Қазақстан • 17 Мамыр, 2021

Алматы облысында марал атқан азамат ұсталды

504 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттің еліміздегі флора, фауна және жануарлар әлемін сақтау туралы Жарлығын іске асыру мақсатында ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Жалаңаш» шекара бөлімінің аумағында бірнеше арнайы шекаралық операция өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы облысында марал атқан азамат ұсталды

Іс-шараға жергілікті тұрғындардан жасақталған еріктілер тартылды.

Осындай іс-шаралардың бірінде «Тосқауыл» шекара наряды заңсыз аң аулаған азаматты ұстады. 9 мамыр күні кешкі 19:30-дар шамасында болған құрықтау операциясына «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері де қатысты.

«Қазақ-қырғыз шекарасының бойында жатқан «Көлсай көлдерінің» аумағын күзету міндеті жүктелген «Жалаңаш» шекаралық бөлімінің учаскесіндегі Майбұлақ елді мекенінің аумағында қолға түскен аңшыдан тіркелмеген «Оптикалы Блайзер» маркілі қаруы мен оның 20 оқ-дәрісі тәркіленді. Сондай-ақ көліктің артқы жүк салғышынан маралдың еті мен мүйіздері шықты», дейді ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі Тамара Дәулетбаева.

Шекара наряды тәркілеген заттар айғақ ретінде Кеген аудандық полиция бөліміне тапсырылды. Кейіннен белгілі болғандай, шекарашылардың құрығынан құтылып кете алмаған азамат маралды өзі атып, сойып алғанын мойындады.

«Көздің жауын алатын сұлулығымен талайларды тамсандырған Көлсайдың маңайы көктем шыға демалушыларға толып кетеді. Алайда шекара аумағы саналғандықтан, мұнда келушілердің құжаттарын тексеру – шекарашылардың басты міндеті. Бұл – ең алдымен еліміздің табиғат аясында сұқ көздерден қорғауға тигізер пайдасы ұшан-теңіз», дейді Тамара Дәулетбаева.