Қоғам • 17 Мамыр, 2021

Алматыда қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды

1110 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласында танымал адамдар жарнамалаған ірі қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы қолға түсті. Бұл туралы Алматы қалалық полиция басқармасы бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды

«Ұсталған К. есімді азамат 1982 жылы туған. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша қылмыс жасады деп айып тағылды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды», деп жазды Рүстем Әбдірахманов Facebook-тегі парақшасында.

Ол бір топ азаматтың Алматы қалалық полиция департаментіне қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша «ASTEX.KZ» ЖШС, «ACD technology» ЖШС және «MUDARABAN Capital» ЖШС басшыларына қатысты ұжымдық өтініш түсіргенін айтты.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында 2019 жылдың ақпанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС-лардың лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысуға талап етілген қаражатты тарату мақсатында бірлескен қызмет туралы келісімшарттар жасағаны белгілі болды. Екіжақты құжатқа сәйкес фирмалар ай сайын әр салымшыға салынған жарна сомасының 20% төлеп отыруы керек болған», деді басқарма басшысының орынбасары.

Оған қоса, 160 салымшының «ASTEX.KZ» ЖШС-дегі шамамен 1 миллиард теңге көлеміндегі қаражаты оның агент компаниясы «MUDARABAN CAPITAL» ЖШС арқылы аударылғаны анықталды.

Сонымен қатар қаржы пирамидасын құрып, басқарғаны үшін 47 жастағы ер адам күдікке ілінді. Оны ұстау үшін жедел-тергеу іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Соталды тергеу Алматы қаласы ДП Тергеу басқармасының тергеушілеріне жүктелген.