Тарихы терең Түркістан қаласына 3000 жыл болғандығын деректер арқылы жұртшылыққа жеткізуді мақсат еткен дөңгелек үстел барысында тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев Түркістанның 1500 жылдығын атап өткен кездегі мәліметтер кеңестік дәуір деректері екенін айтып өтті. «Ол кезде елімізде жүргізілген іргелі зерттеулер болған жоқ. Ежелгі Түркістан урбанизациясының өзіндік терең тарихы бар. Демек, біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырда тайпалар осы территорияда өмір сүрген. Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымды ашамыз. Мұнда табылған көне жерлеу рәсімдері мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді», деді Б.Байтанаев.
Алайда археолог, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа Түркістанға 3000 жыл деуге ғылыми негіз жоқ екенін айтады. «Қалалардың жасы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде анықталады. Бұл Түркістанға да қатысты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Әзірет Сұлтан кесенесіне жақын жердегі Күлтөбеде қазба жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде қаланың ең төменгі мәдени қабатының бесінші, алтыншы ғасырларға жататыны анықталды. Осыған сүйене отырып, ғалымдар қаланың жасы 1500 жыл деген қорытынды берді. Археолог, ғалым Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен 2000 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ археологтары Күлтөбенің бір бөлігіне стратиграфиялық шурф салды. Оның нәтижесі қала жасының 2 мың жыл екенін көрсетті. Бұл кезде Түркістанның 1500 жылдығына дайындық жүріп жатқан. Күлтөбедегі қазба жұмыстарын көп жыл бойы белгілі археолог, марқұм Ерболат Смағұлов жүргізген. Ол бертінде қаланың табанында жатқан ең төменгі мәдени қабаттың осыдан 2200 жыл бұрынғыға тән екендігін анықтады. Мұның бәрі де нақты айғақтық жәдігерлермен нақтыланған. Қаланың жасын одан әріге ұзартатындай мәдени қабат табылған жоқ», дейді Мұхтар Қожа. «Ақиқат пікірталастан туады» демекші, ғалымның киелі қаланың жасына қатысты бұдан басқа да айтар өз уәжі мен дәлелді деректері жоқ емес. Бауыржан Байтанаев Түркістанның айналасынан қола дәуіріне тән қорымдардың табылғанын алға тартады. Ал Мұхтар Қожа қорым қала емес, ғылыми тұжырым нақты негізге, айғаққа сүйене отырып жасалатынын, Түркістанның жасы 2200 жыл дегенге материалдар барын айтады. Бұл пікірін Мұхтар Қожа шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен жиында да жеткізіпті. «2000 жылдары осы аймаққа белгілі жазушы, түркі әлемінің мақтанышы Шыңғыс Айтматов келді. Мұражаймен танысып болған соң ол менен мамандығымды сұрады. Менің археолог екендігімді білген соң Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласына 3 мың жыл деген тұжырымға қалай қарайтынымды сұрады. Мен Ош қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысқанымды, қала ортасында 3 мың жылға қатысты мәдени қабаттардың, елді мекен орны барын айттым. Міне, Түркістанның да 3 мың жылдық тарихы барын көрсететін, өзгелердің көзін жеткізетін осындай дәлделдер болуы қажет. Сол дәуірге тән елді мекен орны табылуы тиіс. Ал егер ертең ЮНЕСКО бізден 3000 жылды дәлелдерлік материал сұраса, не көрсетеміз? Қолымызда ештеңе жоқ», дейді археолог ғалым.
Мұхтар Қожа бұған дейін ғылыми еңбектерінде Түркістанның ескі атауы Ясы екендігін, ал тарихтағы Шауғар қаласының орны қазіргі Қарашықта жатқанын жазған болатын. Мысалы, 2000 жылы қаланың мерейтойы кезінде шыққан «Ясы-Түркістан тарихы» атты кітабында тарихи деректерде Ясы ХІІІ ғасырдан белгілі болғанын, сол кезде армян патшасы Гетумның жүрген жолы туралы жазылған қолжазбада Сауран мен Отырардың арасында «Асон» деген қаланың бары келтірілгенін, тарихшылар Асон осы Ясы деген қорытындыға келгенін жазады. Бірақ Ясы ХІІ ғасырда да болған және солай аталған. Мұны сол дәуірде өмір сүрген Ясауи бабамыздың аты-жөні – лақабы дәлелдеп тұр. Сондай-ақ ғалым Түркістанның түркі әлемінің орталығы болғандығын айғақтайтын дәлелдер жөнінде де өз пікірін білдірді.
