Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Қалдықты кәдеге жаратты

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысының 1 250 тұрғыны «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, жеке кәсіп ашу мүмкіндігіне ие болып отыр. Олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Мысалы, екі көзі нашар көретін Андрей Зелевский үш жылдан бері тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысады. Таяуда мемлекет грантын ұтып алған Андрей кәсібін кеңейтіп, көзі нашар көретіндердің жүріп-тұруына ыңғайлы тактильді плита өндірісін ашты.

Қалдықты кәдеге жаратты

Көзі әлсіз көретіндерге арналған тактиль­ді плиталар көбіне тротуарларға, жаяу жүр­гін­шілерге арналған жол өткелдеріне, бас­палдақтарға, темір жол бекеттері платформалары мен аялдамаларға төселеді. Мұндай төсеніштердің бетінде зағип жандардың қауіпсіз жүріп-тұруына көмектесетін арнайы бұдыр нүктелері болады. 

Кәсіпкер биыл ісін одан әрі дамытып, қалдықтан құм-полимер тақтатастарын өндіруді бастады. Жас кәсіпкер осыдан төрт жыл бұрын облыстық  кәсіпкерлер пала­тасы жанындағы «Бастау бизнес» курсына жазылған еді. Ондағы  мамандардың көме­гімен өз бастамасын іске асыру үшін мемлекеттен  4,7 млн теңге көлемінде грант алды.

– Ай сайын пластикалық бөтелкелерден, тұрмыстық химия ыдыстарынан екі тонна полимер ұнтағын шығарамын. Таяуда құм-полимерлі плиткалар өндірісін аштым. Көрінген жерде шашылып жатқан қоқыс­ты жарата білсең, кәдеге асады. Пластик қалдықтарынан тактильді тротуар плиткасын шығарып жатырмын. Менің екі көзім де нашар көреді. Сондықтан өзім сияқты зағип жандарға оның қаншалықты қажет және маңызды екенін жақсы білемін, – деді Андрей Зелевский.

Әзірге, цехта  екі адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпкер тағы бір мүгедек кісіні жұмысқа шақырмақ. Андрей енді фосфор ар­қылы күндіз бойына жарық жинап, түнде сәу­ле шашатын төсемтастар шығаруды көз­дейді.

 

Қостанай облысы