Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жарияланып, 17 мамырдағы жағдай бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары тұр. «Сары аймақта» Ақтөбе, Алматы, Павлодар облыстары орналасқан. «Жасыл аймаққа» Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары енді. Бұл ретте Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары «қызылдан» «сары аймаққа», Шымкент қаласы мен Атырау облысы керісінше, «сарыдан» «қызыл аймаққа» ауысып отыр.
Мамандар аталған індеттен арылудың бірден-бір жолы вакцина екенін айтып дабыл қағуда. Жауапты ведомствоның таратқан ақпараты бойынша бүгінде елімізде 1 844 938 адам вакцина салдырған. Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырды. Бұл туралы ол Тwitter-дегі парақшасында жазды.
«Сovid-19 инфекциясына қарсы вакцина салдыртуға кезегім келді. Вакциналар өмірді құтқарып қалады. Оны әлемнің барлық жеріне неғұрлым тезірек жеткізген маңызды. Егер сіздер мен сияқты вакцина қолжетімді елде тұрсаңыздар, кезегіңіз келіп тұрса, вакциналаудан өтіңіз», деп жазды ДДҰ басшысы. Гебрейесустың дәл қандай препарат салдыртқаны туралы нақтыланбады. ДДҰ мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтыру және одан болған өлім оқиғаларының саны соңғы аптада азайған. Еуропа және Жерорта теңізінің аймақтарында жаңа оқиғалар тіркелуі азайғаны байқалып отыр. Ал Оңтүстік-Шығыс Азияда жаңадан ауру жұқтыру оқиғаларының саны 6 пайызға өскен.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та вакцинаның екі дозасын қабылдағанын жазған едік. Бұған қоса депутаттар, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен мұғалімдер, әскери сала қызметкерлері де вакцина алды. Танымал тұлғалар, қоғам белсенділері де қалыс қалған жоқ. Мысалы, жақында елордадағы Әбу-Даби Плаза сауда орталығындағы вакциналау бекетінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының бір топ әртісі вакцина алды. Өнер саласының өкілдерін театр директоры Асхат Маемиров бастап келді.
«Бүгін ерекше күн. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрындағы әріптестерімізбен бірге Әбу-Даби Плаза кешенінде вакцина алдық. Спутник-V вакцинасын алуды дұрыс деп ұйғардық. Біз көрермендермен тікелей жұмыс істейміз, халықтың ортасында жүреміз. Сондықтан әртістерге, өнер адамдарына міндетті түрде сақтану керек», деді театр басшысы.
Ол Спутник-V вакцинасының тиімділігі туралы достары мен әріптестерінен естігенін айтады. Сол ақпараттың шындығына іс жүзінде көз жеткізген театр өкілі қазақстандықтарды вакцина алуға шақырды.
«Қазір ғана алып шықтым. Ешқандай тәнді ауыртатындай әсерін байқаған жоқпын. Израиль, АҚШ, Ұлыбритания сияқты өркениетті елдердің көбі вакцина алуда алға шығып жатыр. Отандастарымды вакцина алуға шақырамын. Өткен ғасырлардың басында да осындай індет тараған кездер болған. Соның бәрін адамзат әртүрлі вакциналарды ойлап тауып, жеңіп отырған. Менің ұғымымда пандемия кезінде ұлтты, мемлекетті сақтаудың бірден-бір жолы – вакцина алу. Өзім бір жыл бұрын осы коронавируспен қатты ауырып жазылғанмын. Сондықтан биыл екінші рет қайталанбауы үшін екпе салдырдым», деді А.Маемиров.
Аталған театрдың жетекші актері, танымал кино актері Асылхан Төлепов те Спутник-V вакцинасын таңдағанын айтты.
«Өздігімнен таңдау жасап, вакцина аламын деген шешімге келдім. Денсаулық керек, күтіну керек. Айналамызға да біздің қауіпсіз болғанымыз қажет. Әрбір іске сын айтпас бұрын бірінші өзіңді түзеу керек қой. Отбасы мүшелерінің арасында ең бірінші мен бастап тұрмын. Мамандардан кеңес алдым, бәрін түсіндірді. Жаңа екпе салған мамандар да вакцинадан кейін үш күн жуынбау керек деген сияқты ережелерін айтып жатыр», деді актер.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан әлеуметтік желіде отандық вакцинаны салдырғанын жазды.
«Мен қазақстандық ғалымдарды қолдаймын және сенемін! QazVac-ты салғыздым. Астанада Әбу-Даби ғимаратында салып жатыр, 2-қабатында. Кезек жоқ, 10 минут ішінде салып жіберді. Тағы 30 минут отырасың, кетесің», деді М.Тайжан.
Бұған дейін хабарланғандай, былтыр жазда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, 2020 жылы желтоқсан айында Президенттің көмекшісі Ерлан Карин, өткен жылдың соңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин отандық вакцинаны салдырған еді. Ал биыл 26 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы отандық вакцинаны ектірген. Жақында елордадағы №9 емханада Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова КВИ-ға қарсы қазақстандық QazCovid-in вакцинасын салдырды. «Ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету үшін бізде халықтың 60% вакциналануы керек. Тек осылай ғана вирустың айналымын тоқтатуға болады», деді комитет басшысы.
Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман коронавируспен күресте вакцина салу оны жеңудің жалғыз жолы екенін алға тартады.
«Ел тұрғындарына вакцинаның үш түрі салынып жатыр. Бұл мутацияға ұшырап жатқан вирусқа қарсы тиімді нәтиже беруде. Десек те, екпе жақсы нәтиже беру үшін халықтың басым бөлігі егілу керек. Егер жеткілікті түрде доза салынбаса, ауруды жеңу қиын болады. Адамдар қаншалықты жылдам вакцина салдырса, соғұрлым тезірек ұжымдық иммунитет қалыптасады. Сондықтан вакцина салдыру коронавируспен күресте өте маңызды болып отыр», деді А.Шарман.
Сонымен қатар ол вакцина адамдарға әртүрлі сипатта әсер етіп жатқанына қатысты жауап берді.
«Вакцина салған соң оның әсері адамның жанына бататындай ауыр болмайды. 24 сағат ішінде дене қызуы көтеріліп, буындар сырқырайды. Бұл кезде дене қызуын түсіретін дәрі қабылдаған дұрыс. Вакцина иммундық жүйені вируспен күресуге жаттықтырады. Мәселен, әдетте біз жаттығу жасаған соң ертеңінде денеміз ауырады ғой, бұл да сол сияқты», деді ол.
Оның айтуынша, вакцина алған соң адам денесінде бірден антидене түзіледі, бірақ коронавируспен күресте ол шешуші рөл атқармайды.
«Бірінші «М» класты антидене пайда болады. Кейін оларды «G» класының антиденесі алмастырады. Олар 14 күн болғанда шарықтау шегіне жетеді де, бәсеңдей береді. Одан кейін ағзадағы антидене титрының көрсеткішіне мән берудің қажеті жоқ. Олар коронавирусты зарарсыздандыруда маңызды рөлге ие, бірақ олар ең бастысы емес. Ол иммундық жүйенің әскері сияқты. Иммундық қорғаныста лимфоциттер маңызды рөлге ие. Олар баяу түзіледі, бірақ коронавируспен күреске анағұрлым дайындалған және күші жоғары. Оны зертханада анықтау өте қиын. Дегенмен вакцина алған соң олар түзіліп, коронавирустың шабуылын күтеді. Яғни коронавирус жұққан жасушаларды өлтіреді», деді Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті.