Қазақстан • 18 Мамыр, 2021

Күзде – халық санағы

418 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. Санақ «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» ұраны аясында ұйымдастырылады. Ұлттық статистика бюросы санақты өткізу процесін автоматтандыру және оған заманауи сандық технологияларды енгізу 2021 жылдың Ұлттық санағының басты жаңалығы болады деп хабарлайды. Биыл азаматтарға сауалдама парақтарын онлайн-режімде өз бетінше толтыру немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктері ұсынылуда.

Күзде – халық санағы

1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды, мұн­да қазақстандықтар 15 қазанға дейін он­лайн-режімде санаққа қатысты барлық сұраққа жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргі­зіледі және ол белгіленген мерзім ішінде
санақтан онлайн-режімде өтпеген респон­денттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы – интер­вьюер­лердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ интервьюерлер үшін қолайлы етіп, олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Санақ кезінде мәлімет жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалдамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпарат­тың қайталанбауына мүмкіндік береді.

 

Сұрақтар аясы кеңіді

2021 жылдың ұлттық санағын жүргізу кезінде Қазақстан азамат­та­рына барлығы 87 сұрақ қойы­лады. Ұлттық статистика бюро­сы­ның хабарлауынша, санақ парақ­тарындағы сұрақтар тізбесі ай­тарлықтай ұлғайтылған.

Мұн­да барлығы 67 сұрақ және оған қо­сымша 20 нақтылаушы сұрақ­тар кірістірілген. Сұрақ­тар­дың ая­­сын кеңейтуге Еуро­палық са­нақ­шылардың 2020 жылғы тұр­­ғын үй қорын және тұр­ғын­дар санағын жүргізу жөнін­дегі ұсыныстары мен ТМД Мем­лекет­аралық статистикалық коми­­теттің әдістемелік материал­дары негіз болды.

Сауалдама 73 сұрақ аясында жүргізілген 2009 жылдың ұлттық санағынан ерекшелігі, 2021 жылдың санағында көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашинг­тон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылды, мұнда мүге­дектік критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақ­тас­тықты кеңейтуге ықпал ету көзделген.

 

Алғаш рет онлайн қатыса алады

Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, 2021 жылдың Ұлттық санағын 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz. арнайы сайтында онлайн режімде респонденттердің өздерінің толтыруы арқылы жүр­гізу жоспарлануда.

Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ың­ғайлы кез келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты тол­тыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жал­ғастыру мүмкіндігі болады. Сонымен қатар egov.kz элек­тронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, бұл арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады. Мобильді азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылатын болады.

 

Сall-орталық жұмыс істейді

2021 жылдың Ұлттық санағы кезінде 1446 бірыңғай call-ор­талығы жұмыс істейді.

1446 – елдің барлық аумағын­дағы мобильді және стацио­нар телефондар үшін бірыңғай нөмір болады. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөмірі жұмыс істейді. Сall-орта­лыққа қоңырау шалу тегін.

Респондент call-орталыққа 1446 нөмірі бойынша қоңырау шалған кезде кейбір айқын сұрақ­­тар бойын­ша Бюроның ай­мақ­тардағы және Орталық аппа­­раттағы сәйкесті телефон нөмір­леріне автоматты түрде қосулар жүргізіледі. Сонымен қатар респонденттер кез келген арыз-сауал­мен немесе кеңес алу үшін Бюроның http://stat.gov.kz ин­тернет-ресурсына, Бюро бас­шы­­сының блогына, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады.

32 мыңнан астам адам тартылады

Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, уақытша жұ­мысқа келесі талаптарға сәй­кес келетін Қазақстан азаматтары тартылады: жасы 18-ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, компьютермен жұмыс істей алатын, жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қо­йылмайды.

Қазіргі уақытта 17 аймақтан жалпы саны 85 адамнан тұратын ұлттық санақты дайындау және өткізу жөніндегі штаттан тыс бө­лімдер құрылды. Барлық қыз­меткермен еңбек келісімшарты жа­салды, дәрежелеріне бай­ланыс­ты 65-105 мың теңге ара­лығында айлық еңбекақы бел­гіленді. Бұл бөлімдер өз аймақ­тары бойынша санаққа дайындық және өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде, уәкілдердің, нұсқау­шы-бақылаушылардың және ин­тер­вьюерлердің жұмыстарын ба­қы­лауда.

Санақты дайындау және өткізу үшін аудан орталық­та­рындағы және ауылдық округ­тердегі статис­тиканың аумақ­тық бөлімшелерінде ұлт­тық санақты дайындау және өткізу бойынша 997 нұсқаушы (уәкілдер) жұмысқа тартылады. Уәкілдердің еңбекақысы 85 477 теңгені құрайды, сондай-ақ ай­лықтың 10% мөлшерінде жалақыға үстеме қарастырылған.

Нұсқаушылардың міндетіне дайындық іс-шараларын өт­кізу кіреді: санақтың жүр­гі­зілуін БАҚ-та жариялауды ұйым­­дас­тыру; санақ қызмет­керлерін таңдау, оларды оқы­ту және үй­лестіру бойын­ша ұйым­дас­тыру жұмыстары; са­нақ­тық аудандас­тыруды (тір­кеу, нұс­қаушылық және есептік учас­келерге бө­лу) құруды қам­та­масыз ету; тұр­ғындар сана­ғын өткізуге қатысу.

Мәліметтер жинау бойынша тікелей жұмыс үшін уақытша 32 313 санақ қызметкерлері: нұс­қаушы-бақылаушылар және интервьюерлер тартылатын болады. Интервьюерлермен және нұс­­қаушы-бақылаушылармен ақы­­лы қызмет көрсету бойынша келісімшарттар жасалады. Ин­тервьюерлердің 1-ші және 2-ші кезеңнің жұмысына ақы төлеу толық көлемде қызмет көр­се­тілген жағдайда 30 күнге 83-104 мың теңгені құрайды. 1-ші және 2-ші кезеңнің нұсқаушы-ба­қылаушыларына толық кө­лемде көрсетілген қызмет үшін 45 күнге 125 014 теңге төлеу жос­парлануда.