Медицина • 17 Мамыр, 2021

Індеттен құтылатын бірден-бір жол

385 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Вакцина паспорты – мемлекеттер арасындағы саяхатты қайта жандандыру үшін қажет жалғыз жол. Бұл туралы халықаралық жолаушылар қабылдау бойынша көш бастайтын Дубай әуежайының басшысы пікір білдірді.

Індеттен құтылатын бірден-бір жол

Дубай қаласы әуежайының жетекшісі Пол Гриффитс вакцина паспортын енгізуден басқа жол жоқ деген ойына сенімді. Ал вакцина мен дижитал жүйесін сынаушылардың өзі бұған салғырт қарайтын жауапсыз азаматтар деген пікірде.

Әуежай басшысының айтуынша, вакцина паспорты бүгінде талассыз маңызға ие және өзі паспортты қолдаушылардың бірі екенін мәлімдеді.

«Менің ойымша, мәселе паспортта немесе оның маңызын кемітуде емес. Негізгі мәселе барлық мемлекетке ортақ паспорт жүйесін ойлап табуда. Яғни барлық мемлекеттің талабына сай болатын ортақ жүйе қалыптастыру керек», дейді Пол Гриффитс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық саяхат пен туризм кеңесі «вакцина паспорты екі деңгейлі қоғам қалыптастырады» деген күмәнмен құжатқа қатысты теріс пікірде. Олар халқының жаппай вакцина алуын қамтамасыз ете алмайтын мемлекеттердің, вакцина алу мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барын ескеру қажеттігін ортаға салды. Ал вакцина паспорты оларды маргиналды қоғам қатарына қосып, әлемде тағы бір дискриминацияның қалыптасуына себеп болады деген пікірде.

«Саяхат, жұмысқа бару, әлеуметке араласу, қажет қызметтерді алу үшін  сертификат талап ету – бірқатар этностық кіші топтар, мигранттар мен әлеуметтік-экономикалық деңгейі төмен азаматтардың құқығына нұқсан келтіреді», дейді ұйым өкілдері.

ДДСҰ өкілі Майк Рян вакцина паспортының этикаға қатысын былай байланыстырады. «Әлемде вакцинаның әділ таратылып жатпағаны анық. Сондықтан мұндай жағдайда этика мәселесі ескерілуі қажет», деді ол.

Авиация саласы үкіметтердің қатаң шектеулері мен шекаралардың жабылуы, жолаушылардың азаюы салдарынан пайда болған  шығынын жауып, табыс алу жолдарын қарастырып жатыр. Әуе тасымалы тобы  авиация пандемияға дейін жаһандық экономикаға 3,5 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда әкеліп отырғанын хабарлады.

Дегенмен мұндай кезеңде де Дубай қаласының әуежайы жолаушылар ағыны бойынша жоғары көрсеткішін сақтап қалды. Ол тіпті Лондонның «Хитроу» әуежайын басып озды. 2019 жылы бұл әуежайға келген жолаушылар саны 86,3 млн адам болса, пандемия кезінде 70 пайызға азайып, 25,8 млн жолаушыға қызмет көрсетілген. Әуежай басшысы Пол Гриффитс санды қайта өсіру жолын қарастыруда. Оның пікірінше, тәуекелден қашуды емес, тәуекел менеджментін қолға алу керек.

«Әлем дәл осы қалыпта әрі қарай өмір сүре береді деп ойламаймын. Ол мүмкін емес. Адамдар бұрынғы өмір қалпына оралуға асық. Бұл әлеумет, экономика тұрғысынан да тиімсіз. Дегенмен, мемлекеттердің консервативті шешім қабылдауына түсіністікпен қарауымыз керек», дейді ол.

Былтыр Біріккен Араб Әмірліктері өз экономикасының 6,1 пайызға азайғанын мәлімдеген-ді. Шығыс пен Батысты байланыстырушы маңызды көпір ретінде БАӘ бұл шығынның орнын толтыру үшін әуе саяхатына рұқсат беру керек деген ойда.

«Біз авиацияға тәуелдіміз. Өйткені ІЖӨ-нің 35 пайызы саяхат пен туризмге тиесілі. Сондықтан мұның өте үлкен әрі теріс салдары болуы ғажап емес. Пандемияға дейін 8 500 азаматты жұмыспен қамтыдық. Қазір жұмыскерлер саны – 2 500 ғана. Бұл тек экономика емес, отбасылар үшін де ауыр жағдай. Сондықтан бұрынғы қалыпқа қайта оралу маңызды», дейді Гриффитс.

Сонымен қатар ол әуе саяхаты қайта жанданған жағ­дайда мемлекеттер елге кіру шарттарын қарастыруы керек­тігін айтты. Бұл – әуе компаниялары үшін де маңызды мәселе. «Вакцина паспорты – әлем бойынша кедергісіз саяхаттаудың ең оңай әрі қарапайым жолы болмақ», деп қорытындылады Дубай әуежайының басшысы.