­дай маңызды мәселелер көтерілді?

 – Осы жылдардағы қызметім барысында әлемнің 35 елінде Қазақстанды лайықты дәрежеде таныстырып, БҰҰ жағдайы жөніндегі комиссия жұмысына қатысқан екенмін. 1977 жылы Қазақ КСР делегациясы құрамында Португалияға бардым. Бұл сапар әртүрлі партиялар, қоғам мүшелері мен жергілікті жұртшылық қатысқан танымдық кездесулерге толы болды. Монреаль, Краков, Генуя және басқа да елдерге іссапарымда кәсіби халықаралық конференциялар мен конгрестерде перинаталды және репродуктивті медицина, медицина ғылымының жетістіктері бойынша, ДДҰ Еуропалық бюросының үйлестірушісі ретінде әйел, ана, бала, отбасын жоспарлау тақырыбында баяндама жасадым. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңестің төрайымы болып тұрған кезде Азия-Тынық мұхиты конференциясында Джакартада әйелдердің барлық салаға қатысуына қатысты, Каир­де жер тұрғындарының ахуалына қа­тысты өткен халықаралық конферен­цияда отбасын қолдаудың ұлттық жүйе­сі мен демографиялық саясат мә­се­­ле­сіне, БҰҰ Комиссиясының 40-41-ші сес­сиясында да, одан кейінгі Вена, Те­ге­ран, Гетеборг, Бухарест, Куала-Лум­пур, Берлин, Санкт-Петербургтегі кез­десулер әйелдің қоғамдағы рөлі, мәр­тебесі, ана еңбегінің құндылығы тақы­рыбында өрбіді. Жоғарғы Кеңестің XII және Парламент Сенатының II шақырылымының депутаты ретінде Да­ния және Британ парламентінде лордтармен кездесу, БҰҰ арнайы сессияларында үкімет делегациясы құрамында қатысуым, Парламентаралық одақ құ­ра­мында Джакарта, Амман, Гавана, Маракеште парламентаралық кеңестің халықаралық конференциясында әлем елдерінде алаңдаушылық туғызатын әйелдердің әлеуметтік жағдайы, ана мен бала мәселесі қозғалды.

– Сіздің жетекшілігіңізбен респуб­ли­каның акушерлік, гинекология сала­сының ғылыми мектебі қа­лып­тасты. Жиырмадан астам ғы­лым док­торын, қырыққа жуық ғылым кан­дида­тына жетекшілік еттіңіз. Елі­міз­дегі жаңа ғылыми бағыттардың дамуы да осы кезеңмен тұспа-тұс кел­гені белгілі.

– Отандық акушерлік-гинеколо­гия­ ғылымы 1991 жылы Алматы Меди­ци­­налық институтында «Аку­шерлік-гинекологиялық» мамандықтың ашы­луымен дами бастады. 1993 жылы «Аку­шерлік-гинекологиялық» маман­ды­ғы бойынша аспирантура, ал 2001 жылы «Медициналық генетика» ма­ман­дығы ашылды. 1990 жылға дейін ғылы­ми кадр­ларды даяр­лауды КСРО Денсау­лық сақтау ана мен бала денсау­лығын қорғаудың Бүкіл­одақтық ғылы­ми-зерттеу орта­лығы жүзеге асырып келді. Ол кезде он маман ас­пиран­тураға, екеуі докторантураға жі­бе­рілді. Осы жылдары Тұңғыш Прези­дент – Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Респуб­ликалық ана мен бала ғылыми-зерттеу орталығын ұйымдастыру үшін Денсаулық министрлігіне арнайы емдеу корпусын беру туралы қаулысы шықты. Материалдық-техникалық базасы мықты, ғылыми бөлімдері, 210 адамға арналған жатын орны бар, зертханасы, заманауи қондырғыларымен жарақталған орталық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтерді. Осы жылдарда алыс-жақын шетелдердің ғылыми орталықтарымен байланыс орнап, кешенді зерттеулер негізінде жаңа ғылыми бағыттар – перинаталды биохимия, перинаталды патоморфология, экологиялық репродуктология дамыды. 1997 жылы ТМД-да бірінші рет Ұлттық генетикалық регистр әзірленіп, енгізілді. Акушерлік және перинаталды салдарды азайту үшін, ағзаны сақтап қалу мен репродуктивті функцияларды қалпына келтіруге бағытталған, эндоскопиялық операциялар техникасын, жас мөлшеріне қарай гинекологиялық науқастарды сауықтыру әдістерін таңдау бойынша ғылыми негізді технологиялар енгізілді. Денсаулық сақтау талаптарын ескере отырып, әлемдік стандарттар деңгейінде ғылыми-зерттеулер жүргізу ғылыми кадрлардың бүтін бір буынын тәрбиелеп шығаруға ықпал етті.

– Жаңа технологиялар репродук­ция­­ саласына қалай ықпал етті?

– Ана денсаулығын сақтай отырып, өмірге дені сау ұрпақ әкелу, жүкті аналар денсаулығын экологиялық жағдайларды ескере отырып жақсарту, акушерлік-гинекология саласындағы ғылыми-зерттеулерде жүкті әйелдердің денсаулығына байланысты «өте қа­уіп­ті топты» ажыратудың әдістері анық­талып, нәтижесінде аналардың өмірін сақтап қалу жолдары ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Гинекологиялық аурулармен ауыратын әйелдерді жас ерекшелігіне байланысты емдеуге және эндоскопиялық операция­лар жа­сау­дың техникасын жетілдіруге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар енгізілді. Баласыз ерлі-зайыптыларды халықаралық стандарттарға сай келетін көмекші репродуктивті технологияның заманауи әдістерімен емдеудің тиімділігі анықталды. Іштен туа біткен кемістіктер мен тұқым қуалайтын аурулардың ұлт­тық генетикалық тізімі (регистрі) мен аурулардың алдын алудың скрининг әдісі енгізілді. Осы жылдарда менің жетекшілігіммен 24 докторлық, 40-қа жуық кандидаттық диссертация қорғалды. Тәуелсіз Қазақстанда еліміздің ғылыми әлеуеті 40 доктор және 250 медицина ғылымының кандидатымен, 4 мыңнан астам акушер-гинеколог дәрігермен толықты. Өз ісіне берілген мамандардың басым көпшілігі бүгінге дейін өз кәсібіне адал әрі кәсіби деңгейде еліне қызмет етіп келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»