Күлтөбенің орталық бөлігін қазған кезде археолог Ерболат Смағұлов көне түркі жазуы бар қыш ыдыс тапқан. Бұл жазулар ІХ ғасырдың қабатынан шыққан. Бұған дейін Ескі Сауранның орны – Қаратөбеден осындай көне түркі жазуы бар құмыра шыққан еді. Яғни ІХ ғасырда арабтар жаулап, ислам діні таралды деген күннің өзінде Түркістанның төңірегінде халық түркі жазуын қолданған. Мұқтар Қожа бұл Түркістанның бүкіл түркі мәдениетінің орталығы болғандығының бір ғана дәлелі екенін айтады. Түркі халықтарына Қожа Ахмет Ясауи ортақ тұлға. Түркі халықтарының ислам дінін қабылдауына Ясауи идеясының ықпалы зор болған. Ол исламды өзіндік тілді, ұлттық болмысты сақтай отырып қабылдауға күш салған. Ясауидің еңбектерінде Құдай, Алла сөздерінің орнына Тәңірі деген сөздердің қолданылғаны да содан. Зерттеушілердің айтуынша, Ясауидің сопылық зікірлерінде көне түркілік дәстүрлер байқалады. «Түркістан атауы VII ғасырда пайда болған. Ол түркілер мекені, елі дегенді білдіреді. Алғашқыда оның шекарасы Әмударияға дейін жеткен. Батыстан арабтардың, мұсылмандардың жаулап алу жорықтарынан кейін оның аумағы тарылып, XIV ғасырда Сырдың орта ағысы ғана Түркістан деген атауды сақтап қалған. Басында Түркістан атауы қаланың емес, аймақтың аты болған. Уақыт өте келе XVI-XVII ғасырларда Ясы қаласының аты Түркістанға айналды. Жер шарында Түркістан біреу ғана. Мұндай жер атауы бізден басқа бірде-бір түркі мемлекеттерінде кездеспейді. XVIII ғасырда Түркістанда Қазақ хандарының отырғаны, елшілерді қабылдағаны, хан сайлауы өткені белгілі. Ал Қытай шабуылына қарсы мұсылман елдерінің басшылары одақ құруды талқылайтын күллі қазақ бас қосқан жиынның осы Түркістанда өткені тарихи деректерде көрсетіледі. Қазақ тарихы үшін аса қымбат қала», дейді Мұхтар Қожа.
Бүгінде Түркістанда тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қазір қызу жүруде. Қала өзгерген. Ал тарихи дүниелердің түпнұсқалығын сақтауда бірқатар өзекті мәселе бар. Бұл орайда ғалым асығыстықтың, науқаншылдықтың барын айтады. Жөндеу жұмыстары кезінде бір нәрсені қосып, жаңалық енгізгісі келетіндер де жоқ емес. «Мен 2000 жылдары Отырарда реставрация жұмыстарын жүргізген жапон ғалымдарымен араластым. Олар кез келген нысанның тарихи мәнін жоғалтпай, сол қалпында сақтап қалуға тырысады. Жапондардан осы жағына келгенде үйренетін нәрсе көп. Туристерге де жасанды нәрседен түпнұсқа қызық емес пе?! Ал бізде біраз нәрселерді артық қыламыз деп тыртық қылып жатады. Басқаны былай қойғанда басты байлығымыз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілмеуі керек еді. Мұны уақтысында Өзбекәлі Жәнібековтің өзі айтып кеткен. Себебі көгал болған жер суарылады. Ал мұның бәрі де ылғалдың көбеюіне, жер астындағы су деңгейі көтерілуіне алып келеді. Ал ылғал дегеніңіз ғимараттың нағыз жауы. Ескерткіштің қабырғаларына тұз көтеріліп қышты, ғимарат бөліктерін бұза бастайды. Онсыз да 2000 жылы реставрациялау жүргізу кезінде терең фундамент құйып, кесенеге гидроизоляция жасалмаған. Ауылда қарапайым үй салғанда іргетастың астына қарақағаз төсейді. Мұнда ол да жасалмаған. Астындағы ылғалды осы цемент іргетас сорып, кесененің іргесіндегі қабырғалардан тұз шығып тұр. Отырар қалашығына қатысты да ойланатын мәселелер бар. Заң бойынша тарихи ескерткіштердің орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Ал Отырар қалашығында қақпа, 200-300 метрлік қорғандарды шлакблокпен қалап, сыртын сылап тастаған. Күллі қаланың тарихи пошымын бұзып тұр. Ол жерде ешқашан қорған болмаған», дейді ғалым. Сондай-ақ Мұхтар Қожа Археология институтының қызметкерлері тұрақты жалақымен қамтамасыз етілмегеніне қынжылысын жасырмады. Түймедей дүниелерді түйедей етіп көрсету, арзан сенсация қуу ғылымға, әсіресе, археологияға ешқандай да абырой әпермейді деп есептейді.
Түркістанға 3000 жыл екенін айтушы түркістандық археолог-ғалымдар да баршылық. «Түркістанның жасы 1972-1974 жылдардан бері талқыланып келеді. Қаланың жасын анықтауға бір шурф жеткіліксіз. Мысалы, Қазан қаласына татар ғалымдары 24 жерден шурф салып зерттеген. Былтыр күзде Күлтөбеде қазба жұмыстары жүргізіліп, үшінші шурф нәтижесінде бірқатар жәдігер табылды», деген археолог Марат Тұяқбаев өңірде жүргізілген қазба жұмыстары, тарихи мәліметтер, табылған құнды жәдігерлер Түркістанға 3000 жыл деуге негіз бола алатынын айтады. Сондай-ақ көпшілік арасында Түркістанның жасына қатысты неге дөңгеленген дата, яғни 3000 жыл айтылады, неге 2800 немесе 2775 жыл емес деген сұрақтың туындауы да заңды. Яғни Түркістанның жасы нақтылауды қажет етеді. Қалай болған күнде де бұл мәселенің тоқетерін тарихшы, археолог мамандардың еншісіне қалдырайық.
Түркістан облысы