Өнер • 17 Мамыр, 2021

Мейірім екен ғой

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сұм соғыстан адам санасына түскен тыртықтар аз емес. Әсіресе миллиондаған тағдырларды тас-талқан еткен Екінші дүниежүзілік қырғынның адамзатқа тигізген қыруар залалын айтып тауысу мүмкін емес. Бірақ біз соғыс дегенде тек бірыңғай қатыгездікті елестетіп кетпеуіміз де керек сияқты. Кейде қаулап жанған қызыл өрттің ішінен де ізгілік іздерін көруге болады. Суретші Шавкат Гафуровтың «Қырық бесте гүлдеген алмалар» («Яблоки 1945-го») атты картинасы бізді осы ойға жетелеп әкетті...

Мейірім екен ғой

Жер шарының әлдебір нүктесінде әлдебір тиран миллиондаған адамды қы­рып-жоюға қаһарлана жарлық шашып, қара мөрін қанға малып жатады. Ал енді тура сол жер шарының келесі бір нүктесінде сол қырғыннан қан жұтып, ата-анасынан жас­тай айрылған тұл жетімдерді қарапайым ұста асырап алуға бара жатады.

Аталған картина – өзбек суретшісі Ш.Га­фуровтың ерекше туындыларының бірі. Ерек­ше дейтініміз, қылқалам шебері сом­даған кейіпкерлер өмірде болған талайлы тағ­дыр иелері. Тәшкенттік қарапайым ұста Шамах­мұд өмірде болған адам екен. Соғыс жыл­дарында әйелі екеуі жетім қа­л­ған 14 баланы асырап алған үлкен жүрек­ті жандар. Статистикаға сүйенсек, Екін­ші дүниежүзілік соғыста Өзбекстанға 4 мың­дай жетім бала эвакуацияланған деген дерек бар. Әлбетте, оның түгелі дерлік жетім.

Шамахмұдтың өз кіндігінен бала болма­ған. Ең бірінші баланы асырап алғанда оның жасы 53-те, ал қосағының жасы 40-та болса керек. Ізгілік иелері жетім жүрек­терге біртіндеп жылу сыйлай бастайды. 1943 жылы Шамахмұд ұста 4 баланың әкесі атанады. Соғыс аяқталғанша олар 14 балаға үміт шырағын сыйлайды. Айрықша айта кетерлігі, асырап алған балалардың барлығы әртүрлі ұлт өкілдері. Ішінде Хали­ма есімді қазақ қызы да бар. Сол сияқты Рая Мальцева – белорус болса, Малика Исламова – татар, Володя Урусов – орыс.

Жаратушының құдіретінде шек бар ма, Шамах­мұд бірде бес айлық шақалақты асырап алуға тәуекел етеді. Таң қаларлығы – сол күні ұстаның ешқашан құрсақ көтер­меген жары Бахридың төсі иіп, әлгі бес айлық жетім шақалақты емізе бастайды. Әкесі балаға сол күні – Нығмет деп азан шақыртып ат қойдырыпты. Қарапайым ұстаның бұл ерлігі кешікпей бүкіл Одаққа тарап, тіпті майдан даласындағы жауынгерлерге де жетеді.

Шамахмұд бір күні қомақты ақша са­лын­­ған хат алады. Хат майдан даласынан жет­кен. Авторы – лейтенант  Левицкий. Хат­та жазылғандай, лейтенанттың балалары осынау сұм соғыстың кесірінен опат бол­ған екен. Бүгінгі жібергендей соманы ол өле-өлгенше жіберіп тұратынын жаза­ды. Басында Шамахмұд ақшаны алуға ұяла­ды, алайда бірнеше баласынан қатар айрыл­ған әке қасіретін түсінуге тырысып, келі­сім береді. Сөйтеді де Шамахмұд Саша Бры­нин есімді тағы бір баланы асырап алады. Түсінген адамға Саша бірден екі әкелі бола­ды. Біреуі – өзбек ұстасы, екіншісі орыс лей­тенанты.

Шын мәнінде мейірім мезет яки мекен тал­ғамайды. Шамахмұд ұста асырап алған балалардың арасында орыс та, қазақ та, өзбек те, латыш та, украин да, молдаван да, чуваш та бар.

Біз сондай-ақ осы картинаға қарап тұ­рып жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бір ата­ның балаларын» есімізге түсірдік. Атал­ған әңгіменің тағылымы тіпті тереңде. Ата жауы неміс баласын асырап алған қазақ­тың қарапайым қара шалы  бүкіл фашизм­нің тізесін бір ғана ісімен бүктіреді. Қаты­гездіктің қанды басын ізгіліктің аяғына идіреді.

Өзбектің талантты қылқалам ше­бері Шавкат Гафуровта осы идеяны өз шы­ғармашылығына өзек еткен. Шын­дықпен шектескен шығармалар қашанда құн­ды. Шавкат қылқаламы бұл ретте жүректің қылын шертер шын шеберлігімен бізді бірден баурап алды.

Картина 1988 жылы жазылыпты. Сурет­ші Өзбекстандағы театр және көркемөнер институтын тәмамдаған.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20