Руханият • 18 Мамыр, 2021

Әлем мәдениетінің тағылымды тұлғасы

520 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Рухты жырлары, терең зерттеулерімен әлемді мойындатқан айтулы тұлға, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, лингвист-зерттеуші, түрколог, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85 жасқа толған мерейтойына орай ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы  және Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен халықаралық конференция өтті. «Танып-біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып: Олжас және мәдениеттерді жақындастыру» деп аталған келелі басқосуға қабырғалы қаламгердің азаматтық қыры мен шығармашылық сыры кеңінен арқау болды. 

Әлем мәдениетінің тағылымды тұлғасы

Жиын шымылдығын ашқан Қазақ­стан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Олжас шығар­машылығы хақында ой тербеп, елші болған кезінде елмен-елді, ал кемеліне кел­ген шағында  әлем мәдениетін жақын­дастырып жүрген тұлғаның  ерен еңбегі жайында баяндады. «Олжас Сүлей­менов елінің отарсыздандыру қолымен жасырылған, өшірілген тари­хына  жүгініп қана қоймай, қатарлас­тары­ның көкірегін оятып,  «Біз кімбіз, қайда барамыз?» деген сұраққа бірге жауап іздеді. Көшпелі өркениет пен мәдени мұ­раға қалдырған ізгілік мектебін қалыптастырды» деген одақ төрағасы қай­рат­кердің өмір белестері мен өнегелі жолы қай кезде де ұрпаққа үлгі бола беретінін  айтты.

Ақынның әлем назарын аударған «Аз и Я» еңбегінің жазылғанына  қырық жыл­дан асса да лингвистер, тарихшылар мен саясаткерлер осы еңбек жайлы әлі күнге пікір таластырып келеді. Тіл тарихын зерттеген жазушы-ғалымның «Мың бір сөз» тағы да басқа көптеген еңбегі бүгінде еліміздің ғана емес әлемдік мұралар тізімінен орын алар туындылар екендігіне талас жоқ. Ақынның «Невада-Семей» қозғалысының құрылуына мұ­рындық болып, қаншама жанға қасірет шек­тірген полигонның жабылуына зор үлес қосуы тарихи ерлік. Қайраткердің елдің саяси өміріне етене ара­ласа жүріп, тарих пен танымға, бабалар жолын зерт­теуге арнаған қолтаңбалары да аз емес.

Олжас Омарұлын мерейлі межесімен онлайн форматта құттықтаған Мәде­ниет және спорт вице-министрі Нұр­ғиса Дәуешов ведомство басшысы Ақтоты Райымқұлованың ыстық лебі­зін  жеткізді. Құттықтауда ақынның шы­ғар­машылығы мен қайраткерлігі хақында айтылып, адамзат дамуына қос­қан үлесі кеңінен сөз етілді. «Олжас Сүлей­меновтің поэ­зиясы – әдебиеттің ғажайып феномені. Жазушы, сыншы Асқар Сүлейменов айтқандай, оның буындары қазақ жерінің ерке самалынан демалып, Махамбет пен Құрманғазы күйінің поэтикалық ырғағын көрсетеді. Олжас Сүлейменов қазақ халқының сан ғасырлық тарихын мұңы мен қуанышын өз өлеңіне арқау ете отырып, адамзат руханиятының дамуына зор үлес қосты» делінген құттықтауда.

Ақынды мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірген Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ ректоры Жан­сейіт Түймебаев қазақ халқының, түр­кі әле­мінің мақтанышына айналған тұлға­ның өлеңдері арқылы әлемдік руханият ауқымын қамтып, халықаралық мінбер­лерде адамзатқа ортақ мәселелерді кө­тер­гендігін, қоғамдағы күрмеуі қиын істерге бейжай қарамай, ұлт мүддесіне қызмет етудегі батыл қадамдары жа­йында ой толғады.  «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Францияның экс-президенті Жак Ширак сіздің өле­ңіңізді оқып, қазақ халқына айрықша құр­мет көрсеткені есімізде. Сексеннің бел ортасына шығып, азаматтық ажары айқын, қайраткерлік келбеті келіскен толымды тұлғаға айналғаныңыз үшін   мың алғыс айтамыз» деп атап өтіп, әлем азаматы деңгейіне көтерілген ақын­­ның рухты жырлары бүгінде мил­лион­даған оқырманның жүрегіне жол тап­қандығына тоқталды.

Олжас Омарұлының мерейтойы ҚазҰУ қалашығында халықаралық турнирмен басталса, ендігі кезекте ақын құрметіне орай аудитория және мұражай бұрышы ашылатын болады.

Қазақ Ұлттық аграрлық универ­ситетінің ректоры Тілектес Есполов  аталған оқу орны студенттерінің Олжас Сүлейменовпен кездесуі ерекше серпін беріп, рух сыйлайды деп атап өтті. Бүгінде университет қабырғасында өтетін дәстүрлі кездесулермен қатар ұйымдастырылып тұратын волейбол турнирінің маңызы бір бөлек. Ал ақын есімімен аталатын әлеуметтік білім институты, «Таза планета»  ғы­лыми-танымдық орталығының студенттер үшін маңызы ерекше. Олжас Омарұлының ауыл балалары оқитын университетке ықыласы ерекше. Өйткені қазақ халқының мәдени болмысы, салты мен дәстүрінің қайнары ауылдары­мызда. Сондықтан да жылдар бойы ел экономикасының күретамырына айнал­ған ауыл балаларымен кездесудің өзін­дік маңызы бар. Бүгінде  «Достық» студенттер ассамблеясы, «Жас ақындар» мек­тебінде  мәдени-рухани бағыттағы маз­мұнды кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

Алматы әкімдігі атынан құттық­тау лебізін білдірген Мәдениет басқар­масының басшысы Ғани Майлыбаев өнегелі өмір иесінің шығармашылығына тоқталды. Сөз орайы келгенде  қалалық әкімдік тарапынан ақын мерейтойына және «Адамға табын, Жер, енді» поэмасының жазылғанына 60 жыл толуына орай  «Күнтізбе-күнделік» жарық көргенін атай кеткен жөн.  Мерейтойлық басылымда ұлы ақынға құрмет ретінде өлеңдерінен үзінділер мен дәйексөздер берілген. Ал жиында сөз алған техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалым­қайыр Мұтанов мерейтой иесін құт­тық­тай келе, ақын қолтаңбасының ерек­­ше­лігі мен тереңдігі хақында ой қоз­ғады.

Әрі қарай конференция жеке сессия­лар бойынша жалғасын тапты. Ал­ғаш­­қы сес­сияның жұмысын ақын, Қазақ­­станның еңбек сіңірген қай­рат­­кері Бақытжан Қана­пиянов жүр­гізді. Конференцияда филология ғы­лым­дарының докторы, профессор, Төтенше және өкілетті елші Мырзатай Жолдасбеков, Ресей Халықтар достығы уни­верситетінің бірінші проректоры, профессор Нұр Қирабаев, Иранның парсы тілі мен әдебиеті академиясының акаде­мигі, профессор Сафар Абдулло, ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орта­лығының ғылыми қызметкері Игорь Круп­ко қатарлы ғалымдар баяндама жасады.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар