Қазақстан • 18 Мамыр, 2021

Қандастар өз ортамызға оралды

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атакүлдікке жету, өз Отанының нығаюына еңбек етіп, ұрпағын ағайын арасын қосу – елжанды қазақтың арманы. Түрікменстандағы қандастардың да туған елге табан тіреуді армандағанына біраз жыл болған. Олар Отанына оралуға рұқсат беретін құжатты да сарылып бір жыл күткен-ді.

Қандастар өз ортамызға оралды

Бұған дейін бір лекті – 153 жанды Қазақстанға аттандырып салып, өздеріне келер жақсы күнді күтіп кейін қалған 256 ағайын Маңғыстау топырағына табан тіреді. «Түрікмендемираллары» мемлекеттік агенттігі арқылы мамыр айының 12-і күні Түрік­менбашы стансасынан пойызға отырған ағайындар 13 мамырда шекарадан бері өтіп Қазақстанның «Болашақ» стансасына, одан кейін «Жаңаөзен» қаласына келіп тоқтады. Бұл қуаныш Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму, сондай-ақ Ден­сау­лық сақтау министрліктері және ҰҚК Шекара қызметі, өзге де құзырлы орындар мен ұйым­дардың  ұйымдастыруы, қолдауы арқылы жүзеге асқан болатын.

Әлемде орын алып жатқан індет жағдайына байланысты күтіп алу шарасы барлық санитарлық талаптарға сәйкес өткізілді және медициналық, полицейлік, ком­муналдық, транспорттық қыз­мет­термен қамтамасыз етіл­ді. Кел­ген қандастардың екеуі­нің температурасы 38.2 бол­ған­дықтан, жедел жәрдем қыз­мет­керлерімен провизорлық орта­­лыққа жеткізілді. Дәрігер­лердің тексеруімен бұл екі адамда COVID және пневмания белгілері болмағандықтан үйлеріне қай­тарылды. Жаңаөзен темір жол вок­залынан ән-күймен, шашумен салтанатты жағдайда қарсы алған ұйымдастырушылар да, ортаға оралған бауырлар да мәз.

Қандастардың қалауы бойынша 66 адамнан тұратын 18 отбасы Жаңаөзен қаласына, 105 адамы бар 30 отбасы Ақтау қаласына, 53 мүшесі бар 14 отбасы Мұнайлы ауданына қоныс тепсе, 8 адамы бар үш отбасы Алматы облысына, 14 адамы бар 5 отбасы Жамбыл облысына қарай көш бетін бұрмақ.

«Елге ел қосылса – құт» дегендей, қандастардың атажұртқа оралуы – олар үшін ғана емес, біз  үшін де үлкен қуаныш.

 

Маңғыстау облысы