Азаматтар коронавирус инфекциясын жұқтырған және пневмонияға шалдыққан жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы мәртебесіне қарамастан медициналық көмекті тегін алады. Қор індетпен күрес бойынша іс-шараларды қаржыландыруға 71,6 млрд теңге бағыттады.
– Індетпен күрес кезінде медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен ПТР-зерттеулерге қолжетімділік қаншалықты артқанын атап өткім келеді. Өткен жылы шамамен 1,9 млн ПТР-тест жүргізілсе, осы жылдың алғашқы үш айында КВИ вирусын анықтауға 1,3 млн зерттеу қаржыландырылды. Сондай-ақ қор былтыр мобильді бригаданың 550 мың көмегін қаржыландырды, ал биыл тек бірінші тоқсанда коронавирус белгілері бар пациенттерге жарты млн-нан аса көмек көрсетілді, – деді Б.Төкежанов.
1 тоқсанның қорытындысына тоқталған қор басшысы коронавируспен күреске бөлінген бюджеттің негізгі сомасы алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы төлеуге қарастырылғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, қаңтарда 50,5 мың медицина қызметкері 13,9 млрд теңге сомасында үстемеақы, ақпанда 51,7 мың медицина қызметкері 13,8 млрд теңге сомасында үстемеақы алды. Ал наурыз айында 53,2 мың қызметкерге берілген төлемдер сомасы 14,7 млрд теңгені құрады. Осы үстемеақылар арқылы инфекциялық стационарлардағы кейбір дәрігерлердің жалақысы 1 млн теңгеге жетті.
Қор жұмысының бір бағыты – халықпен кері байланыс орнату және пациенттердің құқықтарын қорғау. Бұл ретте шағымдар мен ұсыныс-тілектерге баса көңіл бөлінеді. Шағымдардың
35,7%-ы медициналық көмек көрсетуден бас тарту,
20,3%-ы көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы, 10,7%-ы ақылы негізде ТМККК және МӘМС кіретін қызметтерді алуға жолдау, 10,6%-ы ақпараттық жүйелерде нақты көрсетілмеген қызметтерді анықтау, 8,5%-ы дәрілік препараттармен қамтамасыз етуден бас тарту турасында болған.
– 1 тоқсанның қорытындысы бойынша қор сарапшылары 203,6 мың ақауды анықтады, айыппұлдарды есепке алғанда 3,5 млрд теңге сомасын құрады. Анықталған ақаулардың ішінде 29,3 млн теңге сомасына 3 823 жағдай жалған есеп деп аталатын көрсетілмеген қызметтерді құрайды. Биылдан бастап мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін қор мониторингтің жаңа түрі проактивті мониторингті енгізді. Енді ақау анықталған жағдайда қорытындыға қол қойылған күннен бастап 45 күнтізбелік күн ішінде мәселе шешілуі керек. Көрсетілген мерзімде ақаулар жойылмаған жағдайда айыппұлдар қарастырылған, – деді ӘМСҚ басшысы.
Б.Төкежановтың айтуынша, 2021 жылға арналған сатып алу жоспары бойынша халыққа медициналық көмек көрсетуге 1,8 трлн теңге, оның ішінде ТМККК-ке 1,1 трлн теңге, МӘМС-ке 700 млрд теңге қарастырылған.
Қор 2021 жылы амбулаториялық-емханалық және стационарды алмастыратын көмекті, ауылдық денсаулық сақтауды, қашықтан көрсетілетін медициналық көмекті, профилактикалық тексерулерді, мейірбикелік көмекті және патронаждық қызметті қаржыландыруды ұлғайтады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалту, ЭКО және «Қамқорлық» квоталарын ұлғайту бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламаларын іске асыру қор тарапынан толық қаржыландырылады. Сонымен қатар антенаталды бақылауды жүргізуге қосымша 29,7 млрд теңге бөлінген, 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге – 12 млрд теңге, сондай-ақ мектеп медицинасын дамытуға 22,5 млрд теңге бөлінді.
Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін өткен жылы 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Биыл барлық ауыл тұрғынына 149 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Оның ішінде бейінді мамандардың консультацияларын алу, скринингтен, диагностикадан өту, зертханалық талдаулар жасату, вакцина салдыру, ауруханаға жатқызуға жолдама алу және медициналық көмектің басқа да түрлерін алуға болады. Бірінші тоқсанда «жылжымалы емханалар» деп аталатын мобильді медициналық кешендер арқылы ауыл тұрғындарына 231,9 млн теңгеге 120 мың медициналық қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар Болат Төкежанов мақсатты топтағы пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін айтты. 2021 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 152,4 млрд теңге бөлініпті.