Руханият • 14 Мамыр, 2021

Ерлікке толы суреттер

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарих парағының басқа бетіне ауысқанымызбен, өткен күндердің жаңғыры санадан оңайлықпен өше қоймасы анық.

Ерлікке толы суреттер

Әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыс. Жаңа ғасыр өткен ғасырға қарап бой түзейтінің ескерсек, сол қанды жылдардың келбеті жас ұрпаққа үлкен өнеге. Отанды сүюге ерекше рух береді. Ал сол алмас рухты біз соғызтың азабын тартқан қариялардың әңгімелерінен, шығармалардан, суреттерден аламыз. Бұлардың бәрі сол кезеңнің өшпес естеліктері.

Сурет демекші, Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архиві елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап арнайы тарихи көрме ұйымдастырды. Көрмеде соғысқа аттанған сарбаздардың құжаттары, жарлықтар мен сол дәуірдегі қаланың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын фотолар қойылған.

Деректерге сүйенсек, кезінде Ақмола қаласында 4 дивизия құрылған. 310, 387, 29 жаяу әскерлер және 106 кавалерия. 1941 жылдың желтоқсанында жауынгерлер мен командалық құрамды орналастыру үшін әскери қалашықта 126 казарма дайындалады. Оған 7600 адам қабылданады. 1500 жауынгер қаланың ішіндегі мұражай ғимаратына орналасса, ал «Сталин туы» газетінің редакциясына 800 адам қоныстанады. Жалпы 9783 ақмолалық майданға аттанып, соның 7 414-і оққа ұшыпты. Кейіннен 38 ақмолалық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. 7 солдат үшінші дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған екен. Осындай көп қолға түссе бермейтін маңызды мағлұматтар соғыс тақырыбында сөз қаузарда тілге тиек болар дүниеге бай әрі жастардың намысына қайрақ болмақ.

Ең ғажабы, көрмені тамашалауға ата-аналар балаларымен келген.  Осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтуда. Олар ерлікке толы суреттер жас толқынға жігер беретініне кәміл сенеді.

«Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен ардагер аға-апаларымызға көрсетілетін құрмет аласармауы тиіс. Өйткені олар сын сағаты туғанда қолына қару алып, майданға аттанды. Осы арқылы өзінің Отан алдындағы борышына адалдық танытты. Қаншама әкелерімізбен, аталарымыз сұрапыл соғыстан оралмады, бірақ олар туралы естелік біздің жүрегіміз бен жадымызда қалады. Мен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне мықты денсаулық тілеймін. Бізге бейбітшілік пен тыныштық сыйлағын үшін басымды иемін», дейді елорда тұрғыны Аида Өленбай.

Көрмеден басқа, соғыс туралы құнды құжаттарды мұрағаттың веб-сайтынан «Тарихи құжаттар» бөлімінен табуға болады: https://www.gosarhiv.kz/istoricheskie-dokumenty